Жаңалықтар

Патриоттық тәрбие парасатқа бастайды

Сурет zhasalash.kz

Қазір әлем жұртшылығы куә болып отырғанындай, бүкіл дүние жүзінде күрделі әрі түрлі, қауіпті сын-қатерлерге толы геосаяси хал-ахуал қалыптасып отыр. Небір келеңсіз жағдайлар, қантөгіс, ашкөздік, жемқорлық, гуманизмге негізделген адами асыл қасиеттер мен ізгілікке бастайтын рухани игіліктерден гөрі, материалдық игіліктерге ие болу үшін жүргізіліп жатқан жанкешті әрекеттер – бәрі де адамзат қауымын ерекше алаңдатуда. Адамдардың, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдерінің, ертеңгі тағдыры қандай болмақ, бұл орайда елдің алдағы уақыттағы тағдырына ие болып табылатын жастарға заманауи білім беру және елжандылық рухында тәрбие іс-шараларын жүргізу әр оқу орны үшін маңызды міндет болып отыр. Сәт сайын өзгеріп отырған, тың талаптар ұсынатын қазіргі уақыт білім мекемелеріне зор ұйымшылдық пен ғылыми, педагогтік мақсаттар жүктеуде.

Бірден ден қоятын бір жайтқа тоқталайық, ол – жас буын өкіліне бүгінгі күнде білім беру мен тәуелсіз еліміздің ұстаным, талабына сәйкес тәрбие беру – оның ертеңгі күні қандай адам болып шығатынына алғышарттар жасайтындығы. Егер асқан біліктілік пен білгірлік, терең ғылыми тұжырымдама мен әдістемелік шеберлікке негізделген қыруар еңбек нәтижесінде ертеңгі азаматты жан-жақты адами тұрғыдан қалыптастыра алсақ, жоғарыда айтылған келеңсіз жайттарға белгілі бір дәрежеде тосқауыл қоя алар едік, себебі, көп жерде орын алып отырған сол жағымсыз жайттардың дені адами ой-сана, білім, гуманизм тарапындағы олқылық пен жетімсіздіктен туындайтыны еш дау тудырмаса керек. Ал, бұл жайт өз кезегінде бүгінгі студент-ертеңгі маманды дайындайтын ЖОО үлесіне қандай жауапкершілік жүктелетінін аңғартса керек.

«Bolashaq» академиясы өңірімізге, республикамызға, ТМД және шетелдердің біразына танымал, ЖОО қауымдастығында өзіндік беделді орны бар, әлемнің білім кеңістігінде және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман кадрларды даярлауда алдыңғы шептен көрініп келе жатқан оқу орындарының қатарында. Тағы да қайталап айтсақ, артық болмас. Әр кезеңнің ауқымында қандай елде болса да, белгілі бір дәрежеде қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттар мамандар мен мамандықтарға деген сұранысты туындатады. Оның үстіне сол әр елдің өзіндік сипаттарын, ұлттық қасиет, ерекшеліктерін де есепке алған жөн. Барлық ерекшеліктер мен айырмашылықтарды барынша ескере келсе де, елдің экономикасы, руханияты, ғылымы мен білімін дамытып, биіктететін, әлемдік қауымдастыққа өз жасампаздығы арқасында қосыла алатын жағдай үшін маман кадрды қаншалықты дәрежеде қажет ететіндігі барша жұртшылыққа мәлім. Ал, ондай мамандар даярлау үшін оқу үрдісіне әр мамандық үшін инновациялық технология қажет, ол міндетті түрде елжандылық сипаттарымен шебер ұштасуы қажет, сонымен қатар, бұрынғы дәстүрдің жаңа уақыт, жаңа талапқа сәйкес сабақтастығы сақталуы керек. Бұл орайда академияның халықаралық білім сапасы стандартына кезең-кезең бойынша көшіп, республика мен Қарағанды облысының экономикасы мен әлеуметтік саласына сапалы, жоғары деңгейлі кадрлар әзірлеуде Орталық Қазақстандағы алдыңғы қатарлы, бәсекеге қабілетті, жетекші жоғары оқу орнына айналуды негізгі міндет етіп, сол бойынша жемісті жұмыстар атқарып жатқанын айтуды парызымыз деп білеміз.

1995 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша Қарағанды мемлекеттік университетінің бөлімі Қарағанды «Болашақ» университетіне айналды, ал, 2015 жылдан бастап, академияға, 2019 жылдың 23 мамырынан «Bolashaq» академиясы жекеменшік мекемесі деп аталды. «Bolashaq» академиясы жекеменшік мекемесі – Қазақстанның алғашқы жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша 1995 жылдан бастап, 2007 жылға дейін Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институты, ал, 2007 жылдан 2015 жылға дейін Қарағанды «Болашақ» университеті деп аталып, 2019 жылдың 23 мамырында ЖОО атауын «Bolashaq» академиясы ЖММ деп өзгертілді.

Академия осы уақытқа дейін Қазақстанның білім сапасы қамтамасыз ететін тәуелсіз аккредитация орталығының тарапынан үш рет институционалды және мамандандырылған аккредитациядан өтті. Соңғы рет 2024 жылы желтоқсанда сәтті өткендіктен, 12 білім бағдарламалары бойынша бес және жеті жылға ұзартылса, сол өткен жылы ҚР ҒжЖБМ ғылыми және ғылыми-техникалық қызметі бойынша субъект ретінде бес жылға аккредитациядан өтті. Жыл сайын «Атамекеннің» ауқымды білім бағдарламаларына қатысып, академия жоғары орындарға ие болуда: «Педагогика мен психология» бойынша 33-орыннан 6-шы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» бойынша 33-орыннан 5-ші, «Юриспреденция» бойынша 57-орыннан 35-орынға, «Шет тілі: екі шетел тілі» бойынша 37-орыннан 19-орынға ие болды. 2024 жылы сондай-ақ академияның позициясы жақсара түскені анықталып, гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындары арасында рейтингі бойынша 7-орынға ие болды. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау бойынша екінші орынға, шет тілі мұғалімдерін даярлау бойынша үшінші, юриспруденция бойынша алтыншы орынды иеленді. 2007 жылдан бастап, академияда сапа менеджменті енгізілген, сыртқы аудит бойынша жақсы нәтижеге жету – сапа нәтижесі. Қазіргі таңда он үш білім бағдарламасы бойынша бакалавриатта, бес білім бағдарламасы бойынша магистратурада оқыту жүзеге асырылуда. Ал, бұлар бойынша жетістікке қол жеткізу үшін оқытудың инновациялық технологиясы, бүкіл оқу үрдісін ақпараттандыру, компьютерлендіру, білім мен ғылым саласындағы жаңа тұжырымдамаларды қолдану, оқытудың электрондық құралдары қорын құру және үнемі толықтырып отыру, т.б. істерді жүзеге асыру қазіргі уақыттың ең маңызды талаптарына жатады. Түрлі санаттағы білім алушылар үшін (денсаулығында кінәрат бар, т.б.) барлық жағдайлар жасалған. Инклюзивті білім берудің арнайы кабинеті бар. Акадмияда білім алушылардың келген жерін, мектебін, т.б. бойынша әрекеттерге қарасақ, басым бөлігінің аудандардан, ауылдар мен басқа кент, қалалардан келгенін көреміз. Сондықтан, олар үшін 205 орынға есептелген жатақхана бар, онда барлық жағдай жасалған. Жоғары білім беру (бакалавриат), ЖОО-дан кейінгі білім алу (магистратура) бойынша қазіргі талапқа сай болу дегеніміздің өзі білім саласын ұйымдастырудың, қалыптасқан озық тәжірибенің, жетекші әдіс-тәсілдер инновациясының таяу және алыс шетел ЖОО-дан қалайша жүзеге асуымен танысуда жатыр десек, академияның Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Түркия, Қытай, Сербия, Уфа, Башқұрстан, Таулы Алтай, Моңғолия, т.б. мемлекеттердегі жоғары оқу орындарымен орнатылған тығыз байланыс, ынымақтастықты айтқан орынды.

Оқытушы, ғалымдар және белсенді студент, магистранттарымыз бен жас ғалымдарымыз халықаралық, республикалық, өңірлік ғылыми конференцияларда, түрлі дебат, байқау, конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, дипломант, лауреат атанды. Егер білім беру ісін тәуелсіз мемлекеттің елжандылық принципімен органикалық бірлікте қарастырсақ, біздің ғалымдардың облыстық, республикалық, т.б. деңгейдегі іс-шараларға, конференцияларға барып қатысуын, мазмұнды да өзекті баяндамалармен көзге түсуін айтар едік. Республикалық, облыстық деңгейде өткізіліп жатқан тіл саясаты, мәдениет, тарихи тұлғаларды халқымен қауыштыру, т.б. салалардағы іс-шараларға біздің ғалымдар белсене қатысып келеді. Республикалық, облыстық түрлі комиссияларда, сараптама орталықтарында (ономастика комиссиясы, ҚХА Қарағанды облыстық бөлімшесі, т.б.) мүше болуы, т.б. осы ойымызға дәлел. Академияның бай кітапханасының сұранысқа орай ғалым оқытушылардың еңбектерімен толығып отыруы – бәрі де өзара ұжымдаса, бірлесе қызмет атқаруға, моральдық-психологиялық, этикалық хал-ахуалдың дәстүр сабақтастығына айналуына даңғыл жол ашуда дегенді баса айтқан абзал. Тоқсанына бір рет шығатын «Заманауи әлемдегі проблемалар» халықаралық журналы, студенттік «Лимонад» журналды академияның ақпараттық сала жүйесінде танымал болуына, атқарылып жатқан түрлі игілікті іс-шаралардың өзара үйлестірушісі, ақпарат көзі ретінде жақсы қызмет атқаруда.

Оқу үрдісін елжандылықты қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен органикалық тірлікте, тығыз байланыста жүргізудің маңызы ерекше. Бұл мәселеге байланысты бірнеше жайтты айрықша атаған жөн. Ғылыми-зерттеу жұмысы, ұтымды тәрбие жұмыстары, олармен тығыз, ажырамас бірлікте болатын оқу үрдісін біртұтас, кешенді түрде жүргізу мақсатымен академияда құқықтану мәселелері, гуманитарлық сала бойынша зерттеу институттары, тарихи-танымдық және «Мирас», «Жауһар» ғылыми-зерттеу орталықтарына біріккен ғылыми-шығармашылық топтың еңбегі нәтижесінде тоталитарлық дәуірдің ең бір қасіретті тарихын зерттеген ҚарЛаг трагедиясы жайлы кітаптар сериясы, сондай-ақ, тұлғалық «Қаздауысты Қазыбек би» (қазақ және орыс тілдерінде), «Бұқар жырау», «Сәкен Сейфуллин» тұлғалық энциклопедиялары жарыққа шықты. Академия ғалымдары Орталық Қазақстан өңіріндегі белгілі тұлғалар және рухани мұраларды түбегейлі зерттеп, ғылыми айналымға қосу үшін «Орталық Қазақстан өңірінің ақындары поэзиясының антологиясы» атты еңбектің, сондай-ақ, Шет, Нұра ауданының және Әбілқас Сағыновқа арналған энциклопедиялардың жарыққа шығуына белсене атсалысты.

Біздің академияның білім беруде көп бейімділігі бар, ғылыми, мәдени, әлеуметтік сипаттарды бойына сіңірген жан-жақты, ғылыми зерттеулер нәтижесін оқу үрдісіне енгізіп отыратын, оқу бағдарламалары талапқа сай, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтармен серіктестік байланыс әрі ынымақтастық орната отырып, Орталық Қазақстан өңіріндегі жетекші жоғары оқу орнына айналуды мақсат еткен әу бастағы міндеттері академияның басты миссиясы болып табылады. Күнделікті және басшылықтағы, перспективалық жоспардағы атқарылып жатқан, жүзеге асуға тиісті жан-жақты іс-шаралар-бәрі де академияның осынау миссиясынан туындап, сонан бастау алып отырғанын баса айтқан жөн.

Ең басты мәселелердің бірі – академия түлектерінің жұмысқа орналасуы. Тұрақты мониторинг арқылы жасалған анықтамаға сүйенсек, біздің түлектеріміздің жұмысқа орналасуы 78,4% көрсеткіште тұр. Бұл – соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіш.

2024 жылғы деректерге сүйеніп көрсек, тиісті органдар («Атамекен» ҰКП, ЕХӘҚ министрлігі және еңбек ресурстарын дамыту орталығы) мәліметі бойынша 2024-2026 жылдары кадрларға деген қажеттілік, сұранысты байқаймыз. Осынау мәліметтер академия жұмысына, оның жаңа мамандықтарды ойластыруға, нақты сұраныс пен қажеттіліктің ішкі сырына қазіргі уақыт талабына сай үңілуге мүмкіндік береді. Жалпы, өңірдегі білім органдарымен тығыз байланыс жасау, Қазақстан, Қарағанды облысының жаңа кәсіптер Атласын үнемі назарда ұстау тактикалық және стратегиялық бағыттағы жұмысты тиімді түрде ұйымдастыруға алғышарттар жасайды. Өткен оқу жылының барысында болашақтағы кадрлық қамтамасыз ету ісі бойынша жаңа үш білім бағдарламасы бакалавриат бойынша әзірленді: «Педагогикалық коучинг және психология», «Шет тілін меңгерген бастауыш сынып мұғалімі» және «Дефектология». Бұлардың бәрі де жұмыс беруші мекемемен тығыз байланыс орнатуға жол ашады. Академия кафедраларының жұмыспен қамтамасыз ететін мекемелерде филиалдарын ашу, жұмыс берушінің біздің оқу орнында сараптамалық, эксперттік кеңес мүшесі болып, кадрлар дайындауда артық мәселелерді бірлесіп талқылауы, т.б.жұмыс беруші-оқу орны-үкімет үштағанының жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндіктер тудырады. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі басты назарымызда дер едік.

Ғылыми-педагогтік қызмет нақты сұранысты, алдағы уақытта туындауға тиіс қажеттілікті ескеруді керек етеді. Сондықтан, жұмыс берушімен тығыз байланыс жасау саналы кадрларды даярлау ісімен ұштасып жатса, қажетті теориялық және тәжірибелік сипат, қасиеттермен қарулану, нақты жағдайды ескере отырып, тиісті оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдарды, монографияларды сұрыптап, жарыққа шығарумен де тығыз бірлікте қарастырылатыны мәлім. Бұл орайда академиядағы «Болашақ-Баспа» редакциялық – баспа бөлімінен шыққан өнімдер өзімізде ғана емес, басқа оқу орындары тарапынан да үлкен сұранысқа ие болып жүргенін айтқымыз келеді.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button