Ресми

Президент пәрменінен – нақты іске

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуінде қарғын судың салдарын жою бойынша атқарушы органдар тарапына нақты тапсырмалар берді. Қажетті шаралардың орындалу барысы облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды. Бұдан өзге де өзекті тақырыптарға «дүрбі салып» қойсақ деген ниет таныттық…

Суреттер: облыс әкімдігінен

Тасқынға тосқын

Алдымен сөз алған төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов өңірдегі жағдай тұрақты екендігі, барлық өзен-көлдерде су деңгейінің төмендегені байқалатынын хабарлады. Су қоймаларына ағын судың келуі де саябырсыған. Мұны космомониторинг деректері растайды. Артық суды ағызу амалдары Самарқан, Ынтымақ, Шерубай-Нұра су қоймаларында іске асырылды. Нұра және Осакаров аудандарының 9 учаскесіндегі өзендер аумағында мұзды қопсыту әдісімен жарылыс жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағын ұшып өтіп, 5 авиавизуалды зерттеу сараптамасы жүргізілді.

– Иә, баспананы су алу жайттары 20 елдімекенде орын алған. Шет ауданында төтенше жағдай жарияланып, Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна елдімекендерінде кейінгі санақ негізінде 60-қа тарта үйді су басқан. Ақтоғай ауданындағы Абай, Сарытерек, Қарасу, Нармамбет елдімекендерінде де ахуал күрделі болды. Шұғыл шаралар нәтижесінде қауіп сейілді. 8 елдімекен тұрғындарына «Қазавиаспас» тікұшақтарымен қажетті азық-түлік тасымалданды. Бұл орайда «Қазақстан халқына» және «Біз біргеміз» қайырымдылық қорларының үлесін атап өткен абзал. Бүгінде зардап шеккен үйлерді техникалық сараптау мен бағамдау шаралары іске асуда. Тас­қыннан зардап шеккен жұртшылықтың қалыпты өміріне оралуы үшін қолдан келген шұғыл шараларды іске асырудамыз, – деп мәлімдеді Мұрат Қасенұлы.

Жалпы, 2015 жылдан бастап, рес­публикалық Жол картасы аясында әрі облыстық деңгейдегі инженерлік жұмыстар шеңберінде жүйелі негізде атқарылған ілкімді істердің нәтижесінде 274 шақырымға бөгет пен білік тұрғызылып, нығайтылған. 104 шақырым аралығындағы дренаж және су бұру жүйелері қалыпқа келтірілген. Ал, төтенше жағдай жарияланған Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров жағдайдың тұрақталғанын жеткізді. Кешелі-бері зардап шеккен отбасыларға бір реттік материалдық көмек көрсетілген. Зардап шығынын есептеу амалдары жүргізілуде.

Жолдар, жолдар…

Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Кожанов аймақ жолдарының ағымдағы жай-күйіне тоқталды.

– 25 наурыздан бермен қарайғы уақыт аралығында 61 рет судың жол жиегіне шығып кету жайттары және 11 мәрте жолды шайып кету оқиғасы тіркелді. Қазірде мердігерлер күшімен олқылық орнына келуде. Киевка, Қараой елдімекендерін су алмас үшін ондағы автокөлік жолының төсемінің бір бөлігін су ағынын бұру мақсатында оюға тура келді. «Ақсу-Аюлы-Ақтоғай», «Ақадыр-Мойынты», «Ақтау-Бастау» бағыттарындағы жол бөліктері қалпына келтірілді, – деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, бүгінде 8 автожолда қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Оның ішінде бір облыстық маңызы бар, 7 аудандық маңызы бар жол бар. Ендігі жылға тастүйін даярлану үшін 72 учаскеге су өткізгіш жол құбырларын орнатқан маңызды деп ой тұжырды спикер.

Баяндамашылардың мәліметтерін ой елегінен өткізген облыс әкімі бұған дейінгі уақытта тиімді істер легінің атқарылғанын бағамдай келе, әлі де осал нүктелердің барлығына назар аударды. Сондықтан, құзыретті мекемелерге аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, инженерлік жұмыстар жоспарын тағы да жетілдіріп, жаз маусымында іске асыру қажеттігін тапсырды. Екіншіден, барлық бөгет пен гидротехникалық құрылыстар жағдайын тағы бір рет талдап, тексеру қажеттігін, тасқынмен күрес жоспарына енгізу керектігін қаперге салды.

– Үшіншіден, әр ауылды аралап өтіп, ахуалын нақты анықтап, мал басының шығынын есептеу кезек күттірмейді. Апта соңына дейін мал шығынын тайлы-тұяғына дейін толығымен өтеу қажет! Бұдан бөлек, үй жайларының техникалық сараптамасы алынған соң аудан әкімі әр отбасымен бетпе-бет кездесіп, өтем толыққанды төленсін. Салынатын үй салынып, сатып алынар баспана сатып алынады! Мен өзім жұртшылықпен жүздестім. Президент тапсырма берді. Ал, біз оны ойдағыдай орындауға міндеттіміз, – деп қадап айтты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Моноқала мәселесі

Ендігі келелі мәселе Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қалалар мен аудандарды абаттандырумен айналысу. Моноқалаларды дамыту. Республика көлемінде орналасқан 20 моноқаланың 4-еуі Қарағанды облысына тиесілі. Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Абай. Моноқалаларды дамытудың негізгі тетіктері Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында айқындалған. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап, моноқалаларды дамыту бойынша жол картасы іске асырылуда. Бұл турасында облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева кеңірек баяндады. Спикердің сөзінше бүгінде бұл бағытта инфрақұрылымдық және көліктік қамтамасыз етуді, экологиялық жағдайды жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, былтыр ғана экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізілген ауқымды жұмыс нәтижесінде Саран қаласында, 2021 жылы «Saran» индустриялық аймағы іске қосылып, табысын еселеп, бірқатар ірі зәкірлік жобалар іске асырылды. Соңында шаһар Қазақстан Республикасы Экономика Министрлігінің бұйрығымен моноқалалар санатынан ресми негізде шығарылды. Экономиканы әртараптандыруды одан әрі дамыту мақсатында моноқалаларды дамыту және қолдау келесі стратегиялық бағытта өрістеуде.

Алғашқысы, Қарағанды агломерациясы құрамындағы моноқалаларды дамыту арқылы. Аты аталған шаһарлар көліктік қолжетімділікке, өзара байланысқа, бірыңғай еңбек нарығына, өндірістік және әлеуметтік-мәдени функционалдық байланыстарға ие. Моноқалаларда Қарағанды агломерациясы құрамында қала құраушы кәсіпорындармен әріптестікте экономика құрылымын әртараптандыру жөніндегі құралдар қолданылады. Мәселен, 2028 жылға дейін 3,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, болат өндірісін 5 млн. тоннаға дейін ұлғайтып, өндірілетін болат маркалары мен шығарылатын өнім сорттарын кеңейту межесі тұр.

Барлау

Балқаш қаласын дамыту қаланың бе­кітілген Кешенді даму жоспары мен туризм саласындағы әлеуетті ескере отырып жүргізілмек. Қаланың жүйе құраушы кәсіпорны «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдық бөлімшелері. Өсудің жаңа резервтерін қалыптастыру үшін Балқаш қаласы аумағында Кеңқұдық учаскесінде сирек кездесетін металдарға іздеу жұмыс­тары жүргізілуде.

– Моноқалалар экономикасының құ­ры­­лы­мын әртараптандыруға және қала құраушы кәсіпорындармен өзара іс-қимылға келетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерліктің 874 кәсіпорны логистика, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызметтер саласындағы ірі компаниялардың өндірістік және тұтыну қажеттіліктеріне жұмыс істейді. 41 кәсіп­орын локализацияланды және «Qarmet» АҚ мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарымен 85 млрд.теңгеге тиісінше шарттар жасалды, онда 7,1 мың қызметкер жұмыс істейді. Жергілікті мазмұн үлесін дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында былтыр 90 жергілікті тауар өндірушінің 141,4 млрд. теңгеге тапсырысы қамтамасыз етілді, – деп баяндады Татьяна Юрьевна.

Моноқалаларда 857 жұмыс орнын құрумен 56,5 млрд. теңгеге 7 зәкірлік жоба іске асырылуда. Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде биылдан бастап моноқалалар үшін 7%-дық кредиттер бойынша пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Ағымдағы жылы моноқалалардың кәсіпкерлері 1,3 млрд. теңге несие сомасына 19 жаңа жобаға несие алды.

Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстар қала тұрғындарының өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Сонымен қатар, 2025-2026 жылдарға арналған моноқалалардың жобаларын қаржыландыруға 45 млрд. теңгеге жуық қажеттілік бар. Бұл Абай қаласының Шахан кентінде, Теміртау қаласында және Балқаш қаласында магистральдық жылу және кәріз желілерін қайта жаңарту және салуға бағытталмақ.

Инфографиканы жасаған автор

Жоталы жобалар

– Біз үшін экономиканы әртараптандыру – басым міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда біздің қала құраушы компанияның айналасында 200-ден астам шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылды. Оның 50-і – біздің жергілікті Теміртау кәсіпорындары, олар комбинат үшін сұранысқа ие қызметтер мен жұмыстар бойынша тауашаларды алып жатыр. Бұл логистика саласы, металл өңдеу, сервистің алуан түрлері, көлік, – деп қосты Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков. Ол биылғы жылы екі ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр­ғанын айтты: арнайы кокс және тау-кен саласына арналған өнімдер өндіру. Инвес­торларды ақпараттандыру үшін қалада арнайы гид әзірленді.

Бұдан бөлек, Абай ауданында ферроқорытпа өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Болат тегістеу шарларын шығару зауытының құрылысы жоспарланды. Сондай-ақ, Абай тігін фабрикасының өндірісін 20000 киім жиынтығына дейін ұлғайта отырып, кеңейту межесі бар. Балқаш қаласында жүйе құраушы кәсіпорын «Қазақмыс» мыс балқыту зауытында сирек жер металдарын өндіретін жаңа цехтар ашылды. Болашақта күкірт қышқылы цехының 2 тізбегін салу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық өнеркәсіп, индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр хабарлады. Сондай-ақ, Ақтас – 1, Ақтас – 2 кен орындарында алтын өндіру фабрикасының құрылысы туралы мәселе пысықталу үстінде. Сондай-ақ, Шахтинск қаласы бойынша мұнда бос үй-жайлар барлығы, онда өнеркәсіптік аймақ құру мысалында бүгінгі күні аудандастыру мәселесі пысықталуда. Жыл сайын қаржыландыру ұлғаймаса, кемімеді. Моноқалалардың құрылымы бойынша күнделікті даму тек соңғы 5 жылда қаржыландыру көлемі 4 есеге өсті.

– Моноқалаларды кешенді және сараланған түрде дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, инвестициялар тарту үшін жағдай жасау қажет. Өсу нүктелерін іздеңіздер. Жаңа өндірістердің ашылуына ықпал ету қажет. Бұл ретте импортты алмастыратын өндірістерді қолдауды талап ететін, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды назардан тыс қалдырмау керек. Осы тұрғыда белсенді жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ауыз су алаңдатпас үшін

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыр­күйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бес жыл ішінде қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Қойылған міндетке қол жеткізу мақсатында Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Оған сәйкес, су құбыры желілерін салуға және реконструкциялауға қаржы бөлінеді. Облыс халқы 1 135 411 адамды құрайды, бұл ретте халықтың 81%-ы – қала тұрғыны. Тұрғындардың 97,8% сумен қамтамасыз етілген. Бұл турасында Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев хабарлады. Қалаларда сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 2 513,37 шақырымды құраса, тозуы 65,6% көлемінде. Мемлекет басшысының сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ағымдағы жылға барлық көздерден 8 жобаны іске асыруға 4,2 млрд.теңге көзделген. Бөлінген қаражатқа 50 шақырым желіні қайта жаңарту жоспарлануда.

Байлам

Байыбына келгенде, Мемлекет басшысы ұстанған бас бағдары – елдің еңселене түсуі. Жоғарыда келтірілген дерек пен дәйек – ойлы жанға бір азық. «Істің басы – ретін танымақтық» болса, қыруар жұмыстың жүгі мен жігі, бүгі мен шігі айқындалды. Жоспар жолға қойылды. Харекет хәлі бәсең емес. Бағдар бағдаршамдай сайрап тұр. Ел ағалары жұрттың қамын ойлап тұр. Білек сыбанулы, жүрек жұбанулы. Көкжиекке көз жүгіртсек, алдымызда алтынсағыммен астасқан бір-ақ құс жолы із тастайды. Дамудың даңғайыр даңғылы… Кемел келешектің кескін кейпі… Ал, осы арада Сіз бен бізге «тұрлаусыз тұрмысымыз алғаусыз әрі тап-тұйнақтай бола салады» деп ешкім уәде бермеп еді ғой… Демек, қай-қайсымыз болсақ та, қайсарлықтың қайығымен тәуекел айдынына ерік-жігерімізбен жүзіп кетсек болғаны…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button