Бас тақырып

Отбасы – Отан тірегі, қоғам жүрегі

2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысына сүйенсек, елдегі отбасы саны 5 578 947-ге жетіпті. Ал, 2009 жылғы санақ деректері республикада 4 022 388 отбасы бар екенін көрсеткен еді. Соңғы он жыл ішінде бір жарым миллионнан астам шаңырақ бой көтерген. Отбасын құру бір бөлек, құндылықтарды сақтап, шаңырағы шайқалмайтын, іргесі берік отбасын қалыптас­тырудың жөні мүлде бөлек. Қиыны да осы соңғысы.

Сурет: ile-tany.kz

Қолдау – бірінші кезекте

Отбасы институтын нығайту – мемлекет аса көңіл бөліп отырған стратегиялық міндет. Оның маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Берік және бақытты отбасы – қоғамның негізгі құрамдас бөлігі әрі мемлекеттің сенімді тірегі. Өз кезінде мемлекет пен қоғам отбасыларды нығайту мен балалардың жан-жақты дамуына жауапты болуы – заңдылық. Бүгінде елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес отбасы және отбасылық құндылықтар институтын нығайту, отбасыларды әлеуметтік қолдау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытындағы жұмыстар қолға алынған.

Осы ретте Әлеуметтік кодекс аясында енгізілген Отбасының цифрлық картасы жобасы ерекше тоқталуды қажет етеді. Себебі, елдегі 20 миллионнан астам қазақстандықтың жағдайы осы картаға енгізілген. Жоба бұрын-соңды жүзеге асқан бағдарламалардан бөлек. Мұның ерекшелігі жергілікті органдар дағдарысқа ұшыраған, не болмаса төтенше жағдайға тап болған отбасылардың өздерінің хабарласқанын күтіп отырмайды. Өздері дереу көмек көрсете бастайды. Себебі, олардың ай сайынғы аударымдары, түсетін жәрдемақы, еңбекақы, төлемдері оларға көрініп тұр. Дағдарыс шегіне жақындап қалған отбасыларға көмекті сұратқызбай-ақ көрсете бастайды. Ол адамдар тек SMS арқылы қызмет алуға келісім берсе, болғаны. Қандай көмек десеңіздер, отбасының жұмыссыз мүшелерін жұмысқа, балаларды балабақшаға орналастыру, медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайтын отбасы мүшелерін медициналық мекемелерге тіркеу, мерзімі 3 айдан асқан несиелер бойынша банкроттық туралы кеңес беру қызметтері.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, Отбасының цифрлық картасына аймақтан 1 миллион 134 мың адам, 413 мың отбасы енген. Оның ішінде, көпбалалы отбасылар қатары 15 047, әлеуметтік аз қамтылғандар ретінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 10 мыңға жуықтайды, нақтыласақ, 9 555. Отбасының цифр­лық картасында осы отбасыларға ерекше назар аударылады. Себебі, көбінесе олар жобадағы Д – дағдарыс және Е – төтенше санатында. Тиісінше көмекті де соларға көбірек көрсету керек.

Көмектің үлкен-кішісі жоқ

Аз қамтылған отбасыларды, оның ішінде, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында сәйкес әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құраса, тағайындалады.

Қаржылай көмек әр балаға да беріледі. Қыркүйектің біріндегі мәлімет бойынша атаулы әлеуметтік көмек 1 287 отбасындағы 5 997 адамға көрсетілді. Оның ішінде, 458 көпбалалы отбасы бар. Одан бөлек, алты жасқа дейінгі 1 712 бала да қаржылай көмек алды. Атау­лы әлеуметтік көмек негізінен, қаржылай көмек және жұмысқа қабілетті отбасы мүшелеріне жұмыс тауып беру арқылы отбасын қиын жағдайдан шығаруды көздейді. Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы да ай сайын тұрақты түрде төленіп отырады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында белгіленген тәртіппен жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетілетінін де айта кеткен орынды. Соңғы деректер бойынша мұндай көмекті 2 402 адам, яғни, 2 069 отбасы алған. Айтылып та, жазылып та жататын «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты», «Jumys tap», «Мүмкіндіктер марафоны», «Қарыз­сыз қоғам» секілді жобалар жеке адамды нысанаға ала отырып, оны дамытады, ынталандырады, әлеуметтік тұрғыда қалыптастырады. Мұның с­­ыртында бала күтіміне байланыс­ты жәрдемақыны 1,5 жылға дейін созу, балаларға Ұлттық қор табысынан түсетін қаржылай көмек туралы айтпай кетуге болмас.

Отбасын қолдау орталықтары тікелей қиын жағдайдағы отбасыларға бағдарланған. Мұндай орталықтардың санының артуы мемлекеттің отбасыларға жасалған қолдау мен көмегін айқын көруге болады. Облыс орталығынан бөлек, орталықтар Теміртау, Балқаш, Саран қалалары мен Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандарында жұмыс істеп тұр. Орталық мамандары құқықтық, психология­лық, әлеуметтік көмек көрсетуге әзір. Десе де, мұнда көмектен де маңыздырақ дүние бар. Ол – отбасылық құндылықтар.

Отбасы құндылығы өзгере ме?

Осыдан екі жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасын әзірледі. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандықтардың көпшілігі отбасы құндылығын мойындайды. Қазақстандық отбасылар балаларының бойына сіңіруге тырысатын басты құндылықтардың ішінде еңбексүйгіштік – 33,8%, өзін-өзі құрметтеу – 31,8%, адалдық – 31,7%, үлкендерге құрмет – 25,3% және басқаларға құрмет – 16,6% бар. Бірақ осы көрсеткіштерді осыдан он жыл бұрынғы деректермен салыстырсақ, құндылықтар да өзгерген. Мәселен, жоғарыда айт­қан еңбексүйгіштік 2020 жылы 64,1% болса, 2022 жылы 33,8%-ға төмендеген. Үлкенге құрмет он жыл бұрынғы 54,9%-дан 25,3%-ға азайған. Отанға деген махаббат 16,4%-дан 7,1%-ға түскен. Отбасы институты мен оның құндылықтары біртіндеп өзгере бастағанын статистикалық дәйексіз-ақ аңғару қиын емес. Ұлттық баяндаманы әзірлеген әлеуметтанушылар елімізде отбасылық құндылықтардың өзгеруіне бірқатар факторлардың әсер етіп жатқанын алға тартады. Олардың ішінде тек ішкі ғана емес, сонымен қатар, сыртқы жаһандану процесінің әсері зор. Бүгінде көптеген ерлі-зайыптылар үйлену тойы мен баспанаға ақша жинау үшін «азаматтық» некеде тұра бергенді құп көреді. Сондықтан, некені ресми тіркеуге асықпайды. Отбасы құндылықтарының тағы бір тенденциясы – ерлі-зайыптылар арасындағы келісім негізінде отбасын құру. Олар отбасында да, кәсіпте де өзін-өзі жүзеге асыру үшін серіктес болады. Сонымен қатар, сарапшылар жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне қазақстандық отбасылардағы негізгі үш құндылықты көрсетеді. Жауап берушілердің 62,7%-ы үшін біріншісі – бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау көрсету. Одан кейін – махаббат (43,2%) және балалар (38,7%). Отбасы – шағын мемлекет десек, ондағы кез келген өзгерістер қоғамдағы өзгерістерге алып келеді. Тұтас мемлекеттің мықтылығы қоғамдағы сан миллион отбасының ахуалымен өлшенеді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button