Озаттар олжалы оралды
Алматы қаласында 9-11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері, сондай-ақ, география мен химия бойынша республикалық олимпиадасы өткен болатын. Оған облыс атынан да команда қатысып, нәтижесінде 16 оқушы жүлдемен оралды. Солардың қатарында Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары да қатысып, бір алтын, үш күміс және бір қола жүлде жеңіп алды. Мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қарағанды вокзалынан күтіп алып, құрмет-қошемет көрсетті.

Жалпы, бұл олимпиадаға аталған мектептен география пәні бойынша алты оқушы қатысқан болатын. Солардың қатарында, 9-сынып оқушылары арасында ұшқырлығымен көзге түскен Сырым Амантай – І орын иеленсе, Ділдә Сахтаберген – ІІ орыннан көрінді. Ал, 10-сынып оқушылары арасында өткен бәсекеде Аружан Амангелді мен Алишер Алғалиев те күміс жүлдеге ие болды. 11-сынып оқушылары арасында бақ сынаған Ерали Қалыш қола жүлдені қанжығалап қайтты. Жүлдегерлер қатарында «Білім-Инновация» №1 және №2 лицейінің оқушылары да бар. Химия пәнінен Саян Мәжит ІІ орын алса, қола жүлдені Даниил Шен мен Азиз Басқар иеленді. Ал, географиядан Нүрия Мұханбетәлі күміс медальға қол жеткізді. Әмина Ысқақова болса олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұл олимпиадаға Сырым Амантайдың екінші мәрте қатысуы екен.
– Былтыр күміс медаль иеленіп едім. Биылғы бәсекеде бағым да бабым да келісіп, абсолютті чемпион атандым. Биылғы байқаудың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті. Бірақ, берілген тапсырмалар өте күрделі болды. Бойымда қобалжу да, қорқыныш та болды. Десе де, тыңғылықты дайындығымның нәтижесінде жеңіске жеттім. Өз басым олимпиадаға дайындықты 2025 жылдың тамызынан бастағанмын. Менің басты қолдаушыларым – ата-анам. Әрі осындай деңгейде мені дайындаған жетекшіме де алғысымды айтамын, – деді ол.
Оқушыларды олимпиадаға дайындаған мектеп мұғалімі – Рахым Серік. Әрі өзі осы мектептің түлегі көрінеді. Мұғалім өз сөзінде бұл жетістіктің бәрі жүйелі еңбек пен табандылықпен келгендігін айтады.
Олимпиаданың күміс жүлдегері Аружан Амангелді болса, ақтық кезеңнің қиынға соққанын айтады.
– Олимпиаданың алғашқы екі кезеңінде келген тапсырмалар мен үшін аса қиындық тудырған жоқ. Тек, үшінші кезеңде ғана қиындықтар болды. Негізі, бұл кезеңдегі бағалау басқа кезеңнің ұпайларына қарағанда жоғары болды. Ал, мен шешуші кезеңде тиісті ұпайды жинай алмай, алтыннан қағылып қалдым. Бірақ, алтын алмасам да, осы олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын. Мен қазір 10-сыныпта оқимын. Болашақта география пәнінің мұғалімі болғым келеді, – деді ол.
Дарынды оқушылардың жеңісі тек білім ордасының ғана емес, аймақтың да абыройы. Олай болса, олимпиада озаттарына тек сәттілік тілейміз!
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



