Бас тақырып

Пирамида: оңай олжа емес

Соңғы екі жылда облыста 3000-ға жуық адам қаржы пирамидаларының құрбанына айналып, 50 миллион теңгеден астам қаржысын желге ұшырған. Құзырлы орган дәл осы ұйымдардың қызметін енді алданбайтындай жіліктеп, жік-жігін көрсетсе де, отқа ұмтылған көзсіз көбелектей, бір қаржы пирамидасының шеті шықса, елпелектей ұмтылған алданушылар саны азаяр емес. Оңай олжа табамын деп, «ауызы аппақ» болғандардың дені, тіпті, арыз жазуды да ар санайды екен. Шынында, қаржы пирамидаларының пайда болғаны кеше ғана емес. Біздің көзімізді ашып көргеніміз – посткеңестік кеңістіктегі миллиондаған салымшының үш миллиард рубльден астам қаражатын жымқырған «МММ» болса, еліміздегі тұңғыш осындай ұйым 1994 жылы құрылған «Смагулов және К». 35 мың алданған салымшы, 600 миллион теңгеден астам берешек. Содан бері дәл осындай ұйымдарға иммунитет пайда қалыптасса керек-ті. Бірақ, олай болмай тұр. «Жұртты жарылқаймын» деген қаржы ұйымдарын түбірімен құрту мүмкін емес. Себебі, алданатын «ақымақ» барда, олардың қарасы батпайды.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

«Танысыңды тарт та, табысқа кенел!»

Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасы басшысы, экономикалық тергеу қызметінің майоры Қуат Ізбанов қаржы пирамидаларының негізгі белгілерін атап көрсетті. Оның бірінші әрі негізгісі – ақшаның нақты көлемін инвестициялау қажеттілігі. Ал, келесісі – салған ақшаның жылдам әрі еселеніп қайтатынына уәде беру. Яғни, ақшаңыздың жылдам қайтуы да, пайызының өсуі өзіңізге байланысты.

Қуат Ғалымұлы қаржы пирамидасының тағы бір белгісін төлем алу үшін таныстарыңды қаражат салуға тарту деп көрсетті. Одан кейінгісі – know how. Яғни, ұйым өз жобасын еш жерде бұрын-соңды болмаған ноу-хау ретінде ұсынады.– Қаржы пирамидасының тағы бір ерекшелігі – компания қаражат жинау қарсаңында ғана тіркеледі. Оның минималды жарғылық капиталы және жалғыз құрылтайшысы болады. Одан бөлек, әлеуметтік желіде белсенді және жарнамасы жер жарады. Түрлі таныстырылымдар көрсетіп, сыйлықтар ұсынады. Ваучер, яғни, тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын құжат ұсынып, пошталарға хабарламалар таратады, – дейді Қуат Ізбасқанов.

Сонымен қатар, қаржы пирамидаларында келісім-шарт болмайтынын, бола қалған күнде ол барлық тәуекелдер клиенттің өзіне жүктелетіндай жасалады және компания өзіне ешқандай жауапкершілік алмайтынын айтады.

– Компания өзін микроқаржы ұйымы немесе несие бюросы, қарызға қарсы бағдарлама, қаржылық қызмет және тағы да басқа ретінде таныстырады. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі беретін лицензиясы болмайды. Олар компанияның банктердегі есеп айырысу шоттарын пайдаланбастан, қолма-қол ақша қабылдайды. Белгілі бір сомаға тауарды немесе қызметті сатып алу немесе қосымша адам тарту – міндетті шарт. Клиенттерге жылжитын немесе жылжымайтын мүлікті нарықтағы төмен бағаға сатып алуды ұсынады, – дейді Қуат Ғалымұлы.

 

«Инвестицияның» соңы – «қу тақыр»

Қуат Ғалымұлы пирамиданы ұйымдастырушылар ақшаны алу үшін неғұрлым күрделі сызбаларды ойлап табатынын айтып отыр. Мәселен, ұзақ мерзімді жобаға инвестициялау. Бұл процеске сәйкес, компания инвестиция тарту үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ал, бағдарламаның ерекшелігі – үш айдан 120 айға дейін тұрақты ақша салып тұру. Одан бөлек, туристік жолдамалар, ұтыс ойындары түріндегі бонустар да болады. Қатысушы ай сайын немесе тоқсан сайын үш-төрт жылға ақша салады.

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар бұдан 20 жыл бұрын өзекті болған сызбаларды қазір пайдаланбайтынын айтады облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші тергеу басқармасы басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Мейірхат Әукешев. Яғни, құқыққа қарсы әрекеттерін жасыру үшін өздерін желілік маркетинг ретінде таныстырады. Осы мақсатта түрлі сертификаттар, зергерлік бұйымдар, косметика таратылады.

– Алаяқтардың тағы бір құйтыр­қы әрекеттерінің бірі – автокөлік немесе басқа да қымбат мүлік алуға ақша жинауға көмектесеміз деп уәде беретінінде. Бұл үшін жинақтау бағдарламасы бойынша ақша салуды талап етеді. Одан бөлек, эксклюзивті клубқа мүшелікке тарту – нақ осы қаржы пирамидасының бір түрі. Круиздерге, экскурсияларға шығамыз деп уәде етеді, – дейді Мейірхат Қапбасұлы.

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бизнесті бастау бойынша тренингтер, маркетингтер, копирайтингтер ұйымдастыратындарға да күмәнмен қарау керек. Бұл ретте алаяқтар кіру жарнасын төлеуге міндеттейді.

Бүгінде алаяқтар ойлап тапқан тағы бір сызба – ол өздерін тұтыну кооперативі ретінде көрсетуі. Яғни, кооператив атын жамылған қаржы пирамидасы пәтер немесе көлік алуда жеңілдетілген шарт ұсынады.

Соның бір жарқын мысалы – Amanat Home инвестициялық пирамидасы. Өздерін тұрғын үй-инвестициялық ұйым ретінде көрсетсе де, құзырлы орган олардың іс-әрекеттері қаржы пирамидасына тән екенін анықтаған.

– Пирамидалардан қорғану үшін алдымен «жеңіл ақша табасың» дегендердің барлығына сақтықпен қарау керек. Ұсыныс жасаған компания туралы интернеттен, немесе құзырлы органдардың сайттарынан тексеруге болады. Ал, егер дәл осындай жағдайға тап болсаңыз, салған ақшаны қайтару оңайға түспейді. Алаяқтарға ақша аударғаныңызды растайтын құжаттар болса, тез арада құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Алданғандардың дені арыз жазбайды. Сөйтіп, алаяқтардың одан әрі өздерінің жымысқы әрекеттерін жалғастыра беруге мүмкіндік береді. Істі жария ету – алаяқпен күресте маңызды, – дейді Мейірхат Әукешев.

 

Қаржы пирамидаларымен күрес

Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерінің айтуынша, соңғы екі жылда қаржы пирамидаларының алдап-арбауына түскен үш мыңнан астам адамға 50 миллионнан астам шығын келтірілген. Бұл – қолда бар деректер. Ал, арыз жазбағандары қаншама.

Бүгінде департамент «Лидер-Капитал-168» микроқаржы ұйымы, «Тендер рассвет», «Луч группы», «Доверие», «Өзіміз ғой!», «Бай life» және тағы да басқа қаржы пирамидаларының жолын кесіп, заңсыз әрекеттеріне тыйым салған. Ал, ұйымдастырушылары қаржылық қызметпен айналысу құқығынан және бас бостандықтарынан айырылған.

Департамент қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты тағы бірнеше істі тергеп-тексеруде. Бірақ, тергеп-тексеру құпиясына байланысты басқа мәлімет бере алмайтынын айтады Мейірхат Әукешев.

Одан бөлек, Қуат Ғалымұлы биылдан интернет-ресурстарды тексеруге болатын «Байқа, пирамида!» тelegram-боты іске қосылғанын жеткізді. Ол азаматтарға қаржы пирамидаларының әрекетінен қорғануға көмектеседі.

– Күмәнді ұйымның қызметін тексеру үшін олардың интернеттегі сілтемесін ботқа енгізсе, жеткілікті. Тәулігіне бес рет сұрау салуға болады, – дейді ол.

Жалпы, Мейірхат Әукешевтің айтуынша, әлемнің отыздан астам елінде қаржы пирамидасына тыйым салынған. Елімізде аталған қызметпен айналысқандар Қылмыстық кодекстің 217, 217-1 баптары бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Одан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

– Қаржы пирамидалары – заман дерті. Қылмыскердің қармағына түсіп қалмау үшін сақ болу керек. Әр қадамды аңдап басқан жөн. Тегін ештеңе жоқ. Қаржы пирамидаларының әрекеті мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, – деді Мейірхат Қапбасұлы.

Қаржы пирамидасына қатыс­ты қылмыстық істі тергеп-тексеру облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құзырында. Ал, егер осындай ұйымнан зардап шеккен болсаңыз, департаменттің 56-70-00 сенім телефонына хабарласуға болады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button