Жаңалықтар

ПВАСС: апаттан Алла сақтасын

О дүниенің бар екені хақ десек те, көзбен көрмеген соң, сену қиын. Ақылымыз жетпейтін құбылыс. Жер асты ма, әлде басқа ма, адамзатқа беймәлім бір тіршіліктің бар екенін білгенімізбен, күнделікті күйбең тіршілік ол жайлы ойлантқан ба?! Тек, өмірдің келеңсіз сәттерінде есімізге түсіріп, бір мезет тәубемізге келуге тырысқанымызбен, қызығына тоймайтын өмір өз ырқымен алып жөнеледі. Бірақ, әр күн сайын жер астына түсіп, сол өзге дүниенің өзіне бармаса да, бер жағынан қайтып жүрген кеншілердің еңбегінің қаншалықты ауыр екені олардың өздеріне ғана аян. Жанкешті тіршілік кешіп, жандарын шүберекке түйіп жүргендердің еңбегі мен өміріне араша болып, «апат болмаса екен» деп тілеп отыратын ұйымның бар екенін біреу білсе, біреу біле қоймас. Кенші еңбегінің қыр-сырын білетін, кез келген оқыс жағдайдың орны толмас оқиғаға әкелетінін де білетін осылар…

Қарағанды көмір бассейніндегі алғашқы кен апатынан құтқару станциясы 1932 жылдың 1-қарашасында құрылған күнінен бастап кеншілердің еңбегін қорғау үшін тәуліктік кезекшілікке түсіп, бүгінгі күнге дейін оны абыроймен атқарып келеді. Алғашқы басшысы, Донбасстан арнайы жіберілген М.Сошников белгілі кенші, құтқару жұмыстарын жетік меңгерген болса, бұл дәстүр әлі күнге сақталған. ПВАСС-тың басшылығынан бастап, екі жасақтан құралған екі жүзге тарта құтқарушысына дейін осы жұмысқа келместен кенші еңбегінің қиындығын көзімен көріп, мойнымен атқарғандар. ПВАСС – орысша атауы, қазақша тәржімалағанда – кәсіптік әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі. Бұл жерде артық сөз бен күлкіге орын жоқ екені есіктен кіргеннен-ақ бірден көзге түседі.

– Көмір қарқынды түрде өндіріле бастаған алпысыншы жылдардан есептесек, апат кездерінде елуден астам құтқарушы қайтыс болған екен, – дейді, жұмысын кеншіліктен кейін, жиырмадан жаңа асқан шағында құтқарушылықтан бастаған директордың жедел-алдын алу жөніндегі орынбасары Жұмат Тельманов.

Шахтада кеншіге де, құтқарушыға да үлкен қауіп – газдан. Өртті болдырмау үшін оқшаулау қызметтерін жүргізу кезінде электровоз жүрмейтін жерлерде 50 келі гипс пен 12 келі респираторды арқалап, бір шақырымға дейінгі жерді тоқтаусыз қазу жұмыстары жүргізіледі екен. Үлкен апат кезінде адам мәйітін іздеп, «қыр үстіне» шығару да құтқарушының тікелей міндеті. Бұл жердегілердің өмірі шахтамен екі ортада ғана өтетін сияқты. Сыртқы дүниеден, бөтен ойдан аулақ. Міндеттері – берілген тапсырманы орындау. Құтқару жұмыстарына жіберілген әр командирдің де алдымен ойлайтыны қоластындағы құтқарушылары мен кеншілердің амандығы ғана. Жұмыстары туралы сұрай қалсаң, «күнде жер астына түсіп жүрген кеншілердің жұмысының қиындығы біздікімен салыстыруға да келмейді. Олардың еңбегі – батырлықтың үлгісі» дейді.

Құтқару жұмыстарымен қатар, апаттың алдын алу үшін жоспар бойынша шахталарға түсіп, газдың мөлшерін анықтап отыратын көшпелі талдау зертханасы да бар.

Шахтада үңгуші, тау-кен шебері болып, құтқарушы жұмысына жан-жақты дайындықпен келген взвод командирі Дмитрий Лизун кенші болу өз алдына, апат кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу өз алдына бөлек дүние дейді.

– Созылмалы апат кездерінде бір айға дейін тоқтаусыз жұмыс жасайтын кездер болады. Сегіз сағат жер астында болып, шамалы демалып, қайтадан жұмысқа кірісіп жүрдік, – дейді құтқарушы Қайыржан Жәкешов.

Бұл жерде арнайы оқу шахтасы, жаттығу полигоны да бар. Кезекшілік кезінде кірпік қақпайтын құтқарушылар үнемі жауынгерлік әзірлікте. Апат айтып келмейді. Кез келген уақытта дабыл қағылса, сақадай-сай тұруы үшін жаттығу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

Кеншілердің еңбегінің қырағы күзетінде ПВАСС-тың директоры Генадий Силинскийден бастап, құтқарушылар, арнайы техника, құтқару жабдықтары, зертхана және медицина бөлімі қызметкерлері тұр. Айта кету керек, тау-кен ісі саласындағы құтқарушылар арасындағы сайыстарда үнемі алдыңғы орында көрінетін қарағандылықтардың биыл да мерейлері үстем болып, бірінші орынға шыққан екен. Енді, Ресейде өтетін жарыста бақтарын сынамақ. Алдыңғы орындардан көрінсе – қарағандылық кеншілердің еңбегі мен өмірінің сенімді қорғалғанының кепілі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button