Білім

Отандық ғылымға олжа салғандар

Инженерлік кадрдың қаласы Қарағандының өмірі өндіріспен тығыз байланысты. Білгендер «Қарағандының көмірі жарты әлемді жылытады» дейді. Ұстахананың жоғары брендін сақтау оңай емес. Дегенмен, бүгінде Арқа ғалымдары қуатты ғылыми-білім беру базасын қалыптастырып, жоғары интеллектуалдық әлеуетін байқатып үлгерген. Біліктілікпен қатар тәжірибесі ұштасқан дәрігерлерімен танымал өлке Қазақстан тарихынан ойып тұрып орнын алды. Өндірісі қайнаған, өмірі жайнаған өңірдің қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілігі жоғары.

Коллаж М.Әйнекова

50-ші жылдары…

Қарағандының 50-ші жылдардағы өркендеуі – Қарағанды техникалық университетінің тарихымен әрі Қазақстан өнеркәсібінің қарқынды дамуымен сәйкес еді. Соғыстан кейін көп мамандар Қарағанды қаласында көмір бассейнін көтеруге қалды. Сол уақытта Орталық Қазақстанда қара және түсті металлургия алпауыттарының салынуына орай, көмірге және басқа да пайдалы қазбаларға сұраныс артты. Қаладағы шахтаға қажет инженер кадрлар үшін Қарағанды тау-кен институты құрылып, директор қызметіне қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженері, техника ғылымдарының кандидаты Жүніс Нұрмұхамедов тағайындалды. Шахтада жұмыс тәжірибесі бар алғашқы 209 адам сол кезеңде тау-кен электромеханигі мамандығына қабылданған. Институт ашылған жылдың өзінде 8 ғылым кандидаты болыпты. Жұмысшы жастар өндірісті әрі кешкі бөлімдегі оқуды қатар алып жүріп, өңір өнеркәсібін жандандырған.

1955-1959 жылдары аймақта Алаш арысы, профессор, мемлекет қайраткері Әлімхан Ермеков есімі ерекше танылды. Көрнекті ғалым қарағандылық институтта қызмет ете жүріп, математикалық терминологияны дамытты. Институтта дәріс оқуымен қатар, қазақ жастарына арнап қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғары математика» оқулығын шығарған. Түпнұсқасын автор Қарағандының өлкетану мұражайына тапсырыпты. Сол кезеңде Орталық Қазақстанда металлургия, тау-кен, машина жасау, энергетика, көлік және құрылыс салалары қарқынды дамыды. Жаңа инженер маманның қажеттілігі туындап, Қарағанды тау-кен институты политехникалық институт – ҚарПТИ аталып, республикадағы алғашқы политехникалық институт болды. Қарағандылық университет сол уақыттың өзінде қазақ өнеркәсібіне 28 мың инженер сыйлаған.

50-ші жылдардан кейін…

Қаладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу және жобалау институттарында мыңға тарта ғалымдар еңбек етті. 1970 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті құрылып, ғалым Евней Бөкетовтің бастамасымен жаңа мамандармен толыққан оқу орны, отандық ғылымның өркендеуіне өз үлесін қоса бастады. Балқаш кен-металлургия комбинаты өндірісінде мыс рудаларын жинақы өңдеу технологиясын жасады. Қарағандылық ғалымдар осылайша Қазақстандағы жаратылыстану ғылымдарын жаңа сатыға көтерді. Өтпелі кезеңде еліміздегі екінші университеттің тура Қарағандыда ашылғаны өңірді ғылым-білімі талапқа сай, өркен жайған өлкеге айналдырды.

– Бір байқағаным – біздің Ебекеңді елдің ірі университеті ректорларының көбі жақсы танып сыйлайтын. Қарағанды университеті қаз тұра бастаған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Ебекеңнің арқасында бүкіл Кеңес Одағына танымал болды. Олай дейтінім – шыны керек, Қазақстанның Қарағанды деген қаласында республикадағы екінші университет ашылды дегенді екінің бірі біле бермейтін. Ал, оның ректоры Ебіней Арыстанұлы Бөкетов десең, «Ол кісіні білеміз, өте үлкен ғалым, тамаша адам», – деп лебіз білдіргенінің талай куәсі болдым,– деп еске алады физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаев.

Тоқырау жылдары туған жастардың «Евней Бөкетов» есімі аталса, өздері қанат қаққан Қарағанды университетін ойлауы заңды. Бүгінде «Бөкетов» жастары әлемнің алпауыт елдерінде көк байраға мызды көкке көтеріп жүр.

Кейінде заманауи буын арасында Қарағанды десе – «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаевтың қаласы ма?» дейтін түсінік қалыптасып келеді. Қарағандыдан шыққан «ХХ ғасырдың ғұламасы» суық жарықты ойлап тапты. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалықты әлем физиктері түгел мойындады.

Қарағандыда сондай-ақ, медицина ғылымдарының докторы Бахия Атшабаровты ерекшелейміз. Атшабаров есімі Семей ядролық полигонының зардабын зерттеген тұңғыш қазақ ретінде әлемге танымал. Ғалымның қазақтың тағдырлы жолында жасаған ерлікке толы еңбегі ерен. Қарағанды педагогикалық училищесінен тәлім алған ғалым ерлігі солақай саясатқа байланысты ұзақ жылдар бойы айтылмағаны рас…

Әлем елдері бүгінгі таңда ХХІ ғасыр дәрісі – «Арглабинді» Қарағандыдан іздейтінін мойындаған жөн. Қарапайым ғылыми зертханада кәдімгі жусанның обырға қарсы тұрар қасиеті барын анықтаған – ғалым, академик Серғазы Әдекенов. Ол – АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Германия, Италия, Швецияға сатылған «Арглабин» дәрісін шығаратын Қарағанды фармацевтикалық зауытының басшысы. Бүгінде дәрінің дүниежүзіне қажеттілігі 1 миллиард дана ампуладан асыпты.

Отандық ғылым тарихында екі ғасырдың аса көрнекті тұлғаларының өмір жолынан бөлек, айтулы еңбектерінің өзі – ерен. Басым көпшілігі бар ғұмырын туған қаласымен, байланыстырып, өркендеу жолына арнаған. Сол ғалымдардың дәрісін әлемнің «мен» деген көшбасшы оқу орындары тыңдауға даяр екенін естігенде, ерекше күйге бөленетінің рас. Өйткені, олар – қарағандылық!

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button