Пейілі кең, көңілі көл досым
Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист Серік Сексенұлы – 75 жаста

Біз Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің күндізгі бөліміне 1972 жылы еліміздің әр қиырынан арман қуып келген елу қыз-жігіт едік. Бес жыл білім теңізінде романтика кемесімен жүздік. Бес жылда сырымыз да, жырымыз да бір болды. Бес жылда бастан кешірген шуақты шаттықтар, туған жерінен, ата-анасынан алыстағанда кездесетін алғашқы қиындықтар бізді бірге туғандай табыстырды, бір үйдің баласындай ұйыстырды. Жолдастығымыз жарасты. Достығымыз дәуірледі. Бірлігіміз бекіді. Курстастар – туыстастарға, достарға айналды.
Курсымызда студенттік жылдардың өзінде-ақ есімдері елге таныла бастағандары бар еді. Мысал үшін айтсақ, керемет дауысы әлі күнге халқының құлағында тербеліп тұрған, тыңдарманын тамсандырған әнші Жәнібек Кәрменов, телевизия жұлдызы Нұртілеу Иманғалиұлы, ақын, баспагер Мылтықбай Ерімбет, суырыпсалма ақындықтың ақтаңгері, Қазақстанның алғашқы халық ақыны Қонысбай Әбіл (бұл төрт боздағымыз да бүгінде арамызда жоқ), жауһар жырдың дүлдүлі, республика мемлекеттік сыйлығының иегері, өлеңдері жұрт аузынан түспейтін Ұлықбек Есдәулет, танымал журналист-жазушы Тілекқабыл Боранғалиұлы, фантастикалық шығармалары елу томнан асқан, бұл жанрдағы сирек те бірегей жазушы Жүніс Сахитегі, танымал жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбай, қырық жыл бойы қазақтың біртуар ұлы Д.Қонаевты мәңгі тақырыбы етіп жазып келе жатқан Ораз Қауғабай, ғалым-дипломат Серікқали Байменше, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбеков… ел жадындағы тізім осылай жалғасып кете береді.
Ал, енді аттары аталған осы курстастарымыздың арасынан Серік Сексеновке арнайы тоқталудың мүмкіндігі келіп-ақ тұр. Бүгінде Қарағанды қаласында тұратын, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған осы курстасым телефон соғып, өзінің 75 жылдығын және жұбайы Ғалияшпен шаңырақ құрғанының 50 жылдығын атап өткелі жатқанын айтып, сол қуаныштарына мені және астаналық басқа да бірге оқыған жолдастарын шақырып отырғанын жеткізді.
Бұған, әрине, қуанасың ғой. Өмірдің сан тарау жолдарынан өткен кешегі бозбала ондаған жылдарды артқа тастап, бүгінде балалы-шағалы, немере-шөберелі болып, ата-әже ауылына бет бұрып, жұбайы Ғалияш екеуінің мәре-сәре күйдегі шат-шадыман сәттерін көрудің өзі бір ғанибет емес пе?! Осындай тәубе дәрежесіне жете алмай кеткен жолдастарымыз қаншама?! Сондықтан барамыз, тойлаймыз деп тілектестігімді де білдіріп жатырмын.
Бір есептен оқу бітіргелі бері өткен 48 жылдың ішінде бір-екі-ақ рет жүз көріскен доспен қауышудың тағы да сәті түсейін деп тұрғаны да жақсы болды деп ойлайсың. Себебі оқу бітіргеннен кейін бәріміз жан-жаққа тарап кеттік емес пе?! Мен Алматыда қалдым. Телерадиокомитетте, Орталық Комитеттің журналында, Президент пен Министрлер Кабинетінің, Парламенттің аппараттарында түрлі жұмыстар атқарып, Астанаға қоныс аударып, осы арадан зейнетке шықтым.
Айтпақшы, Алматыда қызметте жүрген кезімде қызмет бабымен қалада қалған курстас достармен араласып тұрдық. Солардың арасында қуақы тілді Қуандық досым (бүгінде ол танымал жазушы) ойынан шығарып неше түрлі әзілдер айтудың шебері еді. Сол әдетімен бірде: «Орынбек Қарағандының облыстық газетінде жұмыс істейтін Серік Сексеновке қоңырау шалып: «Бұл Орталық Комитеттің органы «Қазақстан коммунисінен» Орынбек Жолдыбаев қой» десе, Серік: «Жолдыбаев болсаң қайтейін» деп телефонның тұтқасын тастап жіберіпті», – деп қалжыңдап жұртты ду күлдіретін. Алайда, ондай оқиға болмаса да, Қуандықтың тігісін жатқыза айтқан қалжыңы болған жағдай сияқты елестеп, жұрт мәз болатын.
Міне, сол доспен Астанаға қоныс аударғаннан кейін біраз жыл өткенде жолықтық. Шынын айтқанда, Арқа жерінде тіршілік етіп жатқанымызға екі онжылдықтан асып кетсе де Астанаға тиіп тұрған Қарағандыға беріге дейін жолым түспепті. Қайбір жылы телефон соққанымда Павлодар облысындағы Мәшһүр Жүсіп әулиенің музей-кешенінде жүргенін, әулие басына арнайы келіп, Құран оқытып жатқанын айтқан-ды. Тек соңғы бес-алты жылдың көлемінде ғана кеншілердің атақты қаласына екі рет барып қайтқан екенмін. Міне, осы сапарлар барысында Серік досымды жаңа бір қырынан көргендей болдым. Өйткені студент кезіндегі Серік бір бөлек те, қазіргі Серіктің бір бөлек екеніне осы жолы анық көзім жетті. Атап айтқанда, студент кезіндегі Серік көп сөйлемейтін біртоға жігіт болатын. Атыраулық марқұм Сембай досымыз екеуінің жұбы жазылмайтын. Екеуі сабаққа бірге келеді, жатақханаға бірге қайтады. Екеуі де сабақты жақсы оқиды. Екеуінің ылғи бірге жүретініне қарап, өз басым оларды бір ауылдың балалары шығар деп ойлайтынмын. Ақыры не керек осы екі жұп оқу бітіргенше бірге жүріп, қақ-соқпен жұмыстары болмай, көп ешкіммен араласпай, бірі – Атырауға, бірі Қарағандыға аттанып кетті.
Және бірде Серікті курстастарымыздың Алматыдағы 20 жылдық кездесуінде көрдім. Жұбайы Ғалияш екеуі келген екен. Мұнда да Серіктің мінезі онша өзгере қоймапты. Сол баяғы тұйықтау қалпында амандық-саулықтан әріге барған жоқпыз. Ал, арада көп жыл өткеннен кейінгі Қарағандыдағы кездесуімізде Серік досымды танымай қалдым. Мені Ғалияш екеуі джип машиналарымен Қарағандының кіреберісінен қарсы алып, Секең амандық-саулықтан кейін бұрынғыдай емес, әңгіменің тиегін ағыта жөнелді. Оның осы жолғы әңгімесінен оқу бітіргеннен кейінгі қызмет жолын өз аузынан естідім. Тілшіліктен бастап, ондаған жылдар бойы облыстық газетте тапжылмай жұмыс істеп, сол газеттің басшы қызметкерлерінің бірі бола жүріп, зейнетке шығыпты. Қазақстанның Құрметті журналисі атаныпты. Туып-өскен, кіндік кескен жері – Егіндібұлақ ауданы екен. Арғынның ішіндегі Шаншар руынан тарайтынын да хабардар етті. Арғы аталары әйгілі Қазыбек би болып келетінін естігенде ризалығымды жасырмай: «Секе, осының бәрін қалай ішіңе сақтап жүрсің. Мен болсам, баяғыда-ақ мақтанып, жұрттың бәріне жар салар едім», – деп қалжыңдадым.
Мағыналы да мазмұнды өмір сүріп келе жатқан, айнала-төңірегіне деген пейілдері көл-көсір, адал да ақкөңіл достарымыз Серік пен Ғалияштың мерейтойлары құтты болсын!
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері