Рәмізді қадірлей білеміз бе?
Егер шетелге саяхаттай жүріп, қонақүйге тоқтасаңыз, әкімшілігіне айтып есігінің алдына еліңіздің туын ілдіріп қоюға құқылысыз. Ол «Бұл қонақүйде Қазақстан азаматы тұрады» дегенді білдіреді. Аталған ереже Мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың халықаралық стандартына негізделген.
Облыстық семинарда Мәдениет және ақпарат министрлігі Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова геральдика саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, рәміздер төңірегінде толыққанды ақпарат берді.
– Шетелге жол түсіп, мұқият қарасаңыздар, көптеген ірі қонақүйлердің алдында түрлі мемлекеттердің тулары ілініп тұрады. Бірақ, қазақстандікі жиі байқалмайды. Өзге елге сапарлағанда Қазақстанның Туын ілуін ескерткенімде, көбінде жоқ болып шығады. Ондайда өзім алып барған туды сол қонақүйлерге сыйлап кетемін. Егер барлығымыз барған жерден осыны талап етсек, біздің Туымыз да әлемнің ірі қонақүйлерінде желбіреп тұрар еді. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің айбары. Оны биік ұстап, асқақтату – әрбір азаматтың Отанына сүйіспеншілігінен жүзеге асады, – деп бастады әңгімесін Гүлдана Аргенова.
Басқарма басшысының айтуынша, Заң бойынша мемлекеттік Ту Президентке бағынатын, мемлекеттік және мемлекеттік емес барлық мекемелердің аумақтық бөлімшелерінде ілінуі тиіс. Тіпті, оқушыны оқытып, тәрбиелейтін мектеп, колледждер де патриоттық бағыттағы іс-шараларды жүргізетіндіктен, мемлекеттік рәміздерді көрнекілік ретінде қолдануға міндетті. Сондай-ақ, Ту мемлекеттік бірінші басшы немесе төрағаның оң жағына орналастырылуы керек. Сырттағының матасы жұқа болса, ішке ілінетінінің матасы ине шаншылмайтындай қатты, тығыз болуы тиіс. Ұлттық стандарт бойынша Тудың ені мен ұзындығы 1:2 болса, халықаралық іс-шара өткізілгенде, шет елдер президенттері келгенде ол елдердің тулары біздің рәмізбен бірдей болуы – міндетті.
– Еліміздің ресми өкілі басқа елге барса, Ту сол елдің шартты көлемімен бірдей стандартта болады. Мемлекеттік Туды республика азаматтары да қолдануға құқылы. Мәселен, автокөліктерге, тұрғын үйлердің есік алдына, балкондарға ілуіне рұқсат етіледі, бірақ, ұлттық стандартқа сай болуы тиіс.
Күннің қауырсындары 32 тармақ, қыранның қауырсындары тоғыз-тоғыздан және түсі көгілдір болғаны жөн. Заңда бұрын Қазақстан азаматтары мемлекеттік Туды өз үйінде қалауынша қолдана алады деген бөлім бар болатын. 2020 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, «балконға» деген сөз қосылды. Жерден жоғары орналастырылуы да қатаң бақылауда. Кеш батқан кезде мемлекеттік органдарда рәміздерді жарықтандырылуы тиіс, – дейді Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы.
Семинарда, сондай-ақ, мемлекеттік емес мекеме өкілдерінің назарына қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске» сәйкес, Туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынатыны айтылды. Гүлдана Мәлікқызы семинар барысында осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласы тұрғынының Головкинді қолдау мақсатында өз балконына Туды іліп, жауапқа тартылғанын атап өтті.
– Астаналық тұрғын балконына Туды іліп, оған айыппұл салынғаннан кейін көп азаматтар рәмізді үйде қолданудан қаймығады. Тұрғын үйлерде Мемлекеттік Туды қолдануға болады, алайда, тесіп, жыртып немесе шегемен қағып, ілуге болмайды. Егер ағашқа байланған болса, шешіп алынады. Азаматтар оны тек көліктің ішіне ғана орната алады. Ал елтаңбаны жеке үйде, автокөлікте пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекет басшысының хаттамалық рұқсатымен, Президентті алып жүретін кортеждердегі көліктер ғана сыртына орнатады, – деді Гүлдана Мәлікқызы.
Семинарда облыс аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен білім ордаларының өкілдері мемлекеттік рәміздерді бекітілген заңнама, ереже талаптарына сәйкес қолдану, оларды күтіп ұстау төңірегіндегі сауалдарын жолдады. Мемлекеттік рәміздер сапасына, оны шығарушы компаниялардың жұмысына қатысты сауалдарына жауап алды. Сондай-ақ, әскерилер ұсынысы бойынша Елтаңбаны ауыстыру төңірегіндегі сұрақтар кеңінен талқыланды.
– 2021 жылы сахнада әншілер туды жерге лақтырған кезде үлкен резонанс туындады. Күні кеше Қостанай облысында қатты жел болып, ғимараттың алдында тұрған Елтаңба желмен ұшып жерге түскен кездегі қоғам қарсылығы барлық телеарнаға тарады. Қоғамның мемлекеттік рәміздерге бейжай қарамайтыны бізді қуантады.
Мемлекет басшысы Құрылтайдың комиссия мүшелері Елтаңба жайлы ұсыныс енгізгенін, оны халық талқысына салу міндетті екенін жеткізді. Оны бірден өзгертем деген жоқ. Бірақ, халықтың ұсынысты қолдамайтыны бірден байқалды. Сондықтан, бүгінгі таңда ол тақырып жабылды, – деді Гүлдана Аргенова.
Басқарма басшысы атап өткендей, халық талқысына салынбай, Елтаңбаны ешкім өздігінен өзгерте алмайды. Ұсыныс жолданған күннің өзінде әлеуметтік желі арқылы министрліктің E-otinish бағдарламасына жүзге жақын өтініштер түскен. Олардың қатарында бір отбасының бірнеше мүшелерінен келген өтініштер де кездескен. Осылайша бүкіл отбасының, тегіс қоғамның рәміздерге деген жанашырлығы көрінген.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz