Отанасы орталық жағалап жүр
Отбасы, отағасы, отанасы сынды сөздер әу бастан сүйегімізге сіңген. Оның ішінде отанасына көрсетілер құрметтің орны бөлек еді. Отанасын опындырып, қаңғыбастың күйін кешірген қоғамдағы олқылықтар отбасының отын өшіріп, ошағын иесіз еткенде жүрегің қарс айырылады. Бүгінгі қоғамның ащы шындығы – осы.
Кінәліні қай жақтан іздейік? Бұған жол берген отағасы дейін десек, барлық мәселе жалғыз отағасында ма? Отанасының өзінде дейін десек, барлық мәселе отанасында ма? Мыңдаған санаңды сансаққа жүгіртер сан сұраққа тап болып, шешімін табу қиынға соғатын сұрақтың жауабын іздеумен келеміз.
Бүгінде үйінен қашып кеткен немесе күйеуі үйінен ит қосып қуып шыққан нәзік жандыларды құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Ұрып-соққанға кім шыдасын?! Өз үйінен өзі қашуға мәжбүр болған аналар қатал тағдырдың адам төзгісіз сынағына ілінді. Кейбіреулер «әйелді бастан» деген сөздің байыбына бармай, бас көтертпей соққының астына алған. Мұндай жағдайдан жапа шеккен әйелдер қауымы біздің қоғамда аз емес. Қазіргі кезде бұл мәселе – қиынның қиыны. Бұдан бөлек, көше кезіп, көмек сұрап кеткен кей аналардың өмірімен таныссаң, бір-біріне шырмалып жатқан әлеуметтік мәселелерді көресің.
Мысалды алыстан іздеп қайтейін. Балқаш қаласында «Көмек» атты дағдарыс орталығы «Іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ жанынан қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен 2009 жылы ашылған. Сол уақыттан бері түрлі себептерге байланысты қиындыққа тап болған тұрақты мекен-жайы жоқ әйелдер мен балаларға қол ұшын беретін қаладағы орталыққа айналған. Көмекке зәру жандарға уақытша баспана ұсынылып, әлеуметтік, психологиялық және құқық бойынша тегін кеңес береді. Орталық ашылған уақыттан бері мұнда 1,5 мыңнан аса қыз-келіншек бас сауғалаған. Жылына 100-120 адам «Көмектің» көмегіне жүгінген. Бір айта кетері, өткен жылы дағдарыс орталығының жобасы республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан үздік жиырма әлеуметтік жобаның қатарына енген. Байқау жарияланып, қаржы мәселесі шешілгенше орталық жұмысы тоқтатылатын көрінеді. Одан кейінгі уақыттарда үзіліссіз жұмыс істейді екен. Тағдырында таршылық көрген қыз-келіншектер мұнда 10 күн паналай алады. 10 күн ішінде құжаттарын рәсімдеп, мәселелері шешілмесе, бір айға дейін қоныстауға мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, бұл орталықтың тұрақты ғимараты жоқ. Кең пәтерлерді жалдап, жанына сая іздеп келгендерге жәрдем береді. Шапағатсыз өмірден шапалақ жеп, қамқорсыз қалғандарды бейімдейтін мұндай орталықтың барына шүкір делік. Әйтпесе, жапа шеккендердің өмірлері қалай болып кетерін елестетудің өзі өте ауыр.
Орталық мамандарының сөзіне сүйенсек, құр сүлдерін сүйретіп келген азаматшалардың азапты ғұмыры сан қилы. Біреулерін баласы жатсынған, ал бірін күйеулері қуып шығып, киімдерін далаға лақтырған. Кейбіреуі бұрынғы баспанасынан айырылып, барар жер, басар тауы қалмаған соң балаларын ертіп орталықты паналаған. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған кез келген әйелдің бойында үрей мен қорқыныш, үміт пен арман қатар жүрері анық. Мұндағылар ертеңіне қарап алаңдайды, кешегісіне ой жүгіртіп қамығады. Сүйіспеншілік пен махаббатың ләззатына бөлене алмай, жаны жүдеп жабығады. Ойлап қарасақ, осы қамкөңілдердің тағдыры мен өміріне еш алаңдаушылық танытпай, өздерінің қара бастарының қамымен кете баратын «жүрексіз», қатыгез жандар арамызда табылады екен. Ондайлар үшін аналардың құны көк тиын. Осындайда «үлкендерді де тәрбиелеу керек шығар» деген ой қылаң береді. Сіз не дейсіз, оқырман?
Нұрдос КӘРІМ
Сурет интернеттен алынды.