Пенделік популизм немесе жиған-тергеніңді тойға шаш
15 наурыздан бері елде той тойлауға тыйым салынғаны сауықшыл ағайынның біраз жоспарын бұзды. Негізі, той өткізуді жоспарлап отырғандардың қарасы көп еді.
Той жасамай-ақ АХАЖ-дан неке қидырумен бүкіл мейрамға нүкте қойып, үй сатып алып, көлік мінген жастарды да көз көрді. Жиған-тергенді тойға шашқанды жақсы көрген болсақ та, карантин уақытындағы ақшаға үнемшілдік ысырыпқа тосқауыл болғаны рас.
Бүгінгі қоғамда адамның табатын табыс көзіне сәйкес келмейтін шығындармен өмір сүруі әдетке айналды. Осының кесірінен жоғары деңгейде той жасай алмай, «ұятқа қалғанша» несие алып, кепілге қойған дүниеден айырылуды дұрыс деп білетін отбасылардың саны артты. Ал, өзіңді түбінде құрдымға жіберетін бос мақтан мен артық ысырап кімге керек еді?
Той орталықтарының мәліметінше, Қарағанды өңірінде жоғары көрсеткішпен алғанда жаз бойы 500-ге жуық той өтеді. Сол 500 тойдың иесі той өткізуге жұмсайтын қаражатқа 5 қабатты үлкен үйдің барлық пәтерін несиесіз алуға болады екен. Осылайша үй алу үшін ортақ қазанға үнемдеу арқылы қаржы жиған жастар арасында ажырасу деңгейі төмен екенін айтады мамандар. Өйткені, жалпы жыл бойы некеге тұрғандарды 1000 деп алсақ, оның 500-ге жуығы жыл өтпей ажырасып кетеді екен. Оған себеп – жастардың баспанасыз жүруі. Ажырасу жөнінде Қазыбек би ауданына қарасты АХАЖ бөліміне қоңырау шалдық. Бөлім мамандары ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, биылғы карантин басталғанға дейін 598 неке тіркелген. Соның 218-і ажырасқандар санатына қосылып үлгеріпті. Ажырасудан алдына қара салмай тұрған үштікті Алматы қаласы мен Алматы облысынан кейін Қарағанды облысы түйіндеп тұр. Әрине, ажырасқан соң ата-ананың жиыптеріп той жасағаны бос әурешілік боп қалғаны сөзсіз. Бірақ, осыны ойлап қысылатын жастар аз…
– Бүкіл қаржыны тойға шашып, жақсылап өткізіп алған соң, баспана жоқ деп отыратындарды түсінбеймін. Шаңырақ көтергендер баспаналы болу көп жағдайда қол жеткізбейтін арман екенін жақсы біле тұра, үнемдемейтіні қызық. Жылдар бойы пәтерден-пәтерге көшу оңай емес, оны жағалаған соң ақша жинау мүмкін емес. Біз той жасаудан саналы түрде бас тарттық. Қаржымызға үй мен көлік алдық. Қазір өз үйімізде тұрып жатырмыз, –дейді қарағандылық Аружан мен Алдияр.
Өкінішке орай көп жастар Аружан мен Алдияр сияқты ойламайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері жиған-тергенді үнемдесе, үй алуға 100 пайыз мүмкіндік бар екенін айтады.
– Өткен аптада кеңсеге 12 миллион ға екі бөлмелі үй алғысы келген жастар келді. Тойға деп жиған қаржының 5 млн. теңгесін алдын ала төлем бойынша банкке беріп, үй алды. 5 пайыз жеңілдікпен айына 120 мың теңгеден төлеуді таңдады. Бізден қолдау күтіп келгендерге жиған-тергеніңді бір күнгі тойға шашқанша, баспаналы бол деп дұрыс кеңес береміз, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілі Бейбіткүл Ералиқызы.
Психологтардың пікірінше, бүгінгі таңда қазаққа қуаныш сыйлайтын дүние азайып барады. Керісінше адамның жанын уайымға салатын дүниелер жетіп-артылады екен. Оның бір себебі – үнемдемеу болса, шүкір мен тәубенің аздығы да адамның жанын жай таптырмайды екен. «Мәселен, Қарағандыда аты мен заты дардай 200-500 адамдық тойханалар салғанша, бөлінген ақшаны жастардың баспаналы болуына жұмсап сауапты іс жасаса, сол мың жылдар бойы көптің аузында жүреді» дегенді айтады ел. Десек те, той міндетті түрде қымбат мейрамханада өтуі керек дейтін жастар да жоқ емес.
– Ата-енемізден бөлек қалада пəтер жалдап тұрамыз. Күйеуім тойға дейін үйдегілерге қомақты қаржы жинап берейік дейді. Бірақ, бізге де ақшаның жетіп жатқаны шамалы, барынша үнемдеуге тырыссақ та, артылып жатқан жоқ. Екеумізде ортақ 55 мыңдай несие бар. Мен – 90 мың, ал жолдасым – 45 мың алады. Маған «ақшаны үнемде», деп айтқанда, өзімді тек табыс көзі сезінемін, – дейді Самал.
Ал, мешітте некесін қиған Гүлнұр мен Бекболат көп адам шақырып той жасаудың керегі жоқ деген ортақ шешімге келіпті. Жастар әкелерінің батасын алып, некелескен. «Ата-анамыз тойға 6 миллионға жуық қаржы жинадық, жоғары деңгейде өткіземіз, арзан той жасау ешкімге тиімді емес деді. Қазіргі таңда тойға шақырылған әр қонақ ұлы қуанышқа екі жастың жақсылығына ортақтасу үшін емес, туған-туыстар мен достар арасындағы алыс-берісті тамашалау үшін келеді. 6 млн. теңгені бізге беріңіздер, кәсіп ашайық, үй алайық деп ұсыныс айттық. Қарсы болған жоқ», – дегенді атап өтті Әлішер.
Той жасамаған жастар көптің аузында жүреміз деген популистікке салынып той өткізетіндердің қаптап кеткенін айтады. Тойдан үнемдесеңші дегеніңізбен, әрбір тойшыл қауымның көкейін бай көріну синдромы тесіп тұрады. Дүркіретіп бір той өткіздім деп ғұмыр бойы бай боп көріну мүмкін бе? Жалпы, бақыттан бұрын бай көрінуді ойлаған қалай болар екен өзі?!.
Аяулым СОВЕТ.