«ПОЛИЦИЯ – билік, ол менің өкілім»
Қылмыспен күресте полиция қызметкерінің өмірі қыл үстінде тұратыны анық. Мәселен, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы мыңға тарта полиция қызметкері қызмет үстінде қайтыс болса, төрт мыңға тарта тәртіп сақшысы жарақат алған. Себебі, олар қызмет борышы бойынша алдымен өздерін емес, өзгені ойлауға міндетті. Олар үшін адам қауіпсіздігі, қоғамдық тыныштық пен тәртіп – алдыңғы орында. Бірақ, өзге үшін өз жанын құрбан еткен полицияның қоғамдағы беделі әлі орныққан жоқ. Солай бола тұра, соңғы жылдары ішкі істер органы қызметкерлерінің арқасында қылмыстың едәуір азайғанын да айту керек. Коронавируспен күресте де жанкештілікпен еңбек етіп жүрген полицияның еңбегі өз алдына.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көшедегі кез келген полицей өзінің өкілі екенін айтып, құқық қорғау жүйесін сынға алып, бұл жүйені жетілдіру керектігін айтқан болатын. «Полиция – билік, ол менің өкілім» деген Нұрсұлтан Әбішұлы «Ішкі істер органдарының жұмысын жаңғырту бойынша жол картасын қабылдау керек. Ол жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асырылуы керек», – деп тапсырма берген болатын. Жол картасы бойынша жаңғыртудың 9 бағыты айқындалды. Олардың қатарында ұйымдастыру-штаттық құрылымды оңтайландыру, еңбекақы төлеу жүйесін және қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғауды оңтайландыру, кадрларды іріктеу және әзірлеу тетігі айқындалды. Одан бөлек, ішкі істер органдарының ведомстволық білім беру саласын жаңғырту, полицияны артық функциялардан арылту, тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа үлгісін, қызметті бағалаудың жаңа талаптарын енгізу, жемқорлыққа жол беретін себептер мен жағдайларды жою, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдарын жаңғырту да бар.
Елбасы тапсырмасы бойынша аталған реформалау әлі де жалғасуда. Бұған дейін 106 бөлім мен 1180 басшылық қызметі қысқартылып, экономикаға 16 млрд. теңге пайда келді. Үнемделген қаражат және Үкімет берген 20 млрд. теңге қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі бері де ішкі істер саласын реформалау тақырыбы жиі көтерілуде. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді» деп атап өтті. Бұл кездейсоқтық емес. Себебі, полиция қызметі халықпен тығыз байланыста. Оның үстіне кейінгі жылдары қызмет барысында қоғамдық қауіпсіздікті бақылап жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің талай жанның өмірін арашалап қалғанына куәміз.
Өткен жылы Қарағандыда көпірден секіріп, өмірмен қош айтысуға тырысқан, көпқабатты үйдің шатырынан секірмекші болғандардың өмірін аман қалып қалған қызметкерлер өздерін ерлік жасады деп есептемейді. «Ол – біздің қызметтік борышымыз, елден ерек ештеңе жасамадым» деп, қайтадан қызметтеріне кіріскен.
– Әдеттегі жұмыс күні болатын. Жанымыздан өтіп бара жатқан көліктегілер көпірден бір қыздың секіргелі тұрғанын айтты. Ресми хабарлама түскенге дейін сол жерге жеттік. Қыздың көңілін аулап, әңгімеге тартып, уақыт ұттым. Осы кезде қасымда болған полиция лейтенанты Аман Әбілда 19 жастағы қызды құлатпай, ұстап қалды, – дейді аға лейтенант Елубай Насруллаев.
Бұл полиция қызметкерлерінің бейбіт күндегі ерлігінің бір парасы ғана. Ал, қылмыстың ізін суытпай ашып, оны сотқа тапсыруда да ішкі істер органы қызметкерлерінің еңбегін тіпті, айтып тауысу мүмкін емес. Күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының еңбегіне көлеңке түсірмеу – өзімізге байланысты емес пе?! Себебі, кейінгі кезде отқа да кіретін, суға да түсетін, суицид жасаймын дегендерді де ажалдан арашалап қалатын да осы полиция. Дегенмен, олардың қызметіне айтылар сын да жеткілікті. Бірақ, сын орынды болғанда ғана келеңсіздік түзеледі. Ал, орынсыз сын полицияның беделін түсірері анық…
Салтанат ІЛИЯШ.