Қоржынымызды алтын қомпайтты

    Елімізде өтіп жатқан Қысқы Универсиада қыза түсті. Мәре жақындаған сайын, спортшылар мақсат пен міндетті орындауға күш салуда. Бейсенбі күні Қазақстан спортшыларының бағы мен бабы қатар келді. Атап айтсақ, қазақстандық құрама команда фристайлдан өткен жарыста жеңіс туын желбіретті.

Ел намысын қорғаған Дмитрий Рейхерд отандасы Юлия Галышевадан кейін фристайлдан могул жарысы бойынша жеңімпаз болды. Юлия Галышева фристайлдан алтыннан алқа тақса, Дмитрий Рейхерд ақтық кезеңде 79,94 ұпай жинап, жұртқа кезекті жеңісті сыйлады. Ал, екінші орынды иеленген Сергей Шимбуев 79,11 ұпай, қолаға қол жеткізген қазақстандық Павел Колмаков 76,95 ұпай еншіледі. Бұған биатлоншы Галина Вишневская 7,5 шақырымдық жарыста қарсыластарына қарасын көрсетпей, қоржынымызға тағыда бір алтын салғанын қосыңыз. Десек те, жерлесіміз конькиші Екатерина Айдовадан алтын күткен едік. Спортшымыз мәре сызығын төртінші болып қиды.

Сонымен қатар, осы күні бөркімізді аспанға атқызған шаңғышы Иван Люфт ел қоржынына кезекті алтыншы алтын медальді салды. Спринтерлік сайыста ресейлік қарсыластарын соңында қалдырған 18 жастағы қазақстандық спортшы Алматы Универсиадасының чемпионы атанды. Жас шаңғышының бұл ерлігі жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Ресейлік үштіктің соңында келе жатқан Иван орта жолда жылдамдығын арттырып, суырылып алға шықты. Мәреге таяған тұста тіпті жылдамдығын арттырды. Соңғы күші қалғанша сайысқан сайыпқыранның жетістігі Қазақстан құрамасы командасын жалпы есепте екінші орынға шығарды. Әйелдер арасындағы спринтерлік сайыста қазақстандық шаңғышы Анна Стоян қоланы жеңіп алды. Ал, алтын мен күмісті Ресей қанжығалады.

Екі күн қорытындысында Қазақстан құрамасы жалпы есепте II орынға табан тіреді.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде жалпы 15 жүлде бар. Оның 6-ы алтын, 2-і күміс және 7-і қола жүлде. Көш басында тұрған Ресей спортшыларының еншісінде 32 жүлде (13 алтын, 13 күміс, 6 қола) бар. Үшінші орындағы Франция құрамасының қоржынында әзірге 5 жүлде (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) тұр.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.