Бас тақырып

ПИК-тен бас тартамыз

Қазақстанда көппәтерлі үйлерді басқару жүйесін түбегейлі реформалау жоспарлануда. Мәжілісте осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірнеше заң жобасы қаралу үстінде. Бұл жаңашылдықтың негізгі мақсаты – елімізде ПИК жүйесінен толық бас тарту.

Сурет: depositphotos.com сайтынан

Нақтылай келгенде, Мәжіліс­те тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын реформалауға арналған үш заң жобасы қаралуда. Оның сап басында тұрғын үй қатынастары, салықтық реттеу және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаларға енгізілетін бірқатар түзетулер бар. Ұсынылған өзгерістер көппәтерлі үйлерді басқару, салық салу және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті айқындайды.

Реформаның басты жаңалықтарының бірі – «жай серіктестік» ұғымының жойылуы. Сондай-ақ, заң жобасында пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) құқықтары мен міндеттері нақты көрсетіліп, олардың болашақтағы мәртебесі айқындалған.

Пәтер иелері басқару процесін өздері таңдай алады. Яғни, басқаруды құрылым төрағасы арқылы өз бетінше жүзеге асыруы, кәсіби басқарушыны жалдауы немесе толықтай қызмет көрсетуші компанияға тапсыруы мүмкін, – деді депутат Нұртай Сабильянов.

Бұдан бөлек, ПИК енді дербес басқару нысаны ретінде қарастырылмайды. Олар бірнеше үйді біріктіріп, ортақ мәселелерді шешуге бағытталған шаруашылық құрылым ретінде ғана жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, заң жобасында тұрғын үйді күтіп-ұстау тарифтерін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыру ұсынылып отыр. Бұл мәселенің мәслихат деңгейінде ұзақ уақыт бойы келісіліп, кейінге шегерілуін болдырмауға бағытталған.

Заң жобалары ПИК пен өзге де басқару құрылымдарына ай сайынғы қаржылық есепті жариялауды міндеттейді. Ашықтықты арттыру мақсатында бұл есептер ақпараттық жүйелерде орналастырылатын болады. Және де тұрғын үй инспекциясының құзыреті кеңейтіледі. Жаңа өзгерістерге сәйкес есепшоттарды уақытылы ашпау және есептілікті ұсынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button