Осы жұрт Бриллиантты біле ме екен?!
Қазақстанның сан түсті палитрасында түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысып, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өзара түсіністік пен құрметтің алтын көпіріне айналды. Мұның жарқын үлгісі – бала күнінен бастап, мемлекеттік тіл – қазақ тілін жетік меңгерген Бриллиант Әлиеваның балауса ғұмыры. Ол туған әзірбайжан тіліне деген сүйіспеншілігін сақтай отырып, қазақ тіліне шынайы құрметпен қарауды үлгі етіп келеді. Оның жолы еліміздегі түрлі этнос өкілдері өз тамырын тереңінен қадірлеп, барша қазақстандықтарды біріктіретін тілді шын жүректен бағалайтынын дәйектейді.

Бриллиант – әзірбайжан ұлтының жауқазын қызы. Өз халқының рухани мұрасын қадірлеп қана қоймай, қазақ тілін де жүрегімен қабылдаған парасатты жас. Қаршадайынан қазақ мектебінде білім алып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген ол – еліміздің тілдік бірлігінің жарқын үлгісі. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды жобасына белсене қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын айқын көрсетті. Осы бастаманың арқасында Ассамблея қатарына мүше болып, ел ішіндегі татулық пен достықты нығайту жолында өз үлесін қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында Бриллиант жастарға арналған бірнеше мәдени-тілдік жобаларға қатысып, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамаларда белсенділік танытып келеді. Ол әркез өз ұлтының мәдениетін таныстырып, қазақ тілін еркін меңгерудің арқасында басқа этнос өкілдерімен байланысты тереңдете білді.
– Өзге ұлттарға қарағанда қаракөз қазағымыздың менталитеті, өмірге көзқарасы, салт-дәстүрі, әрине, ерекшеленеді. Бірақ, дәл осы ерекшелікті түсініп, құрметтеу – нағыз рухани байлық деп білемін. Ата-анам да осыны терең біле отырып, менің бойыма ұлттық құндылықтар сіңсін, қазақы тәрбиені бойыма дарытайын деген ізгі ниетпен мені қазақ мектебіне берді. «Қазақы ортада өскен бала тегін болмайды», – деп үнемі айтып отырады (жымиып), – дейді Бриллиант қарындасымыз жүрекжарды ықыласпен.
Бриллиант Әлиеваның әкесі – Жамбыл облысы, Меркі ауданында туып-өскен, қазақ жерінде тамырын терең жайған азамат. Ұлттық болмысын сақтай отырып, отбасындағылар күнделікті тұрмыста қазақ тілінде сөйлеседі. Бұл – тек тілге деген құрмет емес, сонымен бірге, елге, ортаға деген шынайы сыйластықтың белгісі. Ал, шалғайдағы туыстарымен әзірбайжан тілінде еркін мәміле жасап, өз тегін, мәдени байланысын да ұмыт қалдырған емес. Осындай қос тілді ортада өскен Бриллианттың бойынан ұлттық тамырға адалдық пен мемлекеттік тілге деген құрмет тең дәрежеде қылаңытып тұрады.
Қазыналы Қарағандыда туып-өскен қарындасымыз – талапты да талантты жас буын өкілі. Ол 2022 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы терең білім мен тәрбиені ұштастырған гимназияны үздік нәтижемен аяқтап, бүгінде академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің журналистика кафедрасында білім алып жатқан ІІІ курс студенті. Жастайынан қоғамдық белсенділігімен, терең ойы мен шешендігімен көзге түскен ол – университет атынан түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысып, әрқашан І орыннан көрініп жүрген үздіктердің бірі. Мінезі ашық, сөзі салмақты Бриллиант – айналасына шуағын шашып жүретін жарқын жастың бірі. Тіпті, университет ұстаздары оның білімге деген құштарлығын, өз ойын еркін әрі сауатты жеткізе білу қабілетін ерекше атап өтеді. Тек білім ала отырып қана қоймай, Бриллиант қазіргі таңда облыстық 5 телеарнада журналист ретінде кәсіби қызмет атқарып, медиасалада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Оның ізденісі мен еңбекқорлығы – жастарға үлгі, болашақ кәсіби журналист ретінде сенім ұялататын жарқын бейне.
– Болашақта тележурналист болуды жүрек қалауыммен таңдадым. Қоғамдағы өзекті түйткілдерді көтеріп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жеткізе алатын, адам тағдырын арқау еткен шынайы әрі өміршең жобалар жасағым келеді. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақы рухты жаңғыртатын авторлық бағдарламалар арқылы көрерменге ой тастау – менің ең асқаралы арманым. Қазақ тілінде сапалы, терең мазмұнды медиаконтент қалыптастырып, елдің рухани кеңістігіне үлес қосу – өмірлік мақсатым, – дейді Бриллиант сеніммен.
Бриллиант – бүгінгі бейбіт елдің бір тамшы үміті, ертеңгі күннің жарқын шуағы. Оның бойындағы қос тілділік – бұл жай ғана лингвистикалық артықшылық емес, қос мәдениеттің арасындағы үкілі үндестік, бірлік пен өзара құрметтің бірден бір мысалы. Мұндай жастар көп болса, елдің іргесі берік болмақ. Қазақ жерінде туып, осы топырақта тамыр жайған әр ұлт өкілі – елдік, бірлік тарихының ақ парағы. Сол парақтың бүгінгі бетінде Бриллианттай жастың жарқын ізі тұр. Ол – тек бір ұлттың қызы емес, қазақы ортада түлеп, қазақ тілімен ойлап, сол тілде сөйлейтін жаңа буын өкілі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»