Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Қос аудан кенжелеп тұр

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 70 мыңнан астам жұмыспен қамтылу керек болатын. Өткен 9 айдың қорытындысына сәйкес, 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Бұл мәселе, әсіресе, Ақтоғай, Ұлытау аудандарында кенжелеп тұр» деді баяндамашы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСПЕКОВА.

Облыс әкімі аппаратының кеңесінде талқыланғаны – осы халықты жұмыспен қамту шаралары мәселесі. Аталған басқарма басшысының айтуынша, жұмыспен қамтылғандардың 28 мыңнан астамы, яғни, 68%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 986 адам жіберілді. Жылдық жоспар бойынша 703 адам оқуды аяқтап, оның 73%-ы жұмысқа орналастырылды. Оқуды аяқтағаннан кейін оның қатысушылары жұмыспен қамтамасыз етілуіне аудан, қала басшылары мән бергені дұрыс. Себебі, бағдарлама талабына сай міндетті әлеуметтік жарна қажет, – деді Ә.Жүніспекова.

Спикер мәлімдегендей, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1745 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты. Бұл жылдық жоспардың 140%-ы екен. Жалпы сомасы 3 млрд. теңге болатын 664 шағын грант, бұдан бөлек, жаңа бизнес идеялар үшін 992 грант бөлінді. Басқарма басшысы бұл бағытта да нәтижелері көңіл көншітпейтін аудан, қала бар екенін атап өтті. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданының және жоғарыда аталған екі ауданның басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Желтоқсанға дейін мерзім берді.

– Мыңға жуық адам – «Жастар тәжірибесіне», 6 мыңнан астамы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. 700-ге жуық адам әлеуметтік жұмыс орындарын алды, – деген Әсем Жүніспекова жұмыс берушілер мұқтаж болып отырған мамандықтарды айтты. Маманның айтуынша, қазір слесарь-электрик, газ, электрдәнекерлеуші, фитнес-жаттықтырушы, механизатор, тракторшы, от жағушы, тәрбиешінің көмекшілері, тігіншілер, массаж жасаушы мамандарға сұраныс жоғары. Жұмыспен қамтудың жол картасына тоқталған баяндамашы 9 жоба қолға алынғанын жеткізді.

– 216 жұмыс орны бар. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 115 адам жұмысқа орналасты. Олардың орташа жалақысы 85,9 мың теңгеден асады. Жұмысқа тұрғандардың 190-ында ғана қазіргі таңда міндетті зейнетақы төлемдері жүріп жатыр. 9 айдың қорытындысы бойынша жұмыскерлердің басым бөлігі, 93%-ы – жергілікті тұрғындар. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтағы жұмыссыздық деңгейін 4,5% көлемінде ұстап тұруға мүмкіндік береді, – деді Ә.Жүніспекова.

Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жүзеге асырылып жатқан 2 жоба – Саран қаласындағы қазандық құрылысы мен РТИ шағын ауданындағы модульдік қазандық құрылысы туралы қала басшысы Ержан Темірханов айтып берді. Әлеуметтік бағыттағы 5 нысан бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Абзал Жайлыбаев сөз алды. Оның айтуынша, Майқұдықтағы 11-шағын аудандағы мектеп құрылысы жоспардан қалып тұр.

– Білім беру нысанын биылғы жылдың желтоқсанында толық аяқтаймыз. Майқұдық пен Сұрыптау станциясындағы жедел жәрдем бекетін де желтоқсанда тапсырамыз. Онкологиялық диспансердің операциялық блогының құрылысы – келесі жылға қалатын жоба. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы да солай, келесі жылға көшеді. Олар бойынша проблема жоқ, – деген басқарма басшысына Жеңіс Махмұдұлы балалар ауруханасын келер жылдың І тоқсанынан қалдырмауды тапсырды.

Сонымен қатар, барлық аудандар мен қалалар басшыларына «Еңбек» бағдарламасы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді және бөлінген қаражатты игеруді жүктеді. Әрі жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жүргізіліп жатқан жобаларды аяқтап, тұрақты жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button