АймақҚарағанды

Отандық өнімге басымдық беріледі

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Қарағандыда болып қайтты. Облыс әкімдігінде аймақ басшысының орынбасары Бауыржан Асановпен және өңір кәсіпкерлерімен азықтүліктің қолжетімділігі, отандық өндірушілерді қолдау және сауданы реттеу мәселелері талқыланды. Вице-министр жұмыс сапары барысында әлеуметтік баға мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатылатын көкөніс қоймаларының қорларын аралап көрді.

– Бүгін өңірімізге Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жұмыс сапарымен келіп отыр. Мұндай кездесулер мемлекеттік құрылымдар, бизнес және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда маңызы зор. Бұл бізге сауда саласын қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларымен және перспективалық жоспарларымен танысуға, сауданы, аймақ экономикасын және жекелеген жобаларды дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Асанов.

Айжан Әділқызы Сауда және интеграция министрлігі жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның біріншісі – азықтүліктің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл – тауарды қажетті көлемде, сапада және қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ, сауда субъектілерін отандық өнімді сатуға ынталандыру.

– Осы бағытта министрлік заңнаманы жетілдіреді. Стандарттарды әзірлейді, бақылау іс-шаралары мен талдамалық зерттеулер жүргізеді. Мәселен, жақында 20 қалада сөрелерде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бойынша ауқымды зерттеу аяқталды. Оның қорытындысы отандық өнім орта есеппен 80%-ды құрайтынын көрсетті, – деді Айжан Бижанова.

Жалпы, отандық өнімнің нарыққа шығуын арттыру үшін бірқатар міндеттемелер белгіленген. Атап айтқанда, «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгінің болуы, отандық азықтүлік үшін сөре кеңістігінің 30%-ын бөлу және қолжетімді орындарға орналастыру.

– Біз тұтынушылар шатыспауы үшін өнімнің сапасы мен экспозициясына қойылатын талаптарды күшейттік. Мысалы, сүт – сүт өнімінің, май – май өнімінің жанында тұрмауы керек. Сондай-ақ, шағын және орта өндірістерді кеңейтуге және олардың өнімдерінің сауда желілеріне шығуына кедергілерді жоюға бағытталған диалог алаңдары арқылы бизнеспен өзара іс-қимылды күшейттік, – деді Айжан Бижанова.

Мемлекеттік қолдау шараларын алған сауда объектілерінің сөрелерінде кемі 50% қазақстандық азықтүлік өнімдері және 20% азықтүлік емес тауарлар болуы керек. Осылайша, сауда субъектілерін қолдау арқылы отандық өнімдерді сату көлемі де ұлғаяды.

Айжан Әділқызы жәрмеңкелер халықты орташа нарықтық бағадан төмен бағамен қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына да тоқталды. Жалпы, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріндегі бағаны әкімдік ұсынады әрі өткізу кестесі тұрғындардың өңірлік ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырады. Ал, шаруа қожалықтарын қолдау үшін сауда орындары тегін беріледі. Айтуынша, өткен жылы республикада 4000-нан астам жәрмеңке ұйымдастырылған.

Бірінші вице-министр министрліктің тағы бір маңызды бағытына тоқталды. Ол – сауда үстемесінің мөлшерін сақтау бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. 2024 жылдың қорытындысында құқық бұзушылықтарды анықтау және тиімсіз делдалдарды жою 4,5 есеге өскен. Министрлік мұнымен тоқтамайды және бақылаудың тиімділігін арттыру үшін заңнаманы жетілдіруді жалғастыра береді.

– Өткен жылғы 1 қарашадан «Халық Банкімен» бірлесіп «Digital bazar» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба тауар айналымын цифрландыруға, ақша легінің ашықтығы мен бақылауын арттыруға, шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған. Бұдан басқа, тауар биржалары саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Айжан Бижанова.

Бірінші вице-министрдің сөзінен кейін қарағандылық кәсіпкерлер сұрақтар қойып, оған жауап алды.
Кездесу соңында Бауыржан Қоңырбайұлы кәсіпкерлердің ұсыныстары мен ескертулері іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде ескерілетінін айтты.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button