PISA: білімнің өзгеруі – заңдылық
15 жастағы баланың теориялық білімін өмірде қаншалықты қолдана алатындығын тексеру – қоғам үшін өзекті. Сондықтан, заман ағымы белгілі бір мектептің ғана емес, елдің білім беру жүйесінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін PISA тестілеуін маңыздылар қатарына шығарды. Желтоқсанда еліміздегі 1000 білім беру ұйымында мектептерге арналған халықаралық зерттеу өтті. Соңғы жылда тек ҰБТ-ға дайындалумен уақыт өткізетін оқушылардың PISA-ға көзқарасы оң.
PISA деген не?
Оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық бағдарлама (ағылш. Programme for International Student Assessment, PISA) – сынақ алаңы. Әлем елдеріндегі оқушылардың жалпы сауаттылығын анықтайды. Білімді практикада қолдана алу қабілетін де бағалайды. Үш жылда бір өтетіндіктен, тестке 15 жастағы оқушылар қатысады.
– Ата-аналар арасында бұл тестілеуді мектепті тексеру, аттестациялау деп түсінетіндер бар. Бұл – әлем елдерімен біріге отырып, білім сапасын салыстыруға арналған зерттеу. Соңында білім сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстар беріледі, – дейді білім басқармасы мамандары.
Мұғалімдердің сөзіне сүйенсек, оқушылар үшін PISA-ға дайындалу – білім деңгейін әлем оқушыларымен салыстыруға мол мүмкіндік. Ол оқушының күшті әрі әлсіз жақтарын анықтап, мектеп бағдарламасын қаншалықты меңгергенін де байқатады.
– PISA-да интерактивті тапсырмалар бар. Мәселен, белгілі нысанды бақылап, оның қалай жұмыс істейтінін айтуыңыз керек. Аналитикалық сұрақтар да бар. Бірлескен күш-жігермен мәселені шешуді қажет ететін ұжымдық тапсырмалар да болуы мүмкін. Бұл баланың топта жұмыс істей алатындығын көрсетеді, – дейді №101 мектептің мұғалімдері.
Оқу үлгерімі – маңызды
Мектептерге арналған PISA-ны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өткізеді. Қазақстанда «Мектептерге арналған PISA-2023» халықаралық зерттеуі сәтті аяқталды. Оған еліміздегі барлық өңірдің 965 мектебі мен 35 колледжін қоса алғанда 1000 оқу орны қатысты.
– 3 жылдық циклды құрайтын негізгі PISA-дан мектептерге арналған PISA-ның айырмашылығы ол жыл сайын өткізіледі және әрбір жекелеген мектеп деңгейінде нәтижелерді талдауға, жақсартуға болатын нақты бағыттарды анықтап, жеке есептерді алуға мүмкіндік береді. Жан-жақты толықтырылған есептерді мектеп әкімшілігі білім сапасын арттырудың стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдалана алады, – деді Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету саясаты басқармасының басшысы Динара Абылканова.
Бүгінде зерттеу тесттері Аустралия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Испания, Қытайда және әлемнің 14 елінде жүреді. Зерттеу тек білім мен дағдыларды бағалап қоймай, сонымен қатар, елдегі оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін факторды анықтап береді.
Мәселен, ғылымдардың атасы математикадан PISA бойынша алдыңғы қатарлы ел Сингапур саналады. Сондықтан, Канада, Жапония, Финляндия және Эстония елдері бүгінде білім алушыларға жоғары талап қояды.
Сапалы білімге жіті мән бергендіктен, білімге қолжетімділік деңгейі жоғары. Мектепке дейінгі білім алушылардың техникалық бағытты таңдауы үшін оқу мерзімін де ұзартады екен.
Тестілеу қалай жүреді?
PISA халықаралық мониторингі тек 9 сынып оқушылары арасында жүреді. Емтихан түрлі форматтағы тапсырмалардан тұратындықтан, тестілеумен қатар жауап берілуі тиіс сұрақтар да бар. Тапсырмалар үш бағытта жүретіндіктен, жаратылыстану ғылымдары және математика, оқу сауаттылығы ескеріледі.
– Желтоқсанда мектептегі 50 оқушы PISA тестін тапсырды. Гимназия оқушылары жақсы көрсеткіш көрсете алды. Сауалнамаға қатысқан оқушыларға мектеп ортасы туралы бірнеше сұрақтар қойылды. Соның ішінде, сабақ барысындағы тəртіптік ахуал туралы жинақталған мəліметтер де болды. Халықаралық мониторингке дайындық кезінде жасөспірімнің логикалық ойлау, стандартты емес мәселелерді шешу қабілеті бағаланатынына басты назар аудару қажет, – дейді М.Жұмабаев атындағы гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара Уатаева.
Мұғалімнің айтуынша, сыныпта жақсы тәртіп, оқушылар мен мұғалімдер арасында достық қарым-қатынас орнаса, оқушылар тестілеуде жақсы нəтиже көрсетеді.
PISA тестілеуіне Testter.kz платформасы арқылы әркімнің өз бетінше дайындалуына мүмкіндік бар. Арнайы сайт үйден шықпай, емтихан тапсыруға мүмкіндік береді. Сұрақтар мен тесттер мысалдары мониторинг форматымен танысқаннан кейін нәтижені бағалау қалай жүретінін түсінуге көмектеседі. Онлайн дайындық уақытты үнемдейді.
– Қазіргі таңда репетиторлық қызмет немесе курсқа бару – қымбат. PISA тестілеуі шығынсыз дайындалуға да жақсы мүмкіндік. Мұғалім тартып, репетитор жалдап, арнайы курс сатып алудың қажеті жоқ, – дейді 9 сынып оқушысы Айгерім Бекзада.
Оқушының айтуынша, 9 сыныпқа арналған онлайн сынақтан өту – білім деңгейіңді анықтап қоймай, қайталауда қандай тақырыпқа баса назар аудару керектігін түсінуге көп көмек.
Оқушы пікірі – оң
Мемлекет басшысы жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігін атап өткен. Ұлттық тестілеу орталығының деректері түлектердің көпшілігі ҰБТ тапсыру кезінде математика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді таңдайтынын айтады. ҰБТ-ның дұрыс әрі тиімсіз тұсына талай тоқталдық. Осы жолы оқушылардан PISA тестілеуі жайлы сұрап көрдік.
– Мәселен, соңғы жылдары тек ҰБТ-ға дайындалумен уақыт өткізіп, мектеп бағдарламасын кері ысырып қойдық. PISA емтиханын тапсыру – дұрыс қадам. Оны тапсырып алып, икеміңе қарай мамандық таңдайсың. Ізденесің. Жаратылыстану бағытынан көп ұпай жинасаң, соған бейімсің деген ұстаным қалыптасады, – дейді қалалық А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Айгерім.
Қазіргі таңда педагогтер жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқыту үшін үнемі біліктілігін арттырады. Бәсекеге қабілетті бала қалыптастыруда басты үміт – мұғалімде.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz