Руханият

Парасаттың портреті

Белгілі публицист, ғалым, академик Бауыржан Омарұлына жақсы іні бола білдік пе, оны бір Алла біледі. Ал, Баукең бізге жақсы да, жанашыр аға бола білді. Алдынан дәріс алмасам да, жазған-сызғанын қалт жібермей оқығандықтан болар, Бауыржан ағаны өзіме ұстаз тұттым. Ағалығын аңдадым, жанашырлығын сезіндім. Қарапайым болмысын қадір тұтып, шығармашылық қуатына тәнті болдым.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мен үшін Бауыржан ағаның әлеуметтік желідегі парақшасы әмбебап кітапханаға айналған. Адамтанудың академия­лық кітапханасы… Бауыржан ағаның ортасын да, қаламдас достарының болмысын да, туған жері Қаратереңнің қасиетін де, кемері кеміген Аралдың қасіретін де осы парақшадан зерделегенмін. Ұлт ұлыларының ұлағатын танып, белгілі фототілші Шүкір Шахайдың фото шеберханасына сәт сайын саяхат жасап отыратын болдық.

Қаншама тұлғаның тағдыры мен тағылымын Баукең жазбалары арқылы таныдық, олардың өмір сапарындағы өнегелі істеріне Омарұлының ордалы ой тарқатып, шексіз шеберлікпен толғайтын эсселері арқылы терең үңілдік. Талантты қаламгердің тақырып қою шеберлігінен бастап, түкті кілемдей түрленген түйіндеріне тамсанып жатып түн ұйқымызды қашырып алатын сәттеріміз де болды.

«11-ші қаламұшы» мен «Төртінші билігін» жастанып оқып, «Қаратерең вальсімен» толқып, әлеуметтік желідегі «алақандай эсселерін» жаттап алуға айналған шақта қолымызға Бауыржан ағаның өзі туралы қос кітап түсе қалсын. Астанадан арнайы беріп жіберген екен. Баукеңнің баға жетпес базарлығын өзімнің тікелей бастығым, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры, әріптес-аға Қайрат Жүнісұлының қолынан қабылдап алған сәтте қатты толқыдым, әрі балаша қуандым. Толқытқан да, қуандырған да – Бауыржан ағаның аппақ пейілі, «қаламдас бауырым» деп елеп-ескергені.

Сонымен, қолымда – Бауыржан аға туралы ұлт әдебиетінің ұлы тұлғасы Әзілхан көкесі (Нұршайықов) бастаған, академик Дихан Қамзабекұлы, қажырлы қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммед, қазақ көсемсөзінің көрнекті көшбасшылары Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Дархан Қыдырәлі, ақындар Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып қоштаған замандастарының 66 портреттік мақала топтастырылған «Бауыр ЖАН» жинағы мен белгілі әдебиеттанушы ғалым Қанипаш Мәдібаеваның «Қаратерең симфониясы» атты портрет-эссесі.

Күніне 2000-3000 жол тілшілер мақаласын, айына мақсатты түрде екі-үш кітап оқып жүрсем де, осы екі кітапқа деген «тәбетім» өте жоғары болды. Алты ай рухани аштыққа ұрынып, әріпті сағынып қалғандай, «жалап-жұқтап» оқып шықтым. Рас, қызығушылығым керемет болды. Себебін өзім ғана білемін. Ол – көңілімнің көкжиегіне, жүрегімнің төріне көркем мінез, келісті кісілігімен қонақтап, жазу мәнерімен жанымды баурап алған Бауыржан аға туралы біле түссем, болмысын терең танып, адами қалпын армансыз зерделесем деген қызығушылық еді.

Қаламдастары, замандастары туралы көп жазған қаламгер туралы жазылған әпсананы оқу әуелде күрделі болады екен. Бұл жазбаларды Бауыржан ағаның өз жазбаларымен салыстырып, авторлар мәнерін кейіпкер шеберлігімен шендес­тіргің келеді. Әрине, авторлардың осалы жоқ. Бәрі де – қазақтың сөз ұстаған серкелері. Алғашында жинаққа топтасқан эсселердің барлығы Бауыржан ағаның өз қолынан шыққандай көрінді. Алла адасуға, авторлар айыпқа жазбасын. Әуелгі әсер солай болғаны жалған емес. Портреттік мақала көп жазған автордың бірімін ғой, кейін барып ойланайын… Кейіпкерің келісті болса, кейіптемең кемел шығатыны бар еді ғой. Бұл жерде де эссе авторларының Бауыржан Омарұлына деген шексіз құрметі мен шынайы пейілі тұр. Арудың жанарындай мөлдіреген тұп-тұнық жазбаларда қабырғалы қаламгер, асыл азаматқа, ғибартты ғалым, ұлағатты ұстазға берілген байыпты баға, лайықты құрмет бар.

Ойлаңызшы, бір кейіпкер туралы 66 эссе оқудың қандай болатынын. Жалығып кетуіңіз әбден мүмкін. Алайда, бұл жинақтағы 66 жазба кемел кейіпкердің 66 қырын ашқан. Бір-біріне мүлде ұқсамайды! Шынымды айтайын, Бауыржан ағаны 66 қырынан таныдым.

Жалпы, журналистің журналист туралы жазуы – сирек кездесетін үрдіс. Осы жинақта Әзағаң (Әзілхан Нұршайықов) кейіпкерін келістіре ой сабақтай отырып: «…Басқа мамандық иелері туралы жазуға дағдыланған әріптестеріміз қаламдастары жөнінде сөз қозғай бермейді. Менің іні-әріптесім Бауыржан Омарұлы осы тұрғыдан алғанда өте құптарлық қадам жасады» деген ой түйеді. Шынымен де…

Алдындағы ағаның да, қатар жүріп қалам сілтеген әріптестерінің де, ізбасар інінің де туындылары Баукеңнің тұлғалық қасиетін толық ашып, шығармашылық шеберлігіне деген сүйіспеншіліктерін паш етеді. Әсіресе, өз ұлдары Бақытжан, Дәурен, Дәулет Омаровтардың перзенттік пейілі мен ардақты әкеге деген риясыз құрметі еріксіз сүйсіндіреді. Әкенің дара болмысын қастерлеп, пір тұта сөз сабақтауы саналы жанды тебірентпей қоймайды.

…Ал, Қанипаш Мәдібаеваның «Қаратерең симфониясы» атты портрет-эссесінің жөні – мүлде бөлек. Тұлға мен тұғырды бір-бірінен алшақтатпай отырып, кейіпкер болмысы нанымды баяндалады. Жаныңды ерекше бір сазға бөлеп, жүрегіңді шымырлатады. Ол жай ғана саз емес, әсерлі әуенге айналады кейде. Кітап оқып отырғандай емес, жүрек қылын шертетіндей әуезді әуен тыңдағандай ғажап күй кешесің…

Әп дегенде «Қаратерең – Бауыржан Омарұлының таусылмайтын сағынышы, сарқылмайтын шаттығы. Қазақы жаны. Бауырмал болмысы. Асыл ұясы. Жер жұмағы. Қаратерең. Қара шаңырақ. Ар қазығы» деп толғай жөнелген Қанипаш апай жазбасының соңғы нүктесін қойғанша, осы ырғақ, осы әуеннен жаңылмайды. Шығарма авторы белгілі ғалым, әдебиеттанушы болғандықтан, жазбасы да ғылыми стильде жазылған шығар деп ойлағанымыз да жасырын емес. Бірақ, мүлде олай болмады. Аралдың шұбатындай жұтылып, көптен жақсы дүние оқи алмай, кеуіп қалған аңқамызды бір жібітті-ау…

Асыра мақтағаным емес, артық ештеңе таппадым. Боямасыз болмыс, аппақ пейіл… Көлгірсу деген мүлде жоқ. Тіпті, артық үтір таппадым деуге болады. Артық сөз, асыра мақтау қосса, кейіпкерінің кіршіксіз арына ноқаттай дақ түсіріп алармын деп, эмоциясын мықтап ноқталағаны көрініп тұр. Әріптес бауырды дәріптеудің шынайы үлгісін танытқан.

Кітап жеті бөлімнен тұрады. Оқырман жанын баураған әуезді ырғақтың жеті нотасы! Өзі симфония дегеніңіз музыкалық жанр емес пе?! Ресми анықтамасында «Симфониялық шығарма – романтизм кезеңіндегі бағдарламалы музыканың басты жанры. Формасы жағынан музыкадан гөрі өнердің басқа түрімен, көбіне кескіндеме немесе поэзиямен байланысты жазылатын оркестрге арналған шығарма» делінеді. Осы талаптардың барлығын «Қаратерең симфониясынан» табар едіңіз.

…Қолымдағы екі кітапқа қатысты пікірімді бір-ақ түйінмен тұжырымдауға болады. Екеуі де – парасаттың портреті! Бауыржан ағамды бұрыннан білемін ғой, осы екі кітап арқылы мен ұлтымның биік парасатын таныдым. Иә, Бауыржан Омарұлы қазақ парасатының жиынтық бейнесіне айналған екен…

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button