Отандық өнімнің жаңа деңгейі
Облысқа өңірлік даму және бақылау басқармасының басшысы Берік Жәкенов бастаған Үкімет аппаратының делегациясы келді. Алқа мүшелері облыстағы бірнеше іргелі кәсіпорынды, оның ішінде, Абай тігін фабрикасын, сондай-ақ, автобус шығаратын QazTehna мен тұрмыстық техника шығаратын Silk Road electronics зауыттарын аралады.
Аймақта 1200-ге тарта кәсіпорын болса, оның басым бөлігі шағын және орта бизнеске тиесілі. Бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша ұлттық рейтингте облыс республика бойынша екінші орында. Өнеркәсіпті дамыту және импортты алмастыратын жаңа өндірістерді құру әлеуеті де жоғары.
Үкімет аппаратының делегациясы Saran индустриялық аймағына ат басын бұрып, автобустар мен тұрмыстық техника шығаратын зауыттардың өндірістік үдерісімен етене танысты. Мәселен, жаңа Silk Road электроника зауыты қазірдің өзінде 32 мыңға жуық кір жуғыш машина шығарған. Зауыт, мұнымен қатар, газ плита, теледидар, шағын пеш, шаңсорғыш, су жылытқыштар құрап шығарады. Шикізат Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан, Кореядан тасымалданады. Ендігіде Samsung компаниясымен межелі жұмысты бастап, Германия нарығына шығу жоспары бар.
QazTehna автобус және арнайы техника зауытының жобалық қуаты жылына 1200 автобусты құрап шығарарлық әлеуеті бар. Қосымша 700 жұмыс орны ашылды. Былтыр Қазақстандағы нарық үлесі – 67% көлемінде. Бүгінде қажетті металл ірі компаниялардан сатып алынады. Үкімет аппаратының өкілдері шағын кәсіпорындармен жұмысты бастау арқылы бәсекелестік орта құруды ұсынды.
Биыл Абай тігін фабрикасы Қазақстанның ішкі нарығына 400 миллион теңгелік өнімін сатқан еді. Жұмыс киімдері үшін отандық өндіруші Azala матасы қолданылады. Фабрика директоры Нұрхан Жұмабековтің айтуынша, өзекті мәселенің бірі – тігіншілердің жетіспеушілігі. Қазір мұнда 100 адам жұмыс істейді, ал, тігін ошағы әлі 700-дей адамды жұмысқа қабылдауға әзір. Колледж студенттерін оқыту мәселесі оңтайлы шешілді, зауыт бригадирлері жас шәкірттерді өндіріс аумағының өзінде оқытатын болады.
Кәсіпорын басшылары отандық өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын бірқатар тиімді шаралар легін ұсынды. Өз кезегінде делегация мүшелері қазақстандық қамтуды арттыру қажеттігін де ерекше атап өтті.
– Біздің басты міндетіміз – жергілікті өнім өндіруді арттыруға қолайлы жағдай жасау. Импортты алмастыратын жаңа өндірістерді құруды ынталандыру үшін шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын қамтамасыз ету қажет, – деп тұжырды сөзін Берік Жәкенов.
Осылайша, Үкімет аппараты делегациясының Қарағанды облысына сапары өңірдің өнеркәсіпті дамытудағы және экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы басым бағыттарын тағы бір мәрте айқындады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz