«Отбасы бюджеті – үнемге тәуелді»
Ортақ мүддені мақсат тұтқан отбасылар қаражатты ақылмен басқаруға тырысады. Мамандар ақша жинау барысында отбасы мүшелерінің бірігуі ең тиімді шешім екенін жиі айтады. Алайда, берекесі шалқып отырған кез келген жас отбасының аяқ астынан қаржылық дағдарысқа тап болып, күйреуі басым. Қарағанды облысындағы «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Әсел Атабаева үнемдеудің кез келген түрі жеке қаржыны бақылаудан басталатынын айтады. 6,3 миллион қазақстандықта несие бар, оның 1,3 миллионы уақыты өтіп кеткен немесе бірнеше несие алып отырғанын алға тартқан сарапшы, табыстың 10-20 пайызын жинаққа салып отыруға кеңес береді.
– Әсел ханым, неліктен отбасылық бюджетті жоспарлау керек?
– Отбасы мүшелері қаржылық тұрғыдан сауатсыз болса, құлдырайды. Кірістері мен шығыстарын есептемейтін әрбір жас отбасы жоспарланған және нақты шығындарды бөліп, үнемі салыстырып, талдап отыруы қажет. Отбасылық бюджетті құру барысында жиі кездесетіні – айлық жаспарлау. Бюджет кестесін әртүрлі тәсілдермен қағазға, MS Exel-де арнайы бағдарламалар арқылы жасауға болады.
– Бір айға арналған отбасылық бюджеттен мысал келтіріп беріңізші?
– Мысал ретінде бірлескен отбасылық бюджет типіне жататын 4 адамнан тұратын (3 жастағы балалары бар) отбасын алайық. Отағасының (күйеуінің) табысы негізгі еңбек жалақысы 200 000 теңге, әйелінің табысы 59 990 теңге. Отбасындағы барлық табыс мөлшері – 259 990. Енді шығындарға келсек, интернетке – 6 490, киім-кешекке – 20 000, тұрмыстық химия – 3 000, азық-түлік (ауыспалы шығын) – 20 000. Отбасына кететін барлық шығындар –110 490 теңгені құрады. Енді балабақшаға – 15 000, ойыншықтарға – 5 000, қыдыру – 10 000 теңге. Жалпы балаларға кететін барлық шығындар – 30 000 теңгені құрады. Отағасы көлікке – 15 000, шаштаразға – 3000, моншаға – 4000 жұмсайды. Сонымен, отағасының (күйеуінің) барлық жеке шығындарын шығару керек. Осыған отанасының жеке шығындары мен күтпеген көлденең той-жиындарға жұмсалатын (15-30 000 теңге) қаржыны қосыңыз. Соңында отбасының барлық үнемделген қаржысы – 0. Отбасында артық қаржы тұруы тиіс. Сондықтан, барлығын жазу керек. Егер адам ауырып қалса, жұмыссыз қалса, жарты жылға дейін жететін қаржысы болуы керек. Ал, бізде той жасарда «бір мәнісі болар» деген үмітпен көзді жұмып, несие алады. «Ағайын-туған қолдайды» деген кері түсінік те бар. Қандай жағдайда болмасын, ең алдымен, өзіңе, мүмкіндіктеріңе сенген дұрыс.
– Отбасы қорын сақтауда балаға да шығын жұмсалады. Қанша жастан бастап балаға ақша пайдалануды үйрете бастаған тиімді?
– Бала 3-4 жаста болғанда ақшаны түсі әртүрлі кеселерге салуды өтініп, монеталарды тануды үйретуге болады. Мысалы, 100 теңгелік монетаны қызыл кесеге, 50 теңгені жасыл кесеге салсын. Сондай-ақ, қызыл кеседегі ақшаға ойыншық, жасыл кеседегі ақшаға балмұздақ сатып алуға болатынын түсіндіру керек. Дүкенде сатушы ойынын ойнап, тауарларды қойып, олардың бағаларын жабыстырып қойыңыз. Күнделікті жұмсау үшін балаға ақшаны 6-8 жаста береді. Дүкеннен өзі сауда жасап үйренгені жақсы. Сосын ақшасын дұрыс жұмсағаны үшін мақтау керек. Олар үлкендердің ақшаны қалай жұмсайтынын бақылап жүреді. Мәселен, кола сусынын алсаңыз, ол да кола алады. Өкінішке орай, темекі секілді дүние алсаңыз, ол да бейімделуі мүмкін.
– «Қарызсыз қоғам» жобасында отбасылық бюджетті сақтауда қандай жаңа талаптар ұсынасыз?
– Жобаға екіден астам несиесі бар және алған несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болғандар қатысуда. Онлайн режимде несиеге жүгініп, тіпті, қай банктен алғанын да білмейтіндер бар. Кейбір адамдар келісімшарттарды да мұқият оқымайды. Ал онда, мысалы, несиені мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл бар деп жазылған. Жыл бойы несиемен қиналған жандарға қаржылық және құқықтық көмек көрсетеміз. Банктік несие мен шағын несие бойынша қарыздан құтылудың дұрыс жолына бағыттаймыз. Бағдарлама шарттары қарапайым тілмен түсіндіріледі. 80% тәжірибе арқылы көрсетіледі. Бастапқыда отбасылық немесе жеке қаражатты санап, тиімді жоспарлау әдісі үйретіледі. Кейін бір мақсатқа қалай дұрыс жинау туралы айтылады.
– Қаржы үнемдеу жайлы танымал бағдарламаларды атап өтсеңіз?
– Бағалы қағаздарға инвестиция құю – ұзақ мерзімді қаржы жинаудың заманауи әдісі. Кез келген адам құнды қағаздарға ақша құя алмайтындықтан, сізде мүмкіндік көп. 5000 теңгемен бастап, соманы көбейте аласыз. Сондай-ақ, ұялы телефонға жүктеп алуға болатын «шығындар журналы», Money Manager, Monefy бағдарламалары бар.
– Отбасылық қаржыны үнемдеудің ең қарапайым әдісі қағазға жазу арқылы сақтау дейсіз бе?
– Қолыңызға түскен тиын-тебенді сандықшаға салуды дағдыға айналдыру да ең қарапайым әдіс. Алайда, үйде сақталатын ақша инфляцияға ұшырайды. Жалақыны алғаннан кейін барлық шоттарды дереу төлеңіз. Ұялы телефон мен интернет тарифтерін үнемі салыстырып отырыңыз. Егер сізде электронды жазылымдар болса (онлайн кинотеатр, ойын қызметі, курстар), қажетсізін өшіріңіз. Қуатты үнемдейтін шамдар мен энергияны үнемдейтін құрылғыларды сатып алыңыз. Өзіңізбен бірге қайта пайдалануға болатын су бөтелкесін алып жүріңіз. Қолданбаларды жеңілдіктер орнатып, дүкен жаңалықтарына жазылыңыз.
Әңгімелескен, Аяулым СОВЕТ.