Ұпайын түгендей ала ма?
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы қараша айында ел чемпионатын аясында тоғыз ойын өткізеді. Турнир кестесінде жоғарғы орындарға көтерілуі үшін келер айдағы ойындар жерлестер үшін маңызды.
Әуелі, айдың басында жерлестер өз алаңында ресейлік «Торпеда» клубын қабылдайды. Қос команданың бұған дейінгі ойындарына көз жүгіртсек, жерлестердің қарсыластардан әлдеқайда басым екендігін көруге болады. Соңғы ойын да жерлестердің пайдасына шешілген. Сондықтан, бұл мачта қарағандылықтар – фаворит.
9-10 қарашада сырт алаңда көкшетаулық «Арлан» клубымен ойнайды. Биыл қос команда Қазақстан кубогі аясында бір мәрте ғана кездескен. Ол ойында көкшетаулықтар 0:1 есебімен қарағандылықтарды өз алаңында жеңген. Бұл жолы ел чемпионаты аясында ешкім ұпай жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, қос команда да барын салып ойнайды.
13-14 қарашада сырт алаңда петропавлдық «Құлагер» клубымен кездеседі. Қос команданың соңғы ойындарына көз жүгіртсек, қарағандылықтардың әлдеқайда мықты екендігін көруге болады. Сол себепті, жерлестердің сырт алаңда ұпай жоғалтпайтынын сеніммен айтуға болады.
25-26 қарашада жерлестер өз алаңында рудныйлық «Горнякты» қабылдайды. Бұл ойында – фаворит жоқ. Себебі, қос команда былтырдан бері бірінен-бірі аса алмай келеді. Бір ойын жерлестердің пайдасына шешілсе, екінші ойында рудныйлықтар айласын асырып жатты. Ал, айдың соңында павлодарлық «Ертіспен» кездеседі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz