АймақШет

«Поэзия мен проза – қос қанатым»

Кім айтқаны, әрі қайдан оқығанымыз тап қазір еске түспей тұрғаны. «Ауылда тұрып, қазақ әдебиетіне алып шығармалар сыйлаған екі жазушы бар. Бірі – Кәмел Жүніс, екіншісі – Өмір Кәріпұлы» деген бір дуалы ауыздың сөзі санамызда сақталып қалғалы тым ұзақ жыл. Содан да бұл екі алыптың бейнесі – көз алдымызда Мұзарттай мұнартып тұрар еді. Сөз қадірін – өз қадірі дейтін Тұлғалардың алдында абайлап сөйлеп, ақырындап жүруге ұмтылар едік.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кешегі күні сол қос алыптың сыңары – «Алаш» сыйлығының иегері, көрнек­ті қаламгер, ақын-жазушы, ұлағатты ұстаз Өмір Кәріпұлының Шет ауданындағы шығармашылық кеші көпке дейін көпшілік көкейінде қалары хақ. Сол жинақы кештің жүдеу жанға шырай беріп, жабығыңқы көңілдің көгершінін көкке ұшыр­ғанына біз осылайша куә болдық.

Шеттің әдебиет сүйер қауымы шағын мәдениет үйіне жиналғанда абызынан аларын алып қалғысы келгені анық сезілді. Екі алпыс минуттық кездесу көзді-ашып жұмғандай еді. Осы екі сағатта оған келгеннің отырған орнынан тұрып, кетіп қалғанын тағы көрмедік. Көрмедік де, көңіл шіркін одан әрі толқыған. Демек, кеш жүректерді жылытып, көкірегі ояулардың көңіл түпкіріне қонақтаған дестік іштей.

«Арқаның абзал қаламгері» аталған кешке жазушының рухани һәм әдебиеттегі бауырлары, қаламдастары, әрі қатарларстары ат арытып, арнайы келді. Сол тұлғалардың басында «Ғасыр ғұламасы» Темірғали Көкетаев көкеміз бар. Замандастары Диқанбай Биткөзев, Боранбай Жұмкин, Қуанышбек Бектұрсын сынды дария болмыстарымен көркем кешті толтыра түскен. «Алаш» сыйлығының иегері, этнограф-жазушы Төрехан Майбас, ардагер журналист Әли Тойжігіт, өлкетанушы Аңғар Смағұл, сатирик Әдебиет Жұман, ағаштан түйін түйген шебер Қылышбек Құрман, жазуға таласы бар Қалижан Бекқожа, Жұмағали Мағзиев заңғар жазушыға зор құрметтерін білдіруге келгені інінің ағаға деген шалқар пейілі еді.

Ал, осы шығармашылық кешке ұйытқы болған аудан әкімдігі екенін атау ләзім. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров ізгі лебізін білдіріп, сөз алғанда жиналғандардың зор қошемет көрсетуі де сондықтан. Мұхит Сайлауұлы ақсақалын ардақтаған Шет өңірінің ірікпеген ілтипатын паш етерлік жарасымды ізет қылды. Дәл осы кеште жазушының «Бастау» кітабы оқырмандарына жол тартты.

Жазушының қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Орталық Қазақстан» газетімен ежелден рухани байланысы үзілген емес. Осы орайда «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілданың құттықтау хаты табысталса, қазақтың қалыбын бұзбаған дәстүрімен жазушының иығына холдинг атынан шапан жабылды.

Жүрекжарды тілектер мұнымен толас­тамады. Әнмен әдіптеліп, жазушының поэзиясымен көмкерілген кездесуі жылт еткен жылы сәттер жинақталған, талай тамсанып айта жүрер ұлағатты кешке айнала берген.

Сөз кезегі өзіне тигенде Өмір Кәріпұлы жұртына бақыт туралы толғанды. Сексеннің сеңгіріндегі абыз бақыттың қара бастың қамымен емес, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы, бауырдың бүтіндігі, бейбіт күннің берекелігімен өлшенерін есті жанның есіне салып өтті. Атақ-даңқпен бақыттымын деудің бекершілігін айтқан атағы алты Алашқа мәлім жазушының тебіренісі ойлы жанды ойлантқандай-ақ еді.

Поэзия мен прозаға да адалдық танытқанның бірі – Өмір Кәріпұлы екен. Оны өзі де айтады. «Поэзия мен проза – менің қос қанатым» деп. Прозасынан театрландырылған көрініс назарға ұсынылғанда, зал ішін тартып, тыныстай алмай қалғандай күй кешкен. Поэзиясынан өлең оқыған бір топ жас жарқ еткенде, ел екінші рет демін ішіне тартқан. Осыдан соң қос қанаты емес деп көріңіз, дәтіңіз жетсе…

Шетте өткен шағын кеш осынша зор ғанибет сыйлағанын айту – парыз. Жазушыға да, оқырманына да, халқына да. Кеш аяқталып, жұрт шығар есікке бет алған. «Шет, рақмет саған!» деген Төрехан Майбас ағамыздың дауысы саңқ етті. Қадірлісін қастерлей алған, төбесіне көтеріп, төріне шығарған Шет жұртшылығының көл-көсір пейіліне риясыз ризашылық еді бұл…

…Кітап – сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлық, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі десек, жазушыны ел болып ұлықтаудың заңдылығын осыдан соң тағы бір, тағы бір және тағы бір мойындадық.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button