Озық ойлылар ойыны
Қарағанды қаласы білім бөлімінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен күзгі қалалық пікірсайыс турнирі мәреге жетті.
№15 жалпы білім беретін орта мектебінде өткен дебат ойындарында “Болашақ” бағдарламасының тиімсіз тұстары” және “Қазақстанның білім беру жүйесіне үштілділікті енгізу” тақырыптары қозғалды. Топтар екі тақырып бойынша пікірсайысқа түсіп, дебаттың тәртібіне сай тиімді шарттар ұсынды.
Турнирге қаланың 42 мектебінен 44 команда қатысты. Жас пікірсайысшылар додасын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері, дебат ұйымдарының мүшелері, тарих пәнінің мұғалімдері бағалады. Төрешілер жеңімпаздарды анықтауда командалардың белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырудағы мақсаттарына, оқушылар бойындағы көшбасшылық, шешендік қабілеттерге мән берді.
Пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша қазақ лигасынан №39 гимназияның “Ұлан” командасы гран-при иегері атанды. Сәйкесінше, жүлделі орындарды №№41, 23,18 мектептері және № №57, 39 мектеп-гимназияларының командалары иеленді.
Ал, орыс лигасы бойынша гран-при жүлдесіне №9 гимназияның «Лидер» командасы лайық деп танылды. Сондай-ақ, сайыста №38, 45 мектеп-гимназиясы, № №59, 62, 32 мектептері жүлделі орындар иеленді.
Турнирдің үздік спикерлері қатарында №45 гимназияның оқушысы Виолетта Давыденко, №57 мектептің оқушысы Әсел Абзалқызы, №39 гимназияның оқушысы Аружан Сейтказиева, №23 мектеп оқушылары Арайлым Елемес, Жандос Мейрманов, №9 гимназиядан Кристина Епанешникова, Карина Ұзақбаева, №33 мектептен Андрей Храпченко марапатталды.
Сондай-ақ, жеңімпаз командалар және үздік спикерлерге қалалық білім бөлімінің грамотасымен қатар, естелік сыйлықтар табысталды.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.