Отан алдындағы парыз
Жауынгерлік дайындық, тәртіп пен жауапкершілік – сарбаздар күнделікті ұстанатын басты қағида. Олар ішкі тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қорғау, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қызмет атқарады. Әскери қызмет арқылы шыңдалып, нағыз азамат болып қалыптасады.
Қарағандыдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құрылым. Бөлімшеге Қазақстанның түпкір-түпкірінен жас сарбаздар келуде.
6505 әскери бөлімінде әскери өмірдің қатаң тәртібімен қатар, мәдени және рухани тәрбиелеуге де баса назар аударылады. Бөлімнің негізгі қызметі – Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі, маңызды мемлекеттік облыстарды күзету, Ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау. Сонымен қатар, қылмыстық атқару мекемелеріне жоспарлы теміржол қарауылымен айдау жұмыстарын жүргізу.
Ұлттық ұлан Орталық өңірінің қолбасшысына қарасты 6505 әскери бөлімінің командаларының тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Мақсат Мұқаевтың айтуынша әскерге жаңа келген сарбаздарға ең алдымен психологиялық және таныстыру сабақтары жүргізіледі.
– Қарағанды қаласында өтетін соттарда, сотталған адамдарды тасымалдау, түрме ішінде тыныштықты күзету біздің маңызды міндеттеріміз болып табылады. Біз сарбаздарға сабақ өтуден бөлек, әртүрлі спорт түрлерінен жарыстарға қатысамыз. Осы жылдың қазан-қараша айларында Орталық Өңірлік қолбасшылығы Инспекторлық тексеріс тапсырамыз. Бұл тексеріс Ұлы Отан соғысының 80 жылдық жеңісіне орай ұйымдастырылып жатыр. «Біз жеңістің мұрагерлеріміз» атты дивизиямен шығамыз, – дейді Мақсат Мұқаев.
Жаңа ортаға қадам басқан сарбаздар үшін әскер – ерекше мектеп. Олар мұнда күнделікті жоспарларға бағынады, темірдей тәртіпке үйренеді. Әрбір қимылы, сөз саптауы, тіпті, тамақтану әдебі мен жүріс-тұрысына дейін өзгереді. Павлодардан келген жас сарбаз Жалғас Жаңғырбайдың айтуынша, ер бала әскерге физикалық емес, моральдық тұрғыда дайындықпен келу керек.
– Физикалық дайындық емес, бұл жерде шыдамдылық пен сабырлылық ең маңыздысы. Осы мінездер болса қалғанын осында үйретеді. Менің келгеніме 13 күн болды. Алғашқы күндері киім тігу, күнделікті тәртіп, дисциплинаны үйрендік. Маған бәрі ұнайды, болашақта осы жерде келісімшартпен қалып, ары қарай жұмыс жасасам деген жоспарым бар, – дейді ол.
Жалпы әскери бөлім Ақмола облысының Аршалы ауданын, Ұлытау облысының Жезқазған ауданын және Қарағанды қаласындағы Долинка, Қарабас секілді елдімекендерді қамтиды. Оқытушылардың айтуынша жаңадан келген сарбаздар жас, физикалық дайындық категориялары арқылы топтарға бөлінеді. Әр топқа дене шынықтырудан бастап сабақтар жүргізіледі.
– Үйде жүргенде ерте тұра алмайтынмын, қазір тәртіп орнатылған. Келгеніме бір аптадай болса да таңғы 6-да тұруға қиналмайтын болдым. Мен өзім, заң факультетінде оқыдым. Мамандығыма керек болған соң өз еркіммен келіп отырмын әскерге. Отан алдындағы борышты өтеу әрбір азаматтың міндеті деп білемін. Мұнда аса бір нәрсені біліп келу керек емес, барлығын өздері үйретеді. Тек төзімді болу керек, – дейді Алматыдан келген сарбаз сақшы Жасұлан Төлбарыс.
Сарбаздарға бірден қорқыныш болмас үшін, 6505 әскери бөлімінде алғашқы қырық күн «адаптация» күні деп аталады. Бұл күндері сарбаздарға, Ұлттық ұлан мен батырлар, қызмет атаулары мен атқарылатын жұмыстар туралы сабақтар өткізіледі. Ал, ант қабылдап нағыз әскер қатарына қосылу шарасы осы қырық күндік сабақтар аяқталған соң жүргізіледі.
Калашников 74 автоматы, Макаров пистолеті, Калашников пулеметтері әрбір сарбазға ант қабылдаудан соң жеке тапсырылады. Отан алдындағы борышын өтеу уақытында жігіттер бұл қарулардан бөлек, жеңіл қару жарақтар және гранаталар мен жұмыс жасауды үйренеді.
Әскер – әрбір азамат үшін өмірлік мектеп. Қиындықпен күресіп, шыдамдылық пен тәртіпке үйрену – болашақта кез келген салада табысқа жетуге көмектесетін баға жетпес тәжірибе. Қазіргі таңда 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан сарбаздар – Отан алдындағы парызын лайықты өтеп жүрген ер азаматтар.
Сая СЕРІКБАЙ,
Қарағанды зерттеу университетінің ІІ курс студенті