Қояндыдан – Қараөткелге

    Сейсенбіде Астана қаласындағы Қарағанды облысының күндері басталды. Ауқымды шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, қазақтың Тұңғыш Ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, елдің түпкір-түпкірінен және шет елдерден келген қалың бұқара қатысты.

Елдіктің этноауылдағы мерекесі басталмас бұрын «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі аясында инвестициялық форум өтті.

Жиынға қатысушылар Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалын сараптады. Аймақтағы бизнестің бүгіні мен ертеңін талқыға салды. Форумда қаражат құюға ниетті тұлғаларға түрлі салалардағы тиімді ұсыныстар жасалды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге, инвесторларға қолжетімді жеңілдіктер ұсынылды.

Басқосуға біздің облыспен бұған дейін әріптестік орнатқан, Қарағанды өңіріне қаражат құюға қызығушылық танытқан жеке және заңды тұлғалар қатысты. Олардың қатарында аймақ экономикасының дамуына сүбелі үлес қосушы «Қазақмыс» кор­порация­сы» мен «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының басшылығы бар. Сондай-ақ, «Қазақинвест» бас­қармасы басшылығы мен көптеген елдердің Қазақстандағы елшілік өкіл­дері фо­рум­ға қатысып, өз пікірлерімен бө­лісті.

Баршаға мәлім, Қарағанды облысы – кәсібін ашып, бюджетке қаражат құямын деген жанға әбден қолайлы өңір. Тоғыз жолдың торабындағы Қарағанды – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, Еуропа мен Азияны жалғаған алтын көпір.

Өндірісті өлкемізге ішкі жалпы өнімнің 10%-ы тиесілі көрінеді. Соңғы ресми деректер бойынша. Облыстағы бір ғана «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының өзі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге зор ықпал.

Астана қаласындағы «ЭКСПО – 2017» қалашығы іргесінде өткен Қарағанды облысы күндерінің салтанатты ашылуы тарихтан тамыр тартқан театрландырылған көрініспен шымылдығын түрді.

Шынымен де, тарихқа үңіліңіз. Талды өзенінің бойында өткен «Қоянды жәрмеңкесі» (1848 жылы) көптің жадында сақтаулы. Демек, бір кездері Әміре ән салған (Франция, Париж), «ЭКСПО» да біздің елге таңсық емесі мәлім.

Этноауылдағы осынау шараға қатысқан ел  Қарағанды  облысы  қала­аудандарының дастарқанынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің туындыларына таңдай қақты. «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» және басқа да ұлттық ойындарымыз осы күннің мазмұнын байыта түсті. Алтыбақан теуіп, садақ тартқан жұрттың жөні бір бөлек.

– Әрине, қасиетті Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесі ХІХ ғасырдың жаңалығы болса, ХХІ ғасырдағы Қазақстан жасампаздығының бір белгісі – осы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі!

Қарағанды облысы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған өңір.

Біз Астана қаласындағы Қарағанды облысының күндеріне ерекше әзірлікпен келдік.

Делегация құрамында бір мың бес жүзден астам адам бар. Астана тұрғындарына және Елорда қонақтарына Қарағанды облысының ауқымды жетістіктерін паш ететін боламыз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Аймақ басшысы айтқандай, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіндегі облыстар күндерін Қарағанды аймағы түйіндейді, бұйыртса. Бұл да Елордаға ең жақын орналасқан біздің өңірге артылған сенім болар.

Лайық!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.