Полиция – менің қорғаным
2024 жылғы 24 мамырда жеке көлігімізбен отбасымызбен бірге Астанадан Алматыға сапарға шыққан едік. Барлығы бастапқыда ойдағыдай, тыныш әрі қалыпты өтті. Жол бойында да кедергі болмады, жайлы жүріп келе жатқанбыз. Алайда, Балқаш қаласына шамамен 160-200 шақырым қалғанда бәрі күрт өзгерді. Көлігіміз істен шықты. Телефон байланысы әлсіз, тіршілік атаулыдан белгі жоқ. Біз иен жатқан автобанның бір түпкірінде тоқтап қалдық. Маңайда не елдімекен, не жанармай құю бекеті, не бір тынығатын орын көзге түсер емес.

Дәл сол сәтте Қарағанды жақтан бір патрульдік көлік көрінді. Инспекторлар өздері бізді байқаған бойда қасымызға келіп, еш артық сұрақсыз, жылы жүзбен жағдайымызды сұрады. Әуелі тыңдап, іле-шала көлік капотын ашып, ақауды тексерді. Бұл арада бәріміз кәсіби көмек қажеттігін түсіндік. Ал, Балқашқа дейін кем дегенде 150 шақырым алда.
Сонда жол сақшыларының бірі батыл шешім қабылдады. Өзі біздің көлікке отырып, күйеуіме осындай жағдайда қозғалу тәсілін көрсетті. Бұл – көлік тізгініндегі адамға оңай дүние емес. Техникалық қулық пен төзім қатар жүретін сын.
Алғашқы талпыныста көлік от алмай, сәл іркіліп қалдық. Бірақ, бірнеше рет қайталап көріп, ақыры қозғалтқыш іске қосылды. Машина жүре бастады. Сол сәттегі қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын.
Осы аралықта тәртіп сақшылары бізден бір елі алыстамады. Көмек қолын созып қана қоймай, қолдау білдіріп, сабырмен жол сілтеді. Сол беймәлім даланың ортасында біз үшін ең үлкен қауіпсіздік – осы жандардың жанымызда болғаны еді.
Алайда, олардың көмегі мұнымен шектелген жоқ. Патрульдік көлік біраз жолға дейін бізбен қатарласып жүріп отырды. Жолда жалғыз қалдырмай, ілесе еріп, соңғы сәтке дейін бақылап отырды. Бұл – нағыз жанашырлық еді.
Өкінішке қарай, сол сәттің асығыстығынан біз тек патрульдік көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін ғана түсіріп үлгердік – 1904.09, ал, борттық нөмірі – 040. Алғысымызды мың қайталасақ та, есімдерін білмей кеткеніміз ішті ашытты.
Бірақ, Қарағандыдағы таныс журналистердің көмегімен бұл полиция қызметкерлерінің аты-жөнін анықтадық. Олар – Қарағанды облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторлары, аға лейтенанттар Дархан Өсерәліұлы Мұсаев пен Жәнібек Сағындықұлы Әукешов екен.
Көптің ішінде өз міндетін жүрекпен атқаратын мұндай азаматтар барда, ел ішінде сенім мен қауіпсіздікке кепіл бар.
Осындай офицерлердің арқасында халықтың полицияға деген сенімі артады. «Қиын сәтте жалғыз емеспін» деген сенім – қоғамдағы тұрақтылықтың, бірліктің іргетасы.
Біз оларға шын жүректен алғыс айтамыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бұл азаматтардың әрекетін назардан тыс қалдырмай, лайықты түрде марапаттайды деген үмітіміз зор.
Құрметпен, Бақыт және Құралай Мұратовтар