Отбасын қолдау – Отанды қолдау
Қарағандыдағы отбасын қолдау орталығының ашылғанына жарты жылға жуықтады. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар қолдау тауып жүр. Орталық мамандары мүгедек балалары бар, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жан-жақты көмек көрсетеді. Осы уақыт ішінде орталық екі мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен. Тегін.
Отбасы – мемлекет назарында
Ел бойынша отбасын қолдау орталықтарын ашу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан бастау алды. Президент бұл туралы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада айтқан болатын. Сол жиында Президент әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екенін атап өткен еді. Аталған мәселе «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты. Енді, міне, әр қала мен әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылуда. Мұндағы мақсат – отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығуы үшін толық әлеуметтік-құқықтық сүйемелдеу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Осы орталықтардың жұмысы Мемлекет басшысы қол қойған «Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңымен реттелетін болады.
Қарағанды қаласындағы отбасын қолдау орталығының басшысы Ләззат Қожахметова келер жылдан бастап орталықтардың жұмысы жанданады деп отыр.
– Қазір республика бойынша 34 мемлекеттік, 34 әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін орталық бар. «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңда отбасын қолдау орталықтары туралы бап бар. Сол жерде мұндай орталықтардың жұмысы, міндеті айқындалған. Бұған дейін жер-жерлерде ашылған орталықтар келер жылдан бастап әлеуметтік тапсырыстан кетіп, мемлекеттік мекеме ретінде ашылады. Ол не үшін? Әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын орталықтар үкіметтік емес ұйым ретінде саналады. Олар мемлекеттік органдардың деректерін көре алмайды. Егер мемлекетке қарайтын болсақ, біз кез келген қиын жағдайда отбасының барлық табысын, баспанасы, көлігінің бар-жоғын, несиелері туралы деректерді біле аламыз. Барлық орталықтар мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылады.
Осы арқылы отбасын қолдау орталықтарының қызмет аясы артады, құзыреті кеңейеді, – дейді Ләззат Қожахметова.
Орталықтың көмегі орасан
Мұндағы қызметінің негізгі бағыты – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Сонымен бірге, отбасының барлық мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына қолдау көрсету. Барлығы «бір терезе» қағидатымен жүргізіледі. Орталықта әлеуметтік, заңгерлік және психологиялық қызметтердің барлығы қолжетімді. Мамандар отбасылық кикілжіңдерді шешуге де көмектеседі. Тәжірибелі медиаторлармен кеңесу мүмкіндігі бар. Қабылдауды психотерапевт, психолог, нарколог, теолог-дінтанушы жүргізеді.
Бұл жерде электрондық үкімет қызметтерін де алуға болады. Тұрғын үйге, балабақшаға, педагогикалық-медициналық психологиялық кеңес, атаулы әлеуметтік көмек алуға кезекке тұру, балаларды Artsport және E-Daryn арқылы үйірмелер мен секцияларға тіркеу, «Бастау бизнес» курсына қабылдау, неке және туу туралы куәліктерді цифрландыру, электронды цифрлық қолтаңба алу және басқа да көмектер көрсетіледі. Яғни, келген адамның барлық қажетті көмегін бір жерден алуға жағдай жасалған.
– Бізге кез келген отбасы келе алмайды, – дейді Ләззат Таймырқызы, – Ажырасып жатқан, қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасылармен, зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейміз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің отбасының цифрлық картасы құжаты бар. Ол жерде барлық 20 миллион адам туралы барлық дерек жазылып тұр. Үйі, көлігі, табысы, жұмысы, жәрдемақы алады ма, жеке кәсіпкерлікпен айналысады ма, соның бәрі көрініп тұрады. Сол дерек бойынша Қарағанды қаласында 3 мың адамда мүлдем табыс жоқ. Министрлік солардың барлығымен жұмыс жасауды жүктеді. Біз ашылғалы бері 165 отбасыға бардық. Тексеріп көргенімізде барлығы бірдей кедейшілік азабын көріп отырған жоқ. Бірі коттеджде, тағы бірі көпқабатты үйлерде тұрады, көлігі бар, жеке кәсіппен айналысады. Ресми түрде тіркеліп, әлеуметтік жарна аудармағандықтан, табысы жоқ отбасы ретінде көрініп тұр. Әрине, арасында шынымен де аз қамтылған, мүгедек болса да, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдемеген отбасылар анықталды. Оның барлығына орталық мамандары көмектесті.
Бұдан бөлек, мамандар ажырасу процестеріне белсенді қатысуда. Бұрын ажырасу үшін, алимент өндіру мен мүлікті бөлу үшін әр сотқа жүгінетін. Қазір барлығы кәмелеттік жасқа толмағандардың (ювеналды сот) істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың қарауында. Онда баланың кіммен қалатыны және ата-аналардың баламен өткізетін уақытын белгілеу мәселесі де қаралады. Орталықтың психологтары мен психотерапевтері осы соңғы екі іске атсалысып жүр екен.
Орталық басшысы биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды қаласы бойынша 590 отбасы ажырасуға өтініш бергенін, оның ішінде, сот шешімі бойынша 37 отбасымен психологиялық диагностика жүргізгенін атап айтты.
– Республикада басқа бірде-бір орталық мұндай жұмыс жасамайды. Бұл – біздің орталықтың бір ерекшелігі. Біздің психологтар мен заңгерлер жарты жылдан бері ювеналды сотта кезекшілікте. Кеңес береді, татуластырады. Байқағанымыздай, жағдайы жоқ отбасылар емес, үйленгендеріне 2-3 жыл болған, көлігі, баспанадан мәселесі жоқ отбасылар ажырасып жатыр. Олардың ажырасып жатқанын тіпті, ата-анасы да білмейді. Сонда бір-бірімен түсіне алмай, қит етсе ажырасатын болып тұр ғой. Біздің мамандардың кеңесінен кейін 136 отбасы ажырасу туралы райынан қайтты, – деді Ляззат Таймырқызы.
Қолдау жан-жақты
Орталықта үш бөлім жұмыс істеп тұр. Психологиялық және құқықтық бөлімнен басқа әлеуметтік бөлім бар. Оның қызметкерлері әр мереке сайын отбасылар мен балаларға арналған түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырады. Үйде отырған аналарға кәсіп игеру курстарын өткізеді. Бұл ретте «Ашық» есік күндерін ерекше атап өткен орынды. Орталықта апта сайын түрлі сала мамандары келіп кездесу өткізеді, кеңес береді. Медицинаның әр саласының мамандары, білім беру, тұрғын үй, коммуналдық қызметтер, нотариустар, сияқты халық үшін қажетті деген мекемелердің мамандары арнайы шақырылады.
– Медициналық сақтандыру жүйесіне төлем жасамаған, тіркеуде жоқ адамдар үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Мұндай кездесулерге келетіндер көп. Содан-ақ, бұл шараның маңызды, халық үшін қажетті екенін байқауға болады. Халық арасында әлі де заңгерлік сауаттылықты арттырып, психологиялық көмек бағытында жұмыстар керек. Орталық ашылғалы бері 2 мыңнан астам адамға көмек көрсеттік, – деді орталық басшысы.
Ләззат Таймырқызы сөз арасында жақында зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының да ашылатынын айтып өтті. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Онда бір уақытта 15 адам орналаса алады.
– Үйлерінде зорлық-зомбылық көретіндер көп. Балаларымен қашып шығады, біз хабарласқан жерінен алып кетеміз. Бірақ, өзімізде мұндай орын болмағандықтан, басқа орталықтарға орналастырып жүрдік. Енді, болады. Онда күйеуінің үстінен полицияға арыз жазғандарды ғана аламыз. Көбісі, бір-екі аптадан кейін өздері зәбір көрген күйеулеріне қайтып қосылады, – деді ол.
Орталықта ана мен баланың, жалпы, отбасының барлық мүшесі үшін жайлы жағдай ұйымдастырылған. Операциялық зал, күту орны, жеке кабинеттер мен шара өткізетін орындары толығымен жабдықталған.
Ардақ Жаханова – орталықтың әлеуметтік заңгері. Оның айтуынша, көпшілік жүгінетін мәселелер – ажырасу, алимент өндіру, әкелікті анықтауға қатысты. Сонымен қатар, алимент мөлшерін азайту мақсатында ер азаматтар да жиі келеді екен.
– «Мінездеріміз жараспайды» – жиі айтылатын себеп. Әрине, отбасындағы одан да басқа келіспеушіліктер себеп болады. Өз тарапымыздан түсіндіріп, кеңес беріп, татуластыруға тырысамыз. Соңғы шешімді сот шығарады, – дейді заңгер маман.
Әр жағдайға – бірегей назар
Отбасын қолдау орталығы мамандары жеке адамдарға да, отбасының түгел мүшелерін де көмек көрсетеді. Бұл ең әуелі психологиялық мәселелерге байланысты. Мәселе бірдей болғанымен, оның түп тамыры, себебі, әсері әртүрлі. Әр жағдайды бөлек қарастыратынын айтады мұндағы мамандар. Лаура Әліпбаева 9 жылдан астам еңбек өтілі бар психотерапевт әрі психиатр.
– Отбасылық мәселемен жиі келеді. Бір-бірін естімеу, түсінбеу, интернетке, ставкаға, ішімдік пен есірткіге, адамға да тәуелдік болады. Дәрі тағайындаймын. Жағдайы ауыр болса, ауруханаға жіберемін, – дейді тәжірибелі маман.
Оның қабылдауына аптасына 10-12 адам келеді. Әр жұма сайын емдік профилактикалық мақсатта тренинг өткізеді екен. Мәселен, ертең темекіге тәуелділік туралы тренинг өткізбекші.
– Жалпы, жаман әдеттер туралы, олардың алдын алу мақсатындағы түсіндіру жұмыстарын оқу орындарында да, құқық қорғау органдары мамандар да жүргізеді. Алайда, құр лекцияның 10%-ы ғана адамның есінде қалады. Бұл ғылыми дәлелденген. Ал, айтылған сөзді тәжірибемен ұштастырса есте қалу деңгейі жоғары. Тренингтің кезінде жаттығулар болады. Болашаққа, өткен шаққа барамыз, – дейді ол.
Маманның айтуынша, жеке терапиядан өткен дұрыс. Сонда мәселенің себебін толық талдауға мүмкіндік болады. Әр отбасымен жеке жұмыс жасау керек.
– Әрине, белгілі бір қалыптасқан стандарттар бар. Дегенмен, ол әр адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Мәселен, оверсайз киім біреуге жақсы тұрады, біреуге жараспайды деген сияқты. Жеке терапия нәтижелі болуы үшін 50 реттен артық болуы керек. Адам жарты жылдай келуі мүмкін. Реніші басып, кекшіл адамға екі де, 10 сеанс та көмектеспейді. Терапия зерттеу, қорытынды сияқты кезеңдерден өтеді. Басты критерий – сенім, маман мен келген адам арасындағы ашық диалог, қарым-қатынас, – деп түсіндірді Лаура Есболатқызы.
Адамның өзін-өзі зерттеп, тануына ден қойып отыр орталық мамандары. Психолог Салтанат Кеңесбекова да осы тұрғыдан көмек беруге әзір.
– Көбінесе әйел адамдар келеді. Жұбайымен, балалармен қарым-қатынасты реттеу, өзін-өзі дамытуға қатысты жүгінеді. Ер адамдар да болады келетін. Қуантатыны, жастар жиі келеді. Әр жас кезеңінің өзіне тән проблемалары болады. Ажырасу жағдайында балаға таласу мәселесімен де келетіндер бар. Әдетте, мұндайда бала анасымен қалатын. Бүгінде баласын өзімен қалдыруға ниетті әкелер қатары көбейіп келе жатқанын тәжірибемнен байқаймын. Бұл жақсы деп ойлаймын. Анасы да, әкесі да бала алдында бірдей жауапкершілікке ие. Баланың жас ерекшелігі, эмоционалдық бауырбасу деңгейі зерттеледі. Ересек адамдар бұл қадамға барғанда өздері үшін жауапкершілік алды, ал, балада ондай құқық болған жоқ. Бала үшін олар шешім қабылдады. Бала үшін қайсы жақсырақ, дұрысырақ деген мәселеде кеңес беруге тырысамыз. Кәсіби тұрғыдан айтқанда, бұл мәселеде жақсы жаққа кетіп бара жатырмыз деп ойлаймын. Себебі, сауатты ажырасу деген бар. Балаға барынша психологиялық не моральді залал келтірмеуді ескеретін ата-аналар бар, – дейді маман.
Қиын жағдайдағы адамға айтылған кез келген ақыл-кеңес оның әрі қарайғы әрекетіне ықпал етуі мүмкін. сондықтан, орталық маманадры әр адамның жағдайына барынша бойлап, себебін анықтап, болуы мүмкін салдарын айқындап береді. Қазір қоғамда естіген құлаққа түрпідей тиетін жағдайлардың орын алып жатқаны жасырын емес. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны түсінікті жайт. Бірақ, екі жанның арасындағы келіспеушілік отбасының әр мүшесіне, тіпті, қоғамға да әсер ететіні естен шығып кетеді. Себебі, әр отбасы – қоғамның бөлшегі, оның іргетасын қалаушы. Ал, іргесі берік қамалды жау алмайды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz