Жаңалықтар

Озық ойлы оқушылар олжасы

Теміртау қаласындағы «Озат» ақпараттық технология­лар мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Шолпан Мұратқызы бастаған ұжым биылғы оқу жылын сәтті әрі табысты аяқтады деуге болады. Олай дейтініміз, «Озат» білім ордасының әрбір шәкірті аты мәлім еткендей, шынымен, озат болды.

Сурет автордан

Оның дәлелі Теміртау қаласының мәдениет сарайында өткен «Жұлдыздар шеруі» кілең мықтыларды қызыл кілемнен өткізді. Олардың арасында Айгерім Қуанқызы бастаған 11 «А» сыныптың, Виктория Александровна жетекшілік ететін 11 «В» сынып түлектері, Меруерт Мұратқызы жетекші болған 11 «С» сыныбының оқушылары болды.

Сонымен қатар, «Озат жұлдыздары» қатарында айрықша білімімен республика көлемінде пәндер олимпиадасынан, түрлі өнер сайыстарынан, спорттық жарыстардан жүлделі орындарға ие болып, шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктеріміз де аз болмады.

Атап айтсам, Тоқтамұрат Мәмәли – «Ақберен» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жас ақындар айтысында жүлделі ІІ орын, облыстық пікірталас турнирінде жүлделі ІІ орын, Ж.Ақылбаев атындағы облыстық физика пәні олимпиадасының ІІІ орын иегері атанып отыр.

Нұржігіт Төлешов – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиада кезеңінде ІІІ орын, «Жыр алыбы – Жамбыл» респуб­ликалық жас ақындар айтысынан ІІ орын иегері, республикалық «Ақберен» байқауының облыстық кезеңінде «Ақындар айтысы» номинациясында ІІІ орынмен марапатталған. Сондай-ақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің пәндер олимпиадасында ІІІ орын иегері ретінде танылды.

Айым Тасболатқызы – облыстық Бүркіт Ысқақов оқуларында бас жүлде иегері, облыстық «Театр – ғажайып әлемі» байқауында ІІІ орын, «Менің Отаным – Қазақстан» атты эстетикалық сауаттылық байқауы аясында арнайы марапат алған. Биология пәнінен «Зерде» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде ІІ орын, Яссауитану республикалық байқауының облыс­тық кезеңінде ІІІ орын, «Өнерлі жас – өмір мақтанышы» жас таланттар байқауында ІІ орын иегері атанды.

Алдияр Төлеубеков – облыстық мектеп лигасы аясында волейболдан ІІІ орын, бас­кетболдан ІІ орын иегері, 2024 жылдың үздік ойыншысы. «Озат» мектеп-лицейінің волейбол, баскетбол командаларының капитаны, алға сүйреуші, көшбасшысы ретінде мектебіміздің мақтанышына айналып отыр.

Еркенұр Әбілқадыр – әдеби-сазды кештер мен қалалық жыр мүшәйраларының белсенді қатысушысы, білім мен өнерді қатар ала білген, спортта да, шығармашылықта да өзін көрсете білген дара оқушы. Облыстық ұлттық мектеп лигасы аясында «Бес асық» ойынында ІІІ орын, облыстық шахмат турнирінде ІІІ орын, «Аққу арман» драмасында басты рөлді шебер сомдап шыққан, өз жанынан өлең шығаратын тума талантымен көркемсөз оқушы, сөз шебері ретінде көпке таныс.

Міне, «Озаттан» жарқыраған ғылым мен білімнің «Жұлдыздар шеруін» осылай санай берсек біршама. «Жақсы ұстаздан шәкірт озады» деген аталы сөз бар. Бұл жетістіктердің барлығы қажырлы енбектің майталмандары – ұстаздар қауымының еңбегінің жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады.

Ерболат БАЗАР,
«Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің
педагог-модератор санатындағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button