Пәтер кілттері табысталды
25 қазан – Республика күні қарсаңында Шахтинск қаласының 60 тұрғынына пәтер кілттері табысталды. Пәтер кілтін Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков арнайы табыс етіп, отбасыларға жылы лебізін білдірді.
«Каздорстройтех» ЖШС компаниясы салған бес қабатты тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы жандарға бұйырды. Атап айтар болсақ, 7 пәтер көпбалалы отбасыларға, 37 пәтер мүмкіндігі шектеулі адамдарға, 16 пәтер жетім балаға берілді.
Шахтинск қаласы бойынша жалпы 1470 адам кезекте тұр. Оның ішінде 128 көпбалалы отбасы, 278 жетім бала, 586 мүмкіндігі шектеулі жан, 478 мемлекеттік қызметкер бар.
Шахтинск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Айтышовтың айтуынша, жақын арада тағы 24 пәтер табыс етілмек. Оның ішінде 12 пәтер республикалық бюджет есебінен, тағы 12 пәтер жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz