Жаңалықтар

Қоржында – қос күміс

Паралимпиада ойындарында бақ сынап жатқан ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыз бабында тәрізді. Алтын мен күміс қолға түспеген Олимпиада ойындарының есесін қайтаруда десек, арттық айтқанымыз емес. Әсіресе, татамидегі тарланбоздар тартысты өнер көрсетуде. Ел қоржыны тағы қос күміспен толықты. Дәулет ТЕМІРЖАН мен Зарина БАЙБАТИНА әлемдік бәсекеде абыройымызды асқақтатты.

73 келі салмақта белдескен Дәулет алғашқы кездесуінде әзірбайжандық Рамил Газимовті ұтса, ширек финалда Рио Олимпиадасының қола жүлдегері және әлем чемпионатының жүлдегері, неміс балуаны Хоркас Николайдан басым түсті.

Ақтық сынға жолдама үшін белдесуде грузиялық Калдани Джорджиді қапы қалдырды. Өкінішке орай, алтын жүлде үшін тартыста өзбекстандық Феруз Саидовтан ұтылды. Бұған дейін өзбек балуаны Рио Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған.

Ал, әйелдер арасында 70 келіден жоғары салмақта сынға түскен Зарина Байбатина финалда әзірбайжандық Дурсадаф Каримоваға есе жіберіп алды. Әйтпесе, Зарина бұған дейін Токио татамиінде Моңғолия мен Италия балуандарын ұршықша иірген еді. Бағы жанған балуан қыздың әлемдік бәсекеде алғаш бақ сынағанын ескерсек, бұл үлкен жетістік. Және қажырлы еңбек пен бойдағы қайраттың нәтижесі. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін дзюдошы Әнуар Сариев те күміс еншілеген. Бұл балуанымыз да финалда әзірбайжандық Вугар Ширинлиден ұтылған-тын.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button