Қос бөгет қауіпті сейілтеді

    Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Бұқар жырау ауданының Чкалов және Садовое ауылдарында су тасқынына қарсы тұрғызылып жатқан бөгеттер құрылысымен танысты. Көктемде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған бөгеттер тұрғындар көңіліндегі қауіпті сейілтетіндігіне көз жеткізді. Жергілікті халықпен кездесіп, пікірлерін біліп, өтініштерін тыңдады.

Аймақ басшысы, алдымен, Садовое ауылының аумағында салынып жатқан бөгетті көрді. Жаңа нысанның ұзындығы – 3,6 шақырым, табаны – 8 метр, көлік қозғалысын реттейтін үстіңгі жағы – 4 метр, ал, биіктігі 2 метрді құрайды. Бұл жұмысқа 23 млн. 318 мың 382 теңге қарастырылған. Бөгеттің жұмысын қолға алған «РемСтрой» ЖШС қиыршық тастар мен топырақ және суға шыдас беретін материалдарды үйіп тегістеуде. Жұмысқа 2 бульдозер, 3 жүк тиегіш техника, 7 жүк көлігі, 1 автогрейдер, 1 жол тегістегіш жұмылдырылған.

Облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Нұра өзені арнасы бойын жағалай орналасқан ауылдар үшін қауіпті азайту – басты міндет. Мына бөгет тұрғындардың қауіпсіздігі үшін салынып жатыр. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін бұл жұмыстар жалғасады. Біз үшін сіздердің қауіпсіздіктеріңіз қымбат. Бұдан бөлек, қандай өтініштеріңіз бар? Сіздердің айтқан өтініштеріңіз – мектеп салуға бала саны сәйкес келмейді. Оның орнына алдағы уақытта, сіздердің балаларыңызға арналған шағын орталық ашып беруге уәде беремін, – деді Ерлан Қошанов.

Ризашылығын жеткізген тұрғындар судан келер қауіптің азайғандығына сенім білдірді.

Мейзамхан БҰЛЫТБАЙҰЛЫ, Садовое ауылының тұрғыны:

Мен осы ауылда 2000 жылдан бері тұрамын. Ауыл су тасқынының зардабын кейінгі жылдары тартып келеді. Көктем келсе, тұрғындардың мазасы кетеді. Енді, міне, мына бөгет біздің көңілімізді жайландырып отыр. Осындай шаруа атқарған облыс басшысына, аудан мен ауыл әкіміне тұрғындардың атынан үлкен алғысымды айтамын. Таңнан кешке дейін жұмысты тоқтатпай сапалы қызмет көрсеткен мердігерлерге рахмет!

Бұдан кейін, облыс басшысы Чкалов ауылының аумағында бой көтерген бөгеттің жұмысын арнайы барып көрді. Бұқар жырау аданының әкімі Шагурашид Мамалиновтың айтуынша, мұнда ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын бөгет тұрғызылуда. Ауылдың айналасына табаны – 8 метр, үстіңгі жағы көлік жүретіндей – 4 метр, биіктігі 3 метр болатындай топырақ үйілген. Топырақ үйінділерінен бөлек, ішіне тас толтырылған темір тор – «габиондар» орнатылуда. Бұл жұмысқа бюджеттен 25 млн. теңге қарастырылған көрінеді.

Облыс әкімі 1 қарашаға дейін құрылысы аяқталатын бөгеттің сапасы қатаң бақылауға алынатындығын ескертті. Және өзі тікелей қадағалайтындығын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген Д.Кузмичев.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.