Отбасында әркімнің өз орны бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарына қол қойды. Заңнамада әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын нормалар енгізілді. Алайда, ақ отау құрып, ақ адал жарын жұдырықтап, онымен қоймай оны әлеужеліге салып «сүйіншілеген» жұрттың жыры басылар емес. Тіпті, өзге елде болған оқиғаны да қазақтың қанжығасына байлап беруде. Бүйте берсек, түбі әлемге «әйел ұрғыш әлсіз» болып танылмасымызға кім кепіл?! Айрандай ұйыған отбасының ойранына кім кінәлі? Толығырақ үңіліп, топшылап көрсек…
Еркек пен ердің айырмасы
Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұматын әйелдер саны орта есеппен 400 адамнан асып жығылады екен. Ал, облыста былтырдан бері отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 24 дерегі тіркелген. Әрине, 2022 жылғы тіркелген 61 деректен азайғаны айтарлық жаңалық.
Атақты Пушкин мұқым елге ақын атымен мәшһүр. Жай ақын емес, сезімтал, жүрегі нәзік, романтик ақын. Сөйте тұра, ол француз офицері Жорж Дантеспен болған дуэльде алған жарақатынан қаза табады емес пе?! Дуэль дегеніміз – бұл кәдімгі жекпе-жек, қарулы атыс. Расында, А.Пушкин қызуқанды адам болған. Соған байланысты, оның өмірінде орын алған дуэльдер саны өте көп. Бұл оның ақыннан бұрын ең алдымен дүниеден ер болып өткендігінің дәлелі. Тарихтың бұл тарауын мысалға алуымыздың себебі – бүгінгі қазақ қауымының басындағы «ас үй боксшысы» атты нәубеті. Жігердің жанылмай жасуы, отбасылық берекенің қашуы, «еркек екенмін» деп меймананың тасуы.
«Қалыбына қарай қамыры»
Еліміз ер баланы әуелден ел тұтқасы деп біліп, ұсақ-түйек тұрмысқа араластырмай, даланың шаруасына салған. Тіпті, «Он үште отау иесі» деп те тегін айтпаса керек. Бұл әсте ұл баланы 13 жасында үйлендіріп отау шығару емес. Ұл балаға отбасы жауапкершілігін әуелден ескерту, сездіру болар. Көршінің қызы күнделікті күйбеңмен үйге кіре қалса, әкелеріміз «Осы баланы – бала қылып аламыз-ау» деп шешемізге ымдағанын құлақ шалып, қызарақтағанымыз әркімнің есінде. Ұсақталып бара жатқанымыз жасырын болмаса да, дес бермей келеміз. Кейінде қалыптасқан еуропалық көп қағидаттар шабанға қамшы емес, керісінше тосқауыл болғандай. Оның бірі – баланың бетінен қақпау, жастайынан оны «альфа ұрпақ» екеніне сендіріп өсіру. Жас ата-аналардың бұған берілгені сонша, арасында тым өрескел қылықтар да көрсететіні бар екен.
– Қазіргі таңда жас отбасының көбінде әрі кетсе, 2-3 баладан ғана. Біршамасында тек жалғыз перзенті бар. Әке-шешелері ол баланың асты-үстіне түсіп бәйек болады. Әрине, еркелетіп, балаға балалық сыйлағанға не жетсін?! Дегенмен, еркелету өбектеуге ұласып барады. Кей-кейде осында кешке баласын алып кетуге келген жас әкелер ұлдарының ернінен сүйіп, еміреніп амандасады. Құлдыраңдаған құлынын көргенде емешегің үзілетіні анық. Бірақ, ер балаға ерсілеу тәрбие. Осыдан болар, ұл балалардың көбі өзі құралпы қатарластарымен ойнап жүріп, ойыншыққа таласып, тартыса қалса, жігерлілік, батылдық танытқанның орнына тұра «әкеме хабар беріңізші, анама қоңырау шалыңызшы» деп көз жасы дайын тұратыны. Ал, оларға «Жігіт емессің бе?» деп ақыл айту тағы қылмысқа итермелеу екені рас. Тіпті, әке-шешелері сотқа берсе де онысы заңды. Әрине, көксегеніміз төбелес немесе жауластыру емес, ұл баланың ер болып қалыптасуына үлесіміз тисе деген ниет, – дейді «Ботақан» балабақшасы «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Жанна Жаныбекова.
Кейінде елімізде орын алып жатқан отбасылық трагедиялар қос ұшты екені даусыз. Алайда, айтыскер ақын Тілеген Әділовтің ойынша, шаңырақтың шайқалмауы отағасының қолында көрінеді.
– Иттен де еркек күшік туады. Десек те, ол адамның ері бола алмасы хақ. Ең алдымен дүниеге жаралған ер де, әйел де адам болуы керек шығар. Адам болу дегеніміз – ол еркектің ер болып қалыптасуының бастамасы. Ал, тәрбие жүре төселер қалып. Жасымызда үйге жылап келсек, әкелеріміз «Еркек емессің бе?» деп жекіген сөзі желкеңнен түйген соққыдай тиетін. Сонда ол ұрыстан жаныңа батары әкенің жекігені емес. Намысқа тырысып, «Қалайша мен еркек басыммен жылап келдім?» деген тұратын. Асау тайдың үстіне жауып қоя беріп тұрып, «Міне, жігіт, қыс тақымыңды, құлама, әй азамат!» деп арқаландыруының өзі тұтас тәрбие. Ертеде аталарымыз үміт артқан ұлдарын, немерелерін жақсының жанына серік қып ерткен. Ондағы көксегені сол жанның жақсылығын алсын, көзі ашылсын, көпке сіңсін дегені екен. Халық даналығында «Бәйге аттың баласын құлынында қақпа, тайында тартпа, құнанында сақта, дөненінде бапта, бестісінде бәйгеге сал» демей ме?! Бұның астарына үңілсек, «Балаң жетіге келгенше патшадай сыйла, жеті жастан бастап құлыңдай жұмса, он жеті жасынан досыңдай сырлас» деген жатыр. Жас ұлдың үлкен өмірге қадамы ұл болып жаралғанынан бастау алуы керек деп білемін. Мысалы, әуелде ұлдарымызға қарындастарын тапсырамыз. Қазақта ағасы қарындасына көзінің қарашығындай қарайды. Өзіне жетпесе де, қарындасының аузына тосады тәтті-дәмдіні. Міне, қыз балаға, болашақ жарға деген сыйы осы уақытта қалыптаса бастайды. Ал, бұл – ата-ана тәрбиесімен тал бесіктен сіңетін дүние. Ешбір пенде құлаққа нақыл, даналық құюмен көгермейтіні анық. Қалыбы қалай болса, ішіндегі қамыры да солай пісіп шығады. Әр әке ұлына тәрбиені сөзімен емес ісімен берсе, «ата көріп оқ жонатыны» сөзсіз, – дейді Тілеген Елеусізбайұлы.
Ерді ер, еркекті заң тәрбиелейді
Расында, «Ерді тек ер тәрбиелейді» деген рас. Бұл – әкенің, ағаның міндеті. Ал, шаңырақ ішіндегі шалыс басу салдарынан орын алған жағдаяттар кейінде билікті де бейжай қалдырмады. Отбасылық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға Президент араласты. Заң шықты, жаза күшейді. Қазір «еркектігімді көрсетем» деп келіншегіңізге қол көтерсеңіз, құзырлы органдар қолыңызға кісен салып, Заңнамаға сай «қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін» деген қылмыстық жауапкершілікке тартады. Ал, қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауаптылық күшейтілді. Яғни, сот мұндай қылмыс үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бұл – заң бұзушыларға, яғни, «әйел ұрғыш ас үй боксшыларына» берілетін жаза. Бұдан шығар қорытынды – ерді ер, ал «еркекті» заң тәрбиелейді. Бір ошақтың басынан аспайтын әңгіме бүгінде түйіні күрделі түйткілге ұласты. Дегенмен, мәселе мәніне үңіліп, ушықтырмай алдын алар амалы жоқ емес.
Ескіде естілік бар
Ажырасу мәселесінде екіжақты ой ұшталады. Отбасында еркекпен бірге әйелдің де рөлі маңызды қашанда. Еркекті сүйдіретін де, күйдіретін де әйел. Заманауи ата-ана қызы қайтып келіп жатса, жоғалып табылғандай бауырына басады. Олардың көбіне ортақ ұраны «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды». Бұл – қазақтың түбіне жетер нағыз сұмпайы тәмсілдің бірі. Бұған семірген қыз оңады деу қате. Атаға ең ауыры «қызы қайтып келіпті» деген сөзді есту еді. Қазір шытынаған ел тағдырынан гөрі, шырылдаған жалғыз қыздың назы өтімді. Бұл да ердің босағаны, тізгін ұстаған қолдың дірілдегенінің белгісі емей немене?! «Байырғы беделді аңсасақ, ескі ережеге құлақ асу керек», – дейді «Аналар кеңесінің» мүшесі, ұстаз Күліш Төлеуханқызы.
– Бұдан бұрын қазақтың тағдыры таң қалардай мүлде басқа болды деу қате. Алайда, сана мен тәрбие, ар-ұят пен сый бірінші орында тұрды. Ол – ең алдымен ер адамға деген әйелдің сыйы. Бала кезімізде ұзақ сапарға, бәйгеге ат қосуға, асқа, көкпарға кетіп бара жатқан аталардың, ағалардың алдын кесе-көлденең кесіп өтпейтін едік. Алыстан орағытып өтіп, оған да өзімізді кінәлі сезінетінбіз. Құрбы-құрдас арасында да азаматтардың алдын кеспей, ерекше ізет таныту бар-тын. Бұл аз десеңіз, әр үйдің дастарқанында отбасы мүшелерінің өз орындары болушы еді. Атаның, ененің үстел басында отыратын орны жазылмаған заңдылық болатын. Бір істің мәнін білсе де, аналарымыз «Еразаматтар айтсын, жасы кіші болса да, жолы үлкен» деуші еді. Бұл – білімсіздік не білместік емес, сыйдың үлгісі. Ерін сыйлаған үйдің баласынан бейсауат қылық шықпайды деп білемін. Билігі әкеде болған үйде қашанда береке бар. Еркек балаларымен қоса жарын да тәрбиелейді. Бұл айтылмас қағида. «Бұған бағынбаймын» деп ертоқымын бауырына алып, айылына қиықтану – надандық. Күйеуін «Ерім» деп сыйлаған әйел әулетте де, қоғамда да құрметке ие. Ер сол сыйға семіріп кетпей, әрдайым құрметіне сай болуға ұмтылуы қажет. Еркегі бос үйді әйелі билейді. Ал, ол бүтін әулеттің тәрбиесіне әсер етеді. Әйел бақытының кілті ерінде. Ердің абыройын асыратын әйел. Бұл екеуі ежелден пазл тәрізді болса керек. Бірінің кетігін бірі түзейді. Сол кетік түзелген шақта тұтас бақытты отбасының көрінісі қалыптасады. Дәл қазіргідей отбасылық жағдайларды ел естіп, көпке әңгіме болуы бұрын болған жоқ. «Қол сынса, жең ішінде қалатын». Ал, қазір ақ үйдің ішіндегі айтуға келмес дауды алты рулы ел естіп отырады. Ұят пен ардың жоғалуы – адамдықтан алшақтаудың басты белгілері, – деп қайырды Күліш Төлеуханқызы.
Таразы
Ескіде қашанда естілік барына тағы да көз жеткендей. Әке мен ананың бір-біріне деген сыйы міне, сол нағыз бала тәрбиесі екенін білсек те, құлақ асуға құлық жоқ. Себебі, ананың көңілі балаға сирек түседі, баланың көңілі де байырғыша далада емес. Ортақ нүктеміз ұялы телефон, үлгі аларымыз батыстың беймарал өмір сүру стилі. АҚШ-та 1960 жылдары қалыптасқан «хиппи» субмәдениетті қоғамының бір мүшесіндейміз десем, артық емес. Бәріміз бостандықты көксеп, жауапкершілік алғымыз жоқ. Бір шаңырақтың астындағы отбасы мүшелері бір-бірінен хабарсыз. Басы біріксе, тек ас-су ішкенде, онда да қолдан телефон, құлақтан құлаққап түспейді. Осындай қоғамда туған ұл-қыздың обалы кімге?
«Біздің даналықта әйелді жұдырықпен тәрбиелеу, яки, бағындыру деген болмаған» дейміз, ол – рас. Ащы суға сылқия тойып, әйелінің «ай» дегенін «айғай» деп қабылдап шапалақ беретін орыс ұлты да қазаққа қырын қарайды. Қайдан білсін, бүгінгі таптың сол кеңестік дәуірдің зардабы, таңбасының тыртығы екенін. Десе де, сана мен салтты баба даналығының ескі ережесіне сай қолдансақ, айдарымызда жел есіп кетпесе де, айымыз оңынан туар еді ғой. Шығыс әпсанасындағы жекпе-жек шеберлерінің мына бір тәмсілі дәл қазіргі қазақ қауымының әйелі мен еріне қатар айтылғандай. «Күшті болсаң, алдымен өзіңді, іштегі менмендігіңді жеңіп көр!».
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz