Қос аққудай қалықтаған айдын көлде
Осыдан тура бір жыл бұрын қазақ тілі мен әдебиетінің асқан маманы, қара сөздің шешені, өлең сөздің шебері, Қарағандыдағы қазіргі Н.Нұрмақов атындағы қазақ мектеп-интернатында талай жасты тәрбиелеп, ұядан ұшырған ұлағатты ұстазымыз, ардақты ана Мәпіш Шәріпқызы дүниеден озған еді. Ол кісінің өмірлік серігі, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары мектеп ұстазы, ғұлама ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғатбек Әбдіразақовтың да қайтыс болғанына он жыл болған екен.
Бұл кісілердің өнегелі өмірі, ұстаздық жолы мен лауазымды қызметтері туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Еңбектерінің қорытындысы том-том поэзиялық және прозалық шығармалар, ғылыми монографиялар болып жарық көрді. Арттарында мол мұра қалды, қалдырған іздері мәңгілік. Өздерінің жеке бастарының өнегесімен де, ішкі мәдениетімен де үлгі тұтарлық азамат екендіктерін көрсетіп кетті.
Содан болар, өңіріміздегі бетке ұстар ақиық ақын-публицисіміз Серік Ақсұңқарұлы осы кісілер туралы жазған мақалаларына «Қыдыр қонған шаңырақ», «Бір үйде – екі тұлға» деген тақырып қойып, ғасыр басында-ақ, көздерінің тірісінде лайықты баға беріпті. Қандай тамаша теңеу, боямасы жоқ, өмірдің өзінен алынған ақиқат! Ақын қиялы ұшқыр келеді, сөзі киелі, өзгелерге қарағанда бір сәт болса да ілгері жүреді, болашақты болжай алады!
Біз үшін Мәпіш Шәріпқызы алдымен қазақ халқының ұлы тұлғалары Абаймен, Мұхтармен, біз оқыған жылдары енді ғана ақталып, халқымен қайта қауышқан Бейімбет, Ілияс, Сәкендермен алғаш таныстырған, жалпы қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын теріп берген мұғаліміміз еді. Мәкең сабақ бергенде ұйып тыңдамайтын оқушы болмайтын, ол кісі сөйлемдерді түйдек-түйдегімен, көркем тілмен жеткізетін. Сол кездің өзінде-ақ бойына ақындық қасиеттер дарығандығы сөзсіз. Сөзім дәлелді болу үшін шәкірті ретінде өзіміз куә болған мына бір оқиғаны атап өтейін.
1960 жылдың қысында Қарағандыға Қазақстанның қырық жазушысы қатар түзеп келе қалды. Содан ақын-жазушылардың үлкен бір тобы қаланың қақ ортасындағы біздің №2 мектеп-интернатқа келді. Шәкірттердің, ұстаздардың өмірімен, оқу-тәрбие жұмысымен танысты. Жастарға арналған жалынды өлеңдерін оқыды. Ұстаздар атынан құттықтау сөз сөйлеу Мәкеңе жүктеліпті. Міне, осы көріністі жергілікті жазушы Жайық Бектұров былай баяндайды:
«Қадірлі қонақтарды құттықтап, қайырлы сапар тілеп, мұғалімдердің бірі мінбеге көтерілді. Балақ баулы бала құстай талдырмаш қана қараторы келіншек сөйлеп кетті. Қазақ совет әдебиетінің небір көсемдері мен шешендері отырған орындарынан селт етпей, тастай қатты да қалды. Қараторы сүйкімді келіншек кешегі-бүгінгі қазақ әдебиетінің жастар өміріндегі ғибратты өнегесін төгіп-төгіп айтып, ақындардың жанын тербетті. Белгілі ақын-жазушылардың бәрі де көз алдарына ертедегі Қарлыға, Құртқа, Назым, Жібек, Ханшайым, бертінгі Сара, Шолпан, Күләш тәрізді әйгілі қазақ қыздарының аяулы бейнесін елестеткендей болды. Таңдайынан бал тамған шешен-ұстаз осы мектептің әдебиетші мұғалимасы Мәпіш Шәріпова еді…».
Жәкеңнің айтуынша «Қазақ әдебиеті» газетінің сол тұстағы редакторы З.Қабдолов орнынан ұшып тұрып, Мәпіштің қолындағы сөзінің мәтіні жазылған дәптерді қолқалап, бойтұмардай қалап алады да, кешікпей сол күйінде газетіне жариялайды. Содан былай Мәкеңді, біздің мұғалімімізді Алматы жазушылары «шешен қарындас», «шешен Мәпіш» деп атап кетіпті.
Ақыры ол кісінің ақындық дарыны қауызын жарып шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде төрт поэзиялық, екі прозалық кітабы жарық көрді. Кейінгі екі кітаптың бірі асыл жары, Отан соғысының қайсар жауынгері, кезінде Қазақстан ЛКЖО ОК 1-хатшысы, Қарағанды, Гурьев қалалық партия комитеттерінің хатшысы, ҚарМУ-дің деканы, кооператив институтының ректоры болған экономист-ғалым Талғатбек Әбдіразақовтың өміріне арналса («Қыран ғұмыр», 2016 ж.),екіншісінде өзінің өмір белестерін баян етеді («Ой-өрнек», 2016 ж.). Кітаптарын құрастырып, мақалалары мен естеліктерін, өлеңдерін теріп, баспаханаға тапсыруға өзінің бір кездегі шәкірттері мен сіңлілеріндей болып кеткен қаламгерлер Рымкеш Смайылова, Гүлнар Бұқарбаева, Сағат Батырханова мен Марал Хасеновпен осы жолдар авторы біраз еңбек сіңірді.
Мәкең мен Тәкең бақытты да баянды ұзақ ғұмырларын қос аққудай қатар жүзіп, әсемдікпен өткізген адамдар. Ақын ұстазымыз сүйікті жарына деген өзгеше өрілген ықылас-ниетін ерекше сыйластықпен, көрікті ойларымен жеткізіп отырады. Тәкеңе арнаған өлеңдерінің өзі бір жинаққа пара-пар. «Отағасын Алланың әр күні аузынан тастамай, бір шаңырақтың астындағы 65 жыл 6 айлық ғұмырын, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, немере, шөбере сүйген бақытты өмірін еске алудан Мәпіш апай ешқашан жалықпайды. Алланың берген сыйы, табиғат берген таланты өлең өріп, естелік жазатын қасиет-қабілетін ерінің жолына, оның бағы мен бақытына құрбан еткен бір әйел болса – ол осы Мәпіш апай», – деп жазыпты әріптесім, халықаралық журналист Сағат Батырханова. Қысқа да нұсқа тұжырым!
Шынында да Мәпіш апай Алматыдағы алайын деп тұрған аспирантурада қалмай, азаматқа берген уәдесінде тұрып, Тәкеңмен тұрмыс құрады, Қарағандыға келеді, ерінің жұмыс бабымен Алматыда, Атырауда тұрады, 7 жыл Мәскеуде оқытады (оның төрт жылы жоғары партия мектебі, үш жылы қоғамдық ғылымдар академиясы). Үш баласын бағып-қағып, мектеп-интернатта ғибратты қызметін жалғастырып, Қарағандыда қала берді.Тіршіліктің ешқашан бітпес шаруаларына алаңдата бермей әуелі кандидаттық, кейін докторлық диссертациясын қорғауға барлық жағдай жасады. Қазақ әйелі үшін бұл ерлік емей немене?!
Асыл жары Талғатбек Әбдірахманұлының басынан кешкен ауыртпалықтарын, өздерінің бірге өткізген өмірлерін Мәпіш апай былай деп бір-ақ абзацқа сыйғызған екен:
«Тәкеңнің өміріне төрт оқиға салмақ салып өтті. 1931 жылғы аштықта жетім қалып, балалар үйінде өсті. Ұлы Отан соғысы жылдары екі рет ауыр жараланып, еліне мүгедек болып оралды. Республика комсомолдарының 1-хатшысы болып жүргенде орталықтың басшыларын сынап, ақыры орнынан алынды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты қазақ студенттерінің проценті басым деген сылтаумен институт ректорлығынан алынды. Осының ешқайсына мойымады. Қасқайып тұрып қарсы алды. Ғылымда, білімде қажымады, талмады. Жеті жыл Мәскеуде оқыған оқымысты азамат еді. Сондағы марксизм классиктерінің, Плехановтың, Сперанскийдің және т.б. еңбектерінің конспектілерін кейінгі кезге дейін сақтап келді. Солардың пайдасын ғылыми еңбектер, экономикалық білімдер туралы шолу тұрғысындағы оқулықтар жазғанда көрді. Балаларын, немерелерін тәрбиелеуге, білім беруге үлкен көңіл бөлді. Мені Тәкең сияқты азаматпен қосқан тағдырыма ризамын».
Сол ризалығын Мәпіш Шәріпқызы өмірлік жары Талғатбектің рухына арналып, өлеңдер, мақалалар мен естеліктерден құрастырылған «Қыран ғұмыр» атты жинақпен білдірді (құрастырушы осы жолдардың авторы).
Естеліктерінен бұл кісілердің қазақтың маңдайына біткен асыл ұлдары Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенов, Ермұхан Бекмаханов, Әлімхан Ермеков, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Шапық Шокин, Шәкен Айманов, тағы басқа тұлғалармен жақсы араласап, пікірлескенін көреміз.
Кітапта отты жылдарды бірге кешкен кешегі майдангерлер Мәлік Имашевтің, Қали Аманбаевтың, Тишбек Ахановтың, замандастары мен талантты шәкірттері Әбілқас Сағыновтың, Зейнолла Молдахметовтың, Әбілда Әлімбаевтың, Ерқара Аймағамбетовтың, Рашид Кареновтың, Рымбала Омарбекованың, Темірбек Дулатбекұлының, Сайран Улақовтың естеліктеріне, жазушы-журналистердің осы бір құт дарыған отбасына, көрнекті ғалымның еңбектеріне арналған мақалаларына орын берілген.
Бір сөзбен айтқанда, абыз ұстаздар Мәпіш Шәріпқызы мен Талғатбек Әбдірахманұлы ғибратты, өнегелі өмір сүрді. Олардың жүрген жолдары, ұстаған ұстанымы бүгінгі жастарға қараңғы аспанда жол салатын жарық жұлдыздай дер едік.
Жандарың жәннатта, тәндерің рахатта болсын, сүйектері асыл жандар!
Аман ЖАНҒОЖИН,
шәкірті, Қазақстанның Құрметті журналисі