Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Отаныма оралдым” Жарты миллионға жуық отбасы Қазақстанға қазық қақты

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Қиындық пен қуаныш… Халық аяғын апыл-тапыл басқан жас баладай жан-жағына жасқана қарап, «алдағы уақыт қалай болар?» деген күдікпен жүрді. Әлем сын көзбен қарап отыр. Осы бір алғашқы кезеңнен бастап Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұлтаралық келісімді, ел бірлігін жаңа құрылған мемлекет саясатының темірқазығы ретінде ұстанды. Зобалаң жылдарда төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың Отанға қайтуын назарға алды. Бұл – Елбасының аумалы-төкпелі жылдардағы көреген саясатының бір көрінісі еді.

Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Бұл сәтті Қазақстан халқы ғана емес, қиырда қос жанары жаутаңдап, туған елге алыстан көз салған қандастарымыз да аңсай күтті. Өз қолымыз өз аузымызға жеткен тұста Елбасының алдымен ойлағаны шетте жүрген ағайынды елге әкелу еді.

1991 жылдың шілдесінде Елбасының Қытай Халық Республикасына жасаған тұңғыш сапарында Үрімшідегі қандастарымызбен кездесуі ұзаққа созылды. «Алыстағы ағайынға Қазақстан шекарасын айқара ашты, сол мәселені толықтай келісіп, шешіп келемін» деген болатын сонда Тұңғыш Президент.

Қандастарымыз қай жерде жүрсе де Отанына оралу мүмкіндігін күтуден шаршамады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, түрі басқа, тілі бөлек жат елде ата-бабаларының аманатын арқалаған ұрпақ Отанына көш түзеді. Атаның туған топыраққа деген құрметі – ақылымен, ананың туған жерге деген сағынышы әлдиімен бойына қонған ұрпақтың ата мекенге оралуы – парыз еді.

1991 жылдан 2021 жылға дейін 500 мыңға жуық отбасы елге оралған екен. Оның ішінде басым бөлігі Өзбекстан, Қытай мен Моңғолиядан келген. Қазақ елі қандастарды жат көрмей, алыс-жақын деп бөлмей, бауырына басты. Елге табаны тиген сәтте туған жерге тәу етіп, ауасын құшырлана жұтып, қара жерді сүйіп, «тәубе» айтқан талай қандастарымызды көрдік.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелде жүрген қазақтарды Қазақстанғашақыруы алыстағы ағайын үшін күтпеген қуаныш еді. Егде тартқан анамды алып, туғандарыммен, жолдасыммен тәуекелге бел будық. Жолдасымның жасы 21-де, өзім 19-да ғанамын. Үлкендер елге оралу керек деп шешті. Енді ғана отау құрғанбыз. Жолдасым «балаларымның болашағы үшін көшемін» деді. Әке-шешесі Баян-Өлгейде қалды. Жолдасымның, балаларымыздың болашағын аталары арман еткен Отанымен байланыстыруы – оның азамат ретіндегі парызы екенін түсіндік.

«Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» демекші, ол жақта да тұрмысымыз жақсы болды. Бірақ, байлықты балаларының бақытына айырбастап, тәуекелге бел буғанымызға қатты қуанамын. Кей кездері ұлдарына ашуланғанда «сендер әлі оң-солдарыңды айыра алмай жүрсіңдер, мен сендердің жастарыңда тарихи қадам жасап, атамекеніме келгенмін» деп кейіп қояды», – дейді Моңғолиядан көшіп келген Базаргүл Хизил.

«1991 жылғы наурыздың 17-і Моңғолия қазақтары үшін ең бір бақытты күн болды. Исі қазақ өкілдері жиналып, Ұланбатырдың теміржол вокзалында Қазақстанға аттанып бара жатқан алғашқы қарлығаштар – біздерді қуанышпен, атамекенге деген сағыныш жасын көлдетіп тұрып шығарып салды. Бұл күнді көрмегендер мені асыра сілтеп отыр деп ойлар. Көргенді өңдеудің, әсірелеудің қажеті жоқ, нақтысы осы. «Армысыздар» деп атажұртқа жеттік. Атамекендегі ағайынның ыстық құшағына бөленіп, қазаққа деген ыстық ықыластарын көрдік» деп жазды Қарқаралы ауданының 1991-2000 жылдардағы көші-қон орталығының уәкілі Серхан Мәлік өзінің «Оралу мен оңалу» кітабында. Қарқаралы ауданына сол жылдары 691 отбасы – 3070 қандас көшіп келген екен. Оның 116-ын мемлекет баспанамен қамтамасыз еткен. Қонақжай, дархан халықтың пейілі жат жерден Отанын аңсап келген қандастарымыздың жабырқауына жол бермеді.

– Шынымен, ағам бастап келген отбасыларды Қарқаралы ауданы құшақ жая қарсы алды. Әкеміз ерте қайтты. 60 жастағы анамыз 10 баласымен атамекенге келді. Отбасымызбен қазіргі Нұркен ауылына қоныстандық. Сол кездегі совхоз директоры Салықбай Нарынбеков басымызға баспана берді. Жергілікті халықтың қамқорлығы ерекше болды. Алдымызға мал салды. Ағайындарымның арнайы білімі бар-тын. Бірі – мұғалім, енді бірі механик болса, бірі – сауыншы болып еңбек ете бастадық. Өзімнің мейірбикелік мамандығым бар, сол кездегі аудандық денсаулық сақтау саласының басшысы Жақан Төлеутаев бірден мамандығым бойынша жұмысқа қабылдады. Жанымда жүрген әріптестерімнен үйренгенім көп болды. Бір қиындығы тіл мәселесі еді. Орыс тіліне шорқақ болдық. Бүгінде сол салада еңбек етіп жатқаныма 30 жылдың жүзі болыпты, – деп еске алды Күнсәуле Мәлік.

Еңбек адамның еңсесін көтеріп, беделін арттырады. Бүгінде Мәлік отбасы – жергілікті халық алдында абыройлы әулет. Нұркен халқының Күнсәуле апайға деген ілтипаты ерекше. Уақытпен санаспай, өз міндеті мен жауапкершілігі жолында алтын уақытын аямай еңбек етіп келеді.

Төрткүл дүниеде жүрген бар қазақтың басын жинауға жауапты азаматтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сол кездегі қиын-қыстау кезеңге қарамастан жұмыла жұмыс істеп, қайраткерлік танытты. Иә, тынымсыз тірлік зая кетпеді, ойдағы орындалып, ортамыз толды.

Ата қонысын аңсап келген қандастарымызды қолдау мақсатында 5 рет құрылтай ұйымдастырылды. 2017 жылы өткен құрылтайда қауымдастық жұмысын жандандыру мақсатында «Отандастар» қоры құрылды. Президенті болып Нұртай Әбіқаев тағайындалды. Содан бері әр облыста бөлімшелерін ашу қолға алынды. Қарағанды облысында 2018 жылы филиал жұмысын бастады.

Меруеш БАШАЙ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы:

– Дүниежүзі қазақтары құрылтайы 1992 жылы күз айында шақырылып, әлем қазақтары бас қосты. Төраға ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бір ауыздан қолдап, құрылтай өткізді. Қауымдастықтың мақсаты – жат жердегі қандастарды жан-жақты, яғни, рухани, әлеуметтік қолдау еді. Тәуелсіздік алған тұста алғашқылардың бірі болып моңғолиялық қандастарымыз тарихи Отанына табан тіреді. Сол кезден бүгінге дейін Қарағанды облысына 80 мыңнан астам адам қоныстанды.

Алмағайып заманда өзге елге кетіп, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста атамекенге оралған қандастарымызбен бірге ұлттық құндылықтарымыздың бір парасы қайта жаңғырды. Өшкеніміз жанып, өткеніміз оралды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button