Отбасы берік болуы үшін…
Әдетте тойларда тілек айтқанда үлкендер «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дейді. Расымен де үйлену салтанаты – бір күнде өте шығатын дүние, ал, үй болуға, берекелі шаңырақ иесі болуға өмір бойы үйрену керек екен.
Берік отбасының негізі неде? Отбасының бақытты, бай-қуатты өміріне тікелей әсер ететін бірнеше факторды екшедік. Назар аударып көріңіз…
Бірінші байлық – денсаулық
Лили ПАК, облыстық отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі, репродуктолог:
– Отбасын құруға дайындық жасөспірім кезінен басталуы керек. Қазір жеткіншектер тез жетіледі, ерте есейеді. Ақпаратқа еш шектеу жоқ. Барлық ата-ана балаларымен ашық сөйлесе алмайды. Баланың дамып, өзгеріп жатқанын байқаса сырттан кеңес сұрамауы үшін маманға әкелу керек. Сондықтан, ата-анасы ұлдың да, қыздың да денсаулығын қалыпты ұстап, бақылап жүруі тиіс.
Мен қабылдауға жұптарды бірге шақырамын. Отбасын құруға, дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге екі адамның да қатысы бар. Бүгінде ер адамдар да қабылдауға келіп, дәрігердің ұсыныстарын орындайды. Осыдан оншақты жыл бұрын ер адамдар дәрігерден қашып, тексерілмесе де, өзін «саумын» дейтін. Қазір олай емес. Диагностика әлдеқайда жақсарды. Соның нәтижесінде болар, бедеулік әйелдерден гөрі, ер адамдар арасында жиі кездесетін болды. Балалы бола алмай ажырасып кетіп жатқан отбасылар көп. Сосын тағы бір мәселе, отбасында денсаулығында кемістігі бар бала дүниеге келсе, біздің қоғам әйелді кінәлап жатады. Алайда, балада ердің де, әйелдің де хромосомалары бар емес пе? Әйелін кінәлап, отбасынан кетіп қалатын ер адамдар да кездеседі. Бұл – қате пайым. Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін кем дегенде үш ай бұрын дайындықты бастау керек, ер де, әйел де. Ішімдік, энергетик ішпей, темекі тартпай, насыбай атпай, фастфуд жемей, денені шынықтырып, дұрыс тамақтанып, артық салмағы болса, арылуға тырысқаны дұрыс. Қосымша дәрумендер, фолий қышқылын пайдалану керек. Сосын тиісті дәрігерлік тексерулерден уақытылы өткен абзал.
Жан тыныштығы – ортақ келісімде
Лаура ӘЛІПБАЕВА, отбасын қолдау орталығының психотерапевт маманы:
– Отбасының психологиялық ахуалы – өте маңызды. Әсіресе, қазіргі заманда өзекті. Ол отбасының барлық мүшесіне эмоционалдық, психологиялық әсер етеді. Сондықтан, отбасы мүшелерінің бір-бірін ести алуы, түсіне алуы және келісе алуы өте маңызды. Осы үш қағидатты ұстанған отбасының берекесі артады, шаңырағы шайқалмайды. Мысалы, тұрмыстық қатынаста «мен шаршап тұрмын, мынаған көмектесші» деп міндеттемелерді бөлу және екінші адамның оның ести алуы және келісу. Ойымен бөлісе алуы, ештеңені жасырмау да маңызды. Отбасылар әу бастан келісіп, бір-бірімен сырласып, жасырын әрекеттер жасамауы қажет. Іштей қаламай, бірақ төзе берсе, уақыт өте келе ол психикалық ауытқуларға алып келеді немесе соматикалық ауруға ұшыратады.
Менің практикамда ести алу, түсіне алу және келісу отбасында өте маңызды. Бұл балаға да қатысты. Бала «каратэге бармаймын, суретке барамын» десе, оны оның қалауынан тыс каратэге беруге болмайды. Баланы да ести алу қажет. Балаға мектебі ұнамаса, сыныптастары ренжітсе, сабаққа бармай жиі «ауырады», біресе іші, біресе басы. Бұл баланы «естімегеннің» салдары. Оны ата-анасы, сынып жетекшесі, мектеп басшысы ести алуы керек, шешуі керек. Әйтпесе, балада психосоматикалық аурулар пайда болады.
Қарыз – отбасын құрдымға кетіреді
Әсел АТАБАЕВА, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қарағанды облысы бойынша жетекшісі:
– Қаржылық ахуал отбасының берекесіне тікелей әсер етеді. Материалдық жағдайы төмен қаншама отбасылар ажырасып жатады.
Жастар отбасында қаражатты бөлек ұстайтынын байқаймын. Біздің сабақтарымызда берілген тапсырмаларды орындау «бізді біріктірді» деп жатады олар. Қаражатты басқару, болашақты жоспарлау отбасын ұйыстырады. Отбасы болашағын жоспарлап, соған қарай қаражат жинауы тиіс. Мәселен, жас отбасы балалы болса, баспананы үлкейту, баланың біліміне, бірге демалысқа ақшаны жоспарлай білуі керек. Ортақ бюджет жүргізбесе де, міндеттемелерді бөліп алуы керек. Біреуі тамаққа, келесісі үйге қажетті заттарға, киім-кешекке жауапты болсын.
Міндетті түрде қаражат есебін жүргізу қажет. Оқитындардың 10%-ы ғана есеп жүргізеді екен. Қалғандары жай ғана еңбекақыдан еңбекақыға дейін «ақшасын шашып» өмір сүреді. Бір жағдай бола қалса, жиған-тергені жоқ, бірден несие алуға жүгіріп, қарызға батады.
Ондай отбасыларда балалар несие алу қалыпты жағдай деп қабылдап кеткен. Бұл дұрыс емес. Балалар да өсе келе осыны қайталайды. Инвестиция, инфляция, облигация дегендер оларға таныс емес. Енді несие ерлі-зайыптылардың ортақ келісімімен рәсімделеді. Бұл – ортақ жауапкершілік.