Жаңалықтар

Қос отырыстан – қомақты олжа

Қарағандыдағы «Достық» үйінде дөңгелек үстел мен семинар-кеңес бір күнде өтті. Тақырып – «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздіктің жолы» һәм «Ономастиканың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары». Ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы. Бірден айтайық, аталған тақырыптар бойынша маңызды мәселелер мен тұжырымды пікірлер айтылып бақты.

 Латын әліпбиі –

лайықты қаріп

Екі шараны да аталған басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова жүргізді. Жиынға ғалымдар және департамент, облыстық басқармалар мен қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тілге жауапты мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жоғарыда көрсетілген екі тақырыпта Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туып отыр. Әуелгісі: «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздіктің жолы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде қазақ тілін латын әріптерімен таңбалауға қатысты жан-жақты пікірлер айтылды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба Тұрсынованың айтуынша былай: «Латын әліпбиі төл мәдениетіміз бен жазуымызға оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Ғылыми техникалардың дамыған, компьютерлік бағдарламалардың мүмкіндігі мол бүгінгі таңда кириллицамен жазылған мұраларымызды латын қарпімен таңбалау – қиындықсыз шешілері сөзсіз. Түркі тілдес халықтармен қарым-қатынас одан да жақсара түседі. Сондай-ақ, бұл жаңа әліпби қазір қолданыста жүрген басы артық әріптерден құтылуға жол ашады. Бүгінгі таңда қиындық тудырып жүрген дыбыс пен әріптің ара жігін анығырақ ажыратамыз.

Биылғы оқу жылынан бастап университетіміздегі қазақ тіл білімі кафедрасында латын графикасы деген пән енгізіп отырмыз».

«Жазу реформасының ғылыми-құқықтық негізі» баяндамасында Қарағанды облыстық сотының судьясы Марат Азбанбаев әліпбилердің тарихи бастауына сүйене келе, «Жаңа әліпби арнайы заңмен бекітілген сәттен қазақ жазуының жаһандық жаңғыруы басталарына күмән жоқ», – деген пікірге тоқтады.

Келесі баяндамашы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының әкімшілік қызметі кафедрасының оқытушысы Ерғали Қожабеков: «Біздің елде латын қарпімен бірінші жаза бастаған құқық қорғау саласының өкілдері, полиция ғой деймін. Өйткені, төтенше жағдайлар департаменті халыққа телефон арқылы латын таңбаларымен хабарламалар таратып отырғанын сіздер жақсы білесіздер. Осыдан екі жыл бұрын «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне дайындық барысында көрме маңында құқық қорғауды қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларының бәріне ағылшын тілін оқытқан болатын. Сонда 13-14 жыл бойы қазақ тілін меңгере алмай жүрген полиция қызметкерлері екі жыл емес, небары 6-7 ай ішінде ағылшын тілін меңгеріп кетті. Сондықтан, латын әліпбиінен қорқатын түк те жоқ.

Біз егер жылдам арада барлық статистикалық мәліметтерді және электрондық базаларды латын қарпімен жазылған қазақ тіліне көшіретін болсақ, шетелдегі түркі тілдес кез келген маман мемлекеттік тілімізді түсініп кете алады. Мейлі ол құқық қорғау саласының маманы болсын, мейлі ол шекара қызметкері болсын – бәрібір. Бұдан латын қарпімен таңбаланған жағдайда қазақ тілін түсіну оңай екенін аңғарамыз. Біз оны тәжірибеде де көрдік. Мәселен Әзірбайжан, Түркия елдерінің ішкі істер саласы мамандарына электронды пошта арқылы латын әріптерімен қазақша жазып жіберіп көрдік. Хатты алған олар «Бәрін болмаса да, 50 пайызын түсінеміз» дейді. Яғни, түркі тілдес бауырлар біздің латын графикасына көшкенімізді күтіп отыр. Біздегі барлық құжаттар, оның ішінде шекаралық құжаттар, ішкі істер саласындағы ауыс-түйістің бәрі латын қарпінде таңбаланып келеді. Әсіресе, іздестіру жариялаған кезде аудару қиынға соғады. Мысалы Әзірбайжан елінен латын әліпбиіндегі мәтін келеді. Бір айға дейін жатып қалады. Өткенде осыған байланысты Әзірбайжаннан келген бір хабар 37 күн жатып қалды. Сөйтсек, ол адам одан бері Арабияға өтіп кетіпті. Яғни латын қарпіне көшу – қоғамдық, тіпті, ұлттық қауіпсіздігімізге септігін тигізеді», – дейді Ерғали Қожабеков.

«Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманғазы Сембиев: «Халыққа мына нәрсенің басын ашып түсіндіру керек. Латын әліпбиі дегенде біз осы тілді оқымаймыз. Тек қазақ тілін сол латын әріптерімен таңбалаймыз.

Елбасы осы латын графикасына байланысты мәселе көтергеннен кейін жұмыс тобы құрылған. Сол жұмыс тобының құрамындағы екі азамат – Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының басшысы Ербол Тілешов және Еуразия университетінің профессоры Сағымбай Жұмағұловпен мамыр айында кездескен болатын «Болашақ» академиясының оқытушылары мен студенттері. Сонда олар мынадай нақты дерек айтты. Дүние жүзіндегі Түркі халықтарының 55 пайызы латын қарпін қолданады екен. Екінші орында – араб жазуы. Үшінші тұрған қазір біз таңбалап жүрген киррилицаны қолданатындар 17-ақ пайыз. Сондықтан, қорықпай латын таңбасына негізделген әліпбиге көшу керек», – дейді ол да.

Сонымен, тілі жоғалған латынның қарпін қолданып, игілігімізге жарату – заман талабы деген пікірге әбден бекіді дөңгелек үстелге қатысушылар. Қазақ қоғамында қазір латын тіліне көшу керек пе, жоқ па, деген емес, оған қалай көшу керектігі қозғалып жатқаны қуантты бізді.

 Ономастика –

Отан келбеті

Түстен кейін дөңгелек үстелдегілер семинар-кеңесте бас қосты. Қарағанды облысындағы жер-су, елді мекен, көшелерге тарихи немесе дәстүрлі айдар тағу жұмыстары жай-жайлап болсын жүргізілуде бүгінде. Бірақ, елдімекен, көшелерді кісі есіміне беруге қатаң тыйым салынғаны тағы бар. Осы орайда, ойларын ортаға салған баяндамашылар біраз мәселелерді қап түбінен шығарып, көзқарастарын білдірді. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары, тарихшы Темірғали Аршабеков «Туған жердегі атаулар сыры» баяндамасында орыстың отарлау саясаты кезінде төл атаулары ұмыттырылған жерлердің тарихына үңіліпті. «Ономастикалық атаулар беруде жалпы ұлттың тарихи жадына байланысты маңызды мәселелер қозғалатыны белгілі. Сон­дықтан, жер-­су атауларына байланысты атаулардың генезисі, мәні, мазмұны және олардың тәуелсіздік мұраттарымен сабақтастығы күн тәртібінде тұруы тиіс» дейді.

Приозерск қаласы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жұлдыз Дулатова қаланың атауынан бастап көптеген көшелер әлі кеңестік кезде қойылған ескі атаулармен тұрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «қаладағы 33 көшенің 21-інің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген, не тарихи, не дәстүрлі атауға сай келмейді. Соған байланысты Центральная көшесін – Тәуелсіздік көшесіне, Пионерская көшесін – Ақмамық көшесіне (Приозерск қаласының «Жартытүбек» деп аталатын тұсының ескі атауы), Нагорная көшесін – Көкжиек көшесіне (ұлттық болмысымызға сай атау), Приморская көшесін – Бәйтерек көшесіне (Астана қаласының құрметіне), Приозерная көшесін – Көктеңіз көшесіне (Балқаш көлінің ертедегі атауы Көкшетеңіз, Көктеңіз), Новая көшесін – Қоржынтүбек көшесіне (Приозерск қаласы ораласқан түбектің атауы), Песчаная көшесін – Наурыз көшесіне, Совет Армиясы бульварын – Жеңіс гүлзарына (Ұлы Жеңістің құрметіне) ауыстыру бойынша құжаттары рәсімделіп, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма арқылы республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылды.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 17-388-5 тапсырмасы аясында, «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» атты республикалық семинар-кеңесте ұсынылған дәстүрлі атауларды негізге ала отырып 11 көшені қайта атау бойынша жұмыс жүргізілу үстінде. Олар: Береговая – Бастау көшесі, Весенняя – Сарыарқа көшесі, Госпитальная – Таңшолпан көшесі, Комсомол – Тұмар көшесі, Лесная – Ынтымақ көшесі, Озерная – Алаш көшесі, Полевая – Шұғыла  көшесі, Производственная – Керуен көшесі, Промышленная – Тұран  көшесі, Строительная – Бірлік  көшесі, Хозяйственная – Қайнар көшесі деп қайта атау бойынша құжаттар дайындалуда» дейді.

Мәселен «Абай ауданына қарасты 48 елдімекен болса, ондағы мемлекеттік тілдегі елдімекендер саны – 29, (61 %), идеологиялық ескіргендері – 19, құрамдас бөліктері бойынша – 321, моральдық тұрғыдан ескіргені – 63» – дейді Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Эльмира Ахметжанова. «Кей азаматтар қандай да бір елдімекен, не болмаса басқа да жаңа атауды қажет ететін нысандарға ат беру мәселесінде ұлттық мүддеден гөрі жеке мүддесін жоғары қояды. Осылайша өз ата-бабасының, не болмаса туған-туыстарының атын ұсынатыны да өтірік емес. Біз ең алдымен осыдан сақтануымыз қажет. Жаңа атау беру – ағайын-туыс не болмаса белгілі бір ру өкілінің беделін арттыру емес, сол өлкенің тарихына деген жанашырлықпен жүзеге асырылуы тиіс» екенін де есте сақтағанымыз жөн дейді ол.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button