Спорт

Қос алтын, қос күміс

Өткен аптада Қарағандыда дзю­додан 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында ел чемионаты өткен болатын. Оған елдің 17 облысы мен үш қаласынан 850 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Сол байрақты бәсекеде облыс құрама командасы екі алтын және екі күміс медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте ІІ орыннан көрінді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Аталған турнирде 44 келіде белдескен Ясмина Гашимова мен 48 келідегі Сұлтан Аянов топ жарды. Ал, 44 келіде сынға түскен Нона Чиркова мен 57 келідегі Амина Уалиева чемпионаттың күміс жүлдегерлері атанды.

Қарағанды қаласындағы «Жас сұңқар» спорт мектебінің 18 тәрбиеленушісі бақ сынаған. Соның ішінде, 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Амина Уалиева жоғары деңгейдегі шеберлігін танытып, күміс жүлдені жеңіп алды. Одан бөлек, мектептің тағы екі спортшысы V орынға табан тіреп, лайықты нәтиже көрсеткен. Амина болса, жарыс барысында алты кездесу өткізіп, финалға дейін жеткен. Шешуші сында алматылық спортшымен белдесіп, өкінішке қарай айласын асыра алмады.

– Аминаның спортпен шұғылданып жүргеніне екі жылдан асты. Екі жылдың ішінде үлкен дәрежеге жетіп отыр. Негізі, Аминаны әкесі кішкентайынан спортқа баулыған. Аминаның қарсыластары осал болмады. Әсіресе, ширек финалдағы қарсыласы өте күшті. Өзі бұл қарсыласпен республикалық турнирде кездескен болатын. Сол жолы қарсыласына есе жіберген. Бұл жолы одан айласын асырып, ақтық кезеңге жолдама алған-тын. Шешуші кезең үшін жекпе-жекте Амина иығынан жарақат алып, жарақатымен шықты. Әрі өзі екінші нөмірде жұмыс істеді. Біздің қателескеніміз осы жер болды. Содан кейін әр қарсыласқа жеке-жеке тактика қойып, сол бойынша жұмыс істедік. Әрі бірінші болып шабуыл жасауға көштік. Өкінішке қарай, ақтық кезеңге жеткенімізбен, алтын ала алмай қалдық. Бірақ, алдағы уақытта бұдан да мықты болып ораламыз, – деді «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаттықтырушысы Серік Уалиев.

Бұл турнирге Теміртау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінен бес спортшы қатысқан. Солардың ішінде 38 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сұлтан Аянов ерекше көзге түсіп, алтын жеңіп алыпты. Айта кетерлігі, Сұлтанның салмағында 40-қа жуық спортшы бақ сынаған. Өзі жарыс барысында бес кездесу өткізіп, чемпион атанған.

– 38 келі салмақ дәрежесі бұл турнирдегі ең көп қатысушы жиналған санаттардың бірі болды. Солардың қатарында Сұлтан да өнер көрсетті. Әуелде қатысушылар санына қарағанда аздаған қобалжу болғаны рас. Алайда, боз кілемге шығып, алғашқы қарсыласын сенімді түрде жеңгеннен кейін өзіне деген сенімі арта түсті. Ең күрделі белдесулердің бірі – екінші кездесуі. Бұл кезеңде ол қостанайлық спортшымен жолықты. Осыдан екі ай бұрын Талдықорғанда өткен турнирде дәл осы қарсыласынан жеңіліп қалған еді. Бұл жолы сол қателіктер ескеріліп, арнайы дайындық жасадық. Нәтижесінде, Сұлтан реванш алды. Одан кейін Сұлтан жарыс соңына дейін бірінші нөмірде жұмыс істеп, финалға жетті. Әрі чемпиондық атақты да иеленді, – деді мектеп-интернат-колледжінің дзюдодан аға жаттықтырушысы Андрей Гуденов.

Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте алматылықтар топ жарды. Олардың еншілерінде үш алтын, бір күміс және үш қола жүлде. Ал, үздік үштікке екі алтын, бір күміс және екі қола жүлдемен Жамбыл облысының спортшылары табан тіреді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button