Қос ғасырдын қазынасы
Заман мен зар
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, әйгілі жыр жүйрігі Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын ел мүддесімен, ұлт тағдырымен орайласатын зар заман поэзиясынан бөліп қарау мүмкін емес. Рухани әлемімізде ерекше орны бар бұл ағым туралы сөз болғанда оның өміршең өлең-толғаулары мен өсиет-өнегесі жөнінде айтылмай қалмайды. Өз дәуірінің жырын жырлап, жоғын жоқтаған Шортанбай мұрасы ғасырдан ғасырға жалғасатын қастерлі құндылық ретінде әлі күнге дейін сан ұрпақтың кәдесіне жарап келеді.
«Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан-жақты талдау жасады; зар заманның өкілдерін атады; бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгіледі; сондай-ақ, тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «зар заман ақындары» деп ат қойдық», – деген М.Әуезовтің тұжырымды сөзі кейін әдебиеттану ғылымында нақты ұғым ретінде қалыптасты.
М.Әуезовтің байыптамасына сәйкес «отаршылдық дәуірде жасаған, ортақ сарынмен жыр төккен» ақындардың жалпы атауына, тұтас әдеби құбылыстың анықтамасына негіз болған Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» толғауы 1870 жылы академик В.Радловтың Санкт-Петербордан шыққан «Оңтүстік Сібір және Жоңғар даласындағы түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» атты көп томдық еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында (714-724 беттер) басылып шыққан. В.Радлов кітаптың алғы сөзінде кейін қазақ әдебиетіндегі бір ағымның атауына айналған шығарма туралы былай дейді: «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының моллалары шығарған қолтума дүниелер». Бұл жерде әңгіме Шортанбай жөнінде болып отырғаны анық. Сондай-ақ, Шортанбайдың Орынбай ақынмен айтысы да осы кітапта (43-46 беттер) жарияланған.
Заманға сын айту қазақ ақын-жырауларының шығармаларында бұрыннан бар. Әйтсе де, тасқа басылған Шортанбай өлеңінен кейін «зар заман» тіркесі қасіретті кезеңнің, аянышты халдің жыр түрінде бейнелеуінің көрінісі ретінде қалыптаса бастаған. Ал Ы.Алтынсарин «Қазақтың қайғысы» («Горе киргиз») деген қолжазбасында атап өткен Я.Лютш жинаған Түркістан өлкесі қазақтарының әдебиет нұсқалары 1883 жылы Ташкент қаласында басылған. Сол кітапта да «Зар заман» деп аталатын өлеңдер топтамасы жарық көрген.
Әлихан Бөкейханның мұрасын зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы ұсынған мына бір дерек назар аударарлық: «Санкт-Петерборға 20 жасында келген Әлиханның студенттік күндерін қалай өткізгендігі жайында Англияның әйгілі білім ордасы – Оксфорд университетінің «Орталық Азияны зерттеу қоғамы» өзінің «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы» атты кітабында «Ә.Бөкейхан жас күнінде орнықты революционер, социалист болды және «Зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды» деп жазады». Бұл ұйымның қашан құрылғандығы, қанша адамның мүше болғандығы, топтың іс-әрекеті жөнінде толық мәліметтер жоқ. Дегенмен, ХІХ ғасырдың аяғында ұйымдасып, жұмыс жүргізген осы топтың бұлай аталуына 1870 жылдан бастап сол Санкт-Петербордың өзінде шыққан кітаптарға енген Шортанбайдың «Зар заман» толғауының әсері болуы мүмкін деп топшылаймыз.
«Зар заман» атауының мән-мағынасын ашып, әдебиеттанудың ұғымы ретінде орнықтырып, осы ағымның өкілдерінің шығармаларына жанашырлықпен қарап, жалықпай зерттеп-зерделеген жазушы-ғалым Сәбит Мұқановтың еңбегі өлшеусіз. Ол 1942 жылы жарық көрген «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» атты кітабының бір тарауын «Зар заман» деп атады. Бұл топтың жұрт ұғымында қалыптасқан өкілдері – Шортанбай Қанайұлы мен Мұрат Мөңкеұлының қатарына Шернияз Жарылғасұлын қосты. Сонау М.Әуезовтен желі боп тартылып келе жатқан «Зар заман» ұғымы жөнінде С.Мұқанов мынадай ғылыми байыптама жасады: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарпа бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз».
Шортанбай мен Мұраттың шығармаларын жинап, жұртқа кеңінен таныстырған С.Мұқанов олардың ардақты есімдерін әр түрлі дау- дамайдан арашалауға да үлкен үлес қосты. Елуінші жылдардың қырағы көздері Шортанбайларды Абайға қарсы қою арқылы оларды әдебиет ауылынан аулақтатуға тырысқаны мәлім. Тіршіліктің бары мен базарын келелі келешектен емес, өткен өмірден іздейтін ақындардың өлең-жырларын тұншықтыру үшін бұл таптырмайтын тәсіл саналды. Әсіресақ әдебиетшілер ілгері басудың орнына кейін тартып, жаңаны жирене қабылдаған зар заман жыршыларын орыстың оқуын оқып, тілін үйренген Абайдың қолымен таяқтатқысы келді. С.Мұқанов алдымен осыған қарсы тұрды: «Біреулер Абайға қоятын шартты Шортанбайға да қойғысы кеп, «неге ол Абайдай бізді прогреске, орыс мәдениетіне шақырмайды» дейді. Сөз емес олай деу. Абай орыс мәдениетімен таныс та, Шортанбай таныс емес. Таныс емес нәрсесіне қалай шақыра алады ол?». Кеңпейіл жүрекпен, қазақы кең қолтық мінезбен айтылған бұл пікір айқын көзқарасты танытады. Көрнекті жазушы Абай өлеңіндегі Шортанбай шығармашылығына байланысты ой-тұжырымды талдау кезінде таптық таным шеңберінде қалып қоймайды. Мәселенің мән-жайына тілдік-көркемдік, эстетикалық тұрғыдан үңіледі.
Осындай жанашыр көзқарастарға қарамастан ақынның жолы өте ауыр болды. Өз заманының ахуалын «Байлар ұрлық қылады, Көзіне малы көрінбей, Билер жейді параны, Сақтап қойған сүріңдей», – деп аңғартқан Шортанбай мұрасы ұзақ жыл бойы ел-жұртымен қауыша алмады. Оның шығармалары тәуелсіздікке бет бұрған жылдарда ғана қалың оқырманның қолынан түспейтін рухани қазынаға айналды.
Толғау мен Талдау
1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған ғылыми-теориялық конференцияда аты ең көп аталған ақын Шортанбай Қанайұлы болды. Діншілдік ұғымы туралы жасалған тұжырымның бәрі соның өлеңдерімен тұздықталды. Кертартпа бағыттың өкілдерін санамалап көрсеткенде алдымен ауызға ілінді. Ұлы Абайдың «Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау» ақындарды нұсқағанда Шортанбайдан бастайтыны тәрізді, басқосуда пікірталасқа түскен шешендер осы ақынға ерекше шүйілді. «Алуан-алуан жан шықты», – деп ақынның өзі айтқандай, әдебиетші ғалымдардың көбі сол жолы оны армансыз мүйіздеді. Шортанбайдың шығармалары да, оның мұрасын зерттегендердің еңбектері де аяусыз сынға түсті. Солай болғанына қарамастан Сәйділ Талжанов ақын туралы баяндамасында жиындағы дәстүрлі талдау ауқымынан шығып, оң көзқарас танытты. Зерттеуші-ғалымның ұғымында, ол – өмір шындығын айқын көрсетуші, отарлаушы ұлықтарға қарсы күресуші, ауыз әдебиетін жазба әдебиетке жеткізуші. Зар заман поэзиясын жабыла сынаған сол конференциядағы С.Талжановтың: «Шортанбай – өз заманындағы әлеуметтік өмірді жетік білген, кем-кетігін сынай отырып, көргенін қаз-қалпында айнаға түсірген шебер ақын», – деген шынайы бағалауы күні бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Оның Шортанбайды «ақтау жағына бейім болып, әрбір сыннан арашалап алуға» тырысқанын Мұхтар Әуезовтің өзі де басқосуда атап өтті.
Осы жиынның қаулысында Шортанбайдың әдебиеттегі орны туралы мынадай қорытынды жасалды: «Шортанбай Қанаевтың творчествосы жайында конференция сол дәуірдің негізгі идеялары мен әлеуметтік өмірдегі ерекшеліктерін еске ала отырып, ақын бір жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының салдарынан туған әлеуметтік жайларды сынай отырады да, екінші жағынан хандық дәуірді мадақтайды, шығармаларында ислам дінінің идеяларын уағыздайды деп қорытады. Бұл сияқты ақындардың творчествосына жоғары мектептің программаларында орын беріліп, негізінде ағартушылық, халықтық бағыттағы әдебиеттің осындай кертартпа ақындармен күрес үстінде дамығанын көрсету үшін аталуы керек».
Әрине, бұл қаулыдан кейін аталмыш ақындардың өлең-жырлары жарыққа шықпайтын болды. Олардың шығармалары мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінен аулақтатылды. Сол құжаттан соң қайта жазылған оқулықтар жас ұрпақтың қолына «құлағын кесіп құнтитқан, мұрнын кесіп шұнтитқан» күйінде жетті. Әдебиетіміздің абызы Тұрсынбек Кәкішевтің: «Шортанбай, Дулат, Мұраттар қазақ әдебиетінде қара дақ, қаныпезер дұшпан болып түсіндірілді», – деген тұжырымы осы кезеңнің табиғатын дәл танытады.
Шортанбай шығармалары қазақ елінен тысқары жерлерде шыққан антологиялар мен ғылыми басылымдарды әзірлеушілердің назарынан тыс қалған жоқ. 1940 жылы Мәскеуде жарық көрген «Песни степей» атты қазақ поэзиясының антологиясына (құрастырған Л.Соболев) зар заман поэзиясының бірқатар үлгілері енгізілді. Кітап төрт тарауға бөлінген: хан сарайы маңындағы ақындар (Бұқар, Нысанбай, Досқожа), көтеріліс дәуірі поэзиясы (Ығылман, Махамбет, Шернияз), зар заман («эпоха скорби») ақындары (Шортанбай, Мұрат), XIX ғасырдағы жазба әдебиеті (Ыбырай, Шәңгерей, Абай, Жүсіп, Нұржан). Жинақты құрастырушы Леонид Соболевтің: «Екі жақты езгіге ұшырап, өз жұртының қалталылары мен патша отарлаушыларынан қорлық көрген қазақ халқының қайғысы «зар заман» ақындары Шортанбай мен Мұраттың өлеңдерінде көрініс тапты», – деген пікірі күні бүгін де құнын жоғалта қойған жоқ.
1978 жылы зар заман поэзиясы өкілдерінің (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы) өлеңдері Мұхтар Мағауиннің құрастыруымен «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен орыс тілінде жарық көрді. Бір айта кетерлік нәрсе, бұл жинаққа айтулы ақындардың азулы жырлары енгізілді. «Поэты Казахстана» кітабының құндылығы – отаршылдықты сынаған, өз жерімізде қырағы көздер мүлт жібермейтін өршіл өлеңдердің Ресейде жариялағандығында. Жинақтың алғы сөзінде бұл ақындардың айналада болып жатқан құбылыстарға, тарихи ахуалдың шұғыл өзгерістеріне тосырқай әрі шошына қарап, қазақтың өткен өмірін идеал тұтқаны туралы айтылды. Сонымен қатар, «Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындар айрықша өкілдері саналатын «Зар заман» («Эпоха скорби») әдеби ағымы осылай пайда болды», – деген түйін жасалды.
Ал, 1958 жылы АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті Томас Густав Виннердің «Ресейлік Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабын бастырып шығарды. Бұл жинақта өзге зар заман ақындарымен қатар Шортанбай шығармашылығы да біршама талдап-таразыланды. Сөйтіп, халықаралық деңгейде ғылыми айналымға шыққан монографияда ақын мұрасы жөнінде айрықша айтылды. Толғауларының үзінділері ағылшыншаға аударылып берілді. Бұл тақырыпқа басқа мақаламызда кеңірек тоқталамыз.
Шортанбайдан басталған «Зар заман» ағымы тек қазақ әдебиетін ғана емес, қырғыз елінің поэзиясын да қамтиды. Отаршылдыққа қарсы шыққан жыр жүйріктері қырғыз әдебиетінде «замана жыршылары» («заманчы ырчылар») делінеді. Бұл турасында көрші ел әдебиетін зерттеуші ғалым М.Богданова былай дейді: «Қырғыз әдебиетінің тарихында осы кезеңнің поэтикалық шығармалары «замандар» деген жалпы атаумен белгілі. Бұлар – Қалығұлдың «Ақырзаман» («Судный день»), Арыстанбектің «Тар заман» («Трудное время»), Молда Қылыштың «Зар заман» («Эпоха скорби») толғаулары, т.б. шығармалар». Қырғыз зар заман поэзиясы (замана поэзиясы) үлгілерінің тізімі бұдан әрі былайша жалғасады: Алдаш Молданың «Хал заманы», Тоғалақ Молданың «Зар заманы», Жеңіжоқ, Сағымбай, Алтай Айдарбекұлының «Заманалары».
Алматыда 1959 жылы өткен конференцияда жарыссөзге шыққан қырғыз ғалымы З.Мамытбеков өз пікірлерін зар заман ақындарына байланысты таласты мәселеге орайластыра баяндады: «Қырғыз халқында, мәселен, қазақтардағы Шортанбайға ұқсас күрделі ақын бар. Ол – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген жазба ақын – Молда Қылыш. ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақындардың мұралары бір-бірімен салыстыру ыңғайында зерттелсе, өте қызықты болар еді. Мәселен, Шортанбай шығармашылығын қырғыз ақыны Молда Қылыштың мұраларымен салыстыра қараған пайдалы. Өйткені олар бір кезеңде ғұмыр кешіп, бірдей оқиғаларға үн қосқан».
Жарыссөзде жұртты елең еткізген З.Мамытбековтің пікірі М.Әуезовтің назарын аударды. Ол конференцияны қорытындылаған сөзінде Шортанбай тәрізді Молда Қылыш мұрасы да аса даулы мәселе болғанына, оның шығармаларын сын тұрғысынан бағалауға арналған ғылыми кеңестер өткеніне, Шортанбай мен Молда Қылыштың үйлес жырлары бар екеніне тоқталды.
Молда Қылышты (1866-1917 ж.ж.) заманшылардың қатарына қосқан сүбелі шығармасы – «Зар заман» толғауы еді. Бұл – Қылыштың ең көлемді әрі көркемдігі жағынан шоқтығы биік тұратын туындысы. Қырғыз Ғылым академиясы қолжазба қорындағы кейбір естеліктерде 1908 жылдан бастап ел ішінде кең тараған «Зар заманды» қолына түсірген кісілердің молдаларға ақша немесе қой беріп, көшіртіп алғаны туралы мәліметтер айтылады. «Зар заманның» 8-9 нұсқасы бар. Жалпы көлемі – 10 баспа табақ. Шортанбайдың мәнерін еске салатын бұл «Зар заман» сонау 1870 жылы В.Радлов бастырғаннан кейін алыс-жақын жұртқа кең тараған «Зар заманнан» тамыр тартатынын аңғару қиын емес. Демек, Шортанбайдың «Зар заманы» қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі бүкіл «Зар замандардың» бастауында тұр.
Жыршы мен ырчы
Шортанбайдың «Зар заманы» мен Молда Қылыштың «Зар заманының» мағыналық-мазмұндық қана емес, тілдік-стильдік ұқсастықтары да жетіп артылады. Зар заман дәуірінің қос халықтың көңіл-күйіне бірдей әсер етіп, бір-бірін өмірі көрмеген екі ел ақындарының шығармашылығында ортақ әдістермен суреттелгеніне мысалдар көп-ақ. Соның негізгілерін ұсынар болсақ:
Шортанбай:
Зар заман,зар заман
Зарлап өткен бір заман.
* * *
Мына заман қай заман,
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман.
Молда Қылыш:
Салабаттуу зар заман,
Зарлап өтту куу заман.
Канча зарлап айтсам да,
Оңолбоду бул заман,
Сүйлөгөнүм зар заман.
Сонымен қатар, қырғыздың зар заман поэзиясының тұлғалы өкілі, төкпе ырчы Арыстанбек Бұйлашұлының (1824-1878 ж.ж.) «Тар заман» толғауында қайталанып отыратын «Ушул заман тар заман, Азуулууга бар заман, Бечарага зар заман», – деген жолдар Шортанбайдың «Азулыға бар заман, Азусызға тар заманымен» төркіндес екеніне ешкімнің дауы бола қоймас.
Қырғыз жұртына кең жайылған «Зар заман» толғауларының үлгілері мен үрдістері қарақалпақ поэзиясында да көрініс байқатты. Қазақ зар заман поэзиясындағы төл оппозициялы ұғымдардың – жақсылық пен жамандықтың, ерлік пен ездіктің, тектілік пен тәрбиесіздіктің дәуірлер қақтығысының негізінде орын алмасуын сипаттайтын, бір-біріне мағынасы қарсы «зор болды» – «қор болды» (Шортанбай) формуласы қарақалпақ халқының әйгілі ақыны Бердақ Қарғабайұлының (1827-1900 ж.ж.) өлеңдерін де айшықтайды:
Кимселер хәдден зор болды,
Біраздан шыннан қор болды.
***
Дұшпандарды бұл заманда зор еттің,
Сол себепті біздейлерді қор еттің…
Көрші халықтардың ақындық мектебіне үлгі болған Шортанбайдың «Зар заман» толғауында ақырзамандық белгілердің көріністері («Заман ақыр боларда, Алуан-алуан жан шықты, Қайыры жоқ бай шықты») ел ішінде үрдіс емес, кейіннен пайда болған құбылыстарды санамалап, замана адамның жаңа тұрпатын аңғарту түрінде бейнеленеді. Ақынның ұғымы бойынша, ен далада еркін жүрген жұрт үшін «ақша деген малдың», «шошала деген үйдің», «шошаңдаған бидің» шығуы жақсылықтың нышаны емес. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтыға» меңзейтін мұндай жаңалықтарға зар заман ақындары шошына қараған.
Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар айтулы ақындардың сөз өрнегі, өлең өрімі, көркем тілі замана ахуалын, замана адамын бейнелеу арқылы айқын көрінді. Дулат өлеңдерінде дәуірді сипаттайтын «кер заман», «азған заман» тіркестері қолданылса, Шортанбайдың «зар заманы» кейін тұтас бір ағымды санаға сіңірді. Отаршылдық қамытын еріксіз киген жұрттың зары бірте-бірте үдеп, «қайғы-шер» түсінігі замана сипатын аңғартатын балама мағынаға ие болды.
«Зар заман, зар заман, Зарлап өткен бір заман», – деген Шортанбай өлеңінің тармақтары дыбыстар гармониясы арқылы да үйлесімділік танытып тұр. «Зар» эпитетінің «заманға» қонымды болғаны соншалық, бұл ұғым ақынның бүкіл шығармашылығының мазмұнын ашатын тіркес ретінде қалыптасып кетті. Қырғыз ақыны Молда Қылыштың «Зар заман» толғаулар топтамасының бұлайша аталуына Шортанбай өлеңдері әсер еткен болуы әбден мүмкін. Көрші елдің әдебиетінде оншақты ырчының «Зар заман» атты шығармасы бар екенін ескерсек, «заман» мен «зардың» берік үндесіп, тұтастық құрағанын байқаймыз. Шортанбай өз дәуірінің түр-сипатын бейнелі сөзбен көркем кестелеп көрсетті:
Заманың сенің құбылды,
Текеметтің түріндей.
Бұл теңеу арқылы аумалы-төкпелі дәуірдің елді елеңдеткен болжаусыз құбылыстары аңғарылып тұр. «Заманның сипаты» ұғымын алмастырған «текеметтің түрі» «құбылу» етістігімен байланыстырылып, синонимдік қатардың ойды білдіруге оңтайлысы таңдап алынған. Ал Шортанбай өзі «зар заман» деп атаған дәуірдің тұтастай болмысын былайша бедерлейді:
Тарлығының белгісі:
Жақсы жаннан түңілген,
Жаман малға жүгінген.
Мұның өзі зар заман.
Зарлығының белгісі:
Бір-бірлерін күндеген,
Жайына тыныш жүрмеген.
Ақын заманның жайын толғағанда өзінің «Әуелгі қорлар зор болды, Сондай зорлар қор болды» тұжырымынан ой туындатады. Қоғамда жақсылық пен жамандықтың, тектілік пен шалағайлықтың, парасаттылық пен пасықтықтың орын алмастырғанын поэтикалық антонимдер қатарын түзу арқылы танытады. «Арғымақ ат тасырқап, Тағалы болған замана. Мәстек жабы жалданып, Бағалы болған замана», – осының бір мысалы. Шын асылды тұсаулаған, өресізді еркінсіткен дәуірдің сиқы қарама-қайшы құбылыстарды, өткен мен бүгінді салыстыру тәсілімен айқындалады. Шортанбай жырлаған осындай құбылыстарды онымен үндес көрші ел ырчылары да ырлап, өз халқының жоғын жоқтады.
Таным мен тағылым
Шортанбай адамның азғандығын елге билігін жүргізетін ақсақалдардың өзара ұстасуынан, өнегесіздіктің тамыр жаюынан көреді. Дау-дамайды әділ шешіп, жұртты жөнге салатын ақылман қария мәртебесінің төмендегеніне, ақсақалдықтың құны түскеніне көңіл аударады. Жалпы, ақынның өлеңдерінде замана адамының азғанын «балық басынан шіриді» тұжырымына бағындыру үрдісі әр тұста байқалып қалады. Бұл, әсіресе, оның ел басшысының не би-болыстың бейнесін кескіндеуінен көрінеді. Ал ақсақалдықтың қадірі кете бастағанын екі адамның тартысы арқылы былайша түйіндейді: «Екі үлкен егесіп, Қошқардай басын теңесіп, Сол жерде заман оңалмас».
Демек, Шортанбай дәуірдің бұзылуын дәстүрдің де бүлінуі деп біледі. Мұның себеп-салдары, әрине, отаршылдық жүйенің саясатымен астасып жатқаны белгілі. Ел ішінде әлдеқалай дау туындаса, қара қылды қақ жарған әділ биге барып жүгініп, екі жақтың да көңілінен шығатын бітімге тоқтайтын заман өтіп, қазақ ішінде қит етсе ұлыққа арыз жазатын әдет пайда болды. Ұлттың барлық мәселесінің отарлаушылар билігіне тәуелділігі осындай ахуалды орнықтырды. Талас-тартысқа не орыс ұлығы, не солардың ел ішіндегі өкілі төрелік етті. Бұл кең қолтық қазақы мінездің өзгеше қалыптасуына әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы дертті тап басып, «Ел екіге жарылды» деген Дулаттың айқындамасы Шортанбай шығармашылығында одан әрі түрленеді: «Екі кісі ұрысса, Қалам алар қолына, Зәкүннің түсер жолына».
Бірқатар діндерде елесі байқалатын циклдік жүйе уақыттың жылдық айналымы арқылы түсіндіріледі. Көгілдір көктем, жайдары жаз, қоңыр күз, қаһарлы қыс – тіршіліктің көктеп-гүлдеп, өсіп-өніп, сұрқай тартып, азып-тозуының мысалы секілді. Егер мәселеге осы тұрғыдан келсек, қазақ зар заман поэзиясы – өз дәуірін қызығы кеткен, базары тарқаған шақ деп сезінудің жемісі. Яғни, ақырзаманның аулы жақын қалды деп түйсінуден туған өлеңдер. Мысалы, Әбубәкір Кердерінің мезгілдік ұғымдарды адам ғұмырының әр сәтімен байланыстырып («Жастық дәурен, жазға ұқсас, Кәрілік дәурен қысқа ұқсас»), пенденің бұл дүниедегі сапарын тура төрт санына теліп қоюы («Тірліктің дәуірін, Төртке бөліп болады»), соның бәрін салмақтап, «Қыс – қиямет белгісі» деп тұжырымдауы оның оқығаны мен тоқығаны көптігін, сана-сезімінің тереңдігін дәлелдейді. Сондай-ақ, Шортанбайдың заманның азып-тозуы туралы толғай келіп, «Қыс көбейді жаз аз боп, Бай таусылды, мал аз боп», – деуінде де мән бар.
Ақырзаманның қашан келетіні Шортанбайдың өлеңінде: «Сауысқан, ала қарға – құстың құлы, Басталар ақырзаман жылқы жылы», – деп нақтыланғаны болмаса, зар заман поэзиясында, негізінен, ақындардың келешектегі мерзімі белгісіз қауіп-қатерді сезініп, көріпкелдік жасаған толғаныстары қамтылады. Шортанбайдың әдеттегідей, «ақырзаман орнайды» демей, «басталар» деуіне қарағанда елді біразға дейін әуре-сарсаңға салатын белгілі бір кезеңді меңзеген болуы мүмкін.
Шортанбайдан кейінгі ақындардың шығармашылығында тектіліктің тозуы мотиві «Әуелгі барлар жоқ болды, Сондай барлар тоқ болды» тұжырымының қалыбына салып шендестіру арқылы дамығаны анық. Шортанбай өз үлгісі бойынша: «Жөн білмеген жамандар, Ел билеген бек болды», – деп күйінсе, Мұрат: «Қоңсыдан туған би болды, Бұл секілді күй болды», – деп әлеуметтік кеселдің түбін қазбалайды. Осы сарынды Әбубәкір: «Қараның ұлы хан болды, Құлдан туған паң болды», – деп жалғастырады. Қоңсы мен құлдан туған замана адамының ағайынын Албан Асан да түстеп таниды: «Күңнен туған түзеліп, Сөз бастағыш ер болды». Тегінде, бұл мотив Асан шығармашылығында кеңінен көрініс тапты. Дәуір құбылыстары жоғарыда аталған үлгімен, түрліше тіркестермен бейнеленді.
Зар заман поэзиясында халықтың тосырқай қараған құбылысы ретінде бейнеленген нәрсенің бірі – санақ, есепке алу жайлы. Қазақтың кең сахараны жайлаған көшпенді тіршілігі еркіндікке, азаттыққа негізделген. Санақ жүргізуге, есепке алуға, яғни жұрттың үрдісінде жоқ нәрсеге қарсылық Шортанбай шығармашылығында айқын көрініс тапты:
Қараны санап, малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
***
Ай сайын келіп санатып,
Есебіңді алып тұр.
«XIX ғасырдың орта тұсынан бастап ене бастаған жаңа сөздердің бірі – Шортанбай сияқты ақындардың таным тұрғысынан бағаланған «зар заман», «заман ақыр» тіркестері. Соңғы тіркес, әдетте, діни ұғымға қатысты бұрыннан бар болғанмен, енді ол зар заман дегеннің синонимі ретінде де келеді. Осы атаудан шығарып, кейін қазақ әдебиеттану ғылымында «зар заман ақындары» деген терминдік тіркес те қолданылып кеткені мәлім», – деген академик Рәбиға Сыздықованың пікірі бұл атаудың санамызға әбден сіңісті болғандығын айғақтай түседі.
Ақын мұрасын әр қырынан қарастырып, шығармашылық табиғатын, өлең-толғауларының мән-мазмұнын жан-жақты зерделеп, байыптама жасаған зерттеушілердің пікіріне ден қойсақ, «о дүниенің талқысынан гөрі бұ дүниенің азабын, туған халқының бүгінгі тіршілік кебі мен ертеңгі болашағын көбірек қамдаған» (М.Мағауин), «ел мұңын жырлап қана қоймай, ол өмірді түзеу үшін өз жолын ұсынған» (К.Жүністегі), «заманның бұзылуын көп сөз етіп, қасірет өлеңге қосқаны үшін көбірек датталған» (Қ.Мәдібай) Шортанбай Қанайұлы өзі өмірге келгеннен бергі екі ғасырға рухани азық боларлық қастерлі қазына қалдырғанын көреміз.
Аумалы-төкпелі заманға тап келсе де қадірі кемімеген ақын мұрасы бүгінде алмастай жарқырап, баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Сөзі салмақты, ойы оралымды, танымы терең жыр жүйрігінің өлең-толғауларының табиғаты әлі де толық ашылған жоқ. Ілім-білімге жетік ғұлама ақынның күрделі көркемдік кестесі талай зерттеулерге жүк болары анық. Ендеше, Шортанбай ғұмырнамасы мен шығармашылығының өміршеңдігін танытатын қос ғасырдың тағылымы алдағы кезеңде де жалғаса бермек.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының
докторы, профессор.