Руханият

Орынды ұсынысты қуана қолдаймыз

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2023 жыл 18 наурыз күнгі №31 саны журналист Жәлел Шалқардың «Маркс Нұрмақовқа жол берсе…» атты мақаласымен қалың оқырманды елең еткізді. «Әлихан Бөкейхан – Алаш және азаттық идеясының ұйытқысы болса, Нығмет Нұрмақов – еліміздегі қоғамдық институттардың негізін қалаушы бірегей тұлға» деп басталған мақала Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданының орталығы Майқұдықтағы күре жол Карл Маркс-Магнитогорск көшесіне аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың есімін беру туралы жұртшылықтың көкейінде көптен жүрген мезгіл мәселесін өте орынды көтерген.

 

Құдіреті күшті Жаратушының әрекетімен орнаған айнала дүниеге көзқарас, ондағы адамдар қоғамының орны жөнінде саналы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан фәлсафа ілімін өміршең, ғылыми жолмен – күллі материалдық, табиғи, рухани дүние дамуының диа­лектикалық заңдарымен баяндап, адамды адамның қанауынан азат қылатын, әркімнің өз еңбегі мен қабілетінің рахатын көруге жеткізетін әлеуметтік революцияның теория-тактикасын жасаған ХІХ ғасырдың ұлы ойшылы Карл Маркс есімінің «қазақтар, Қазақстан» деген ұғым шет елдерге беймәлім жылдары шалғайдағы Қарағандының көшесіне, кеңшарына, тіпті құс фабрикасына не себеппен берілгенін бүгінгі немере-шөберелерге түсіндіріп көріңіз!.. Олар үшін Майқұдықтағы басты көшенің атақты кенші, жерастының қазынасын қажырлы еңбегімен жер үстіне шығарған Түсіп Күзембаевтың атымен аталатыны қаншалықты ұғынықты болса, орталық көшенің Маркс-Магнитогорск аталатыны сон­шалықты түсініксіз.

Ал, енді, осының бірде-біріне жарықтық Маркстің қатысы да жоқ, жазығы да жоқ. Қазақстанның әр қаласы мен облысында марксизм-ленинизм классиктерінің атымен (сонымен қатар, кеңестік саяси бюро серкелерінің атымен) көшелер, ауылдар және басқа да нысандар аталуы керектігін діттегендер – Қазақ елі 1920 жылдан РСФСР құрамында автономиялық республика, 1936 жылдан өз алдына Конституциясы, Әнұраны мен Елтаңбасы бар КСРО-дағы дербес республика атанғанның өзінде, кеңестік-тоталитарлық қысымнан қорқып-үркіп қалған өз атқамінерлеріміз. Тіпті, тәуелсіздік ал­ған­нан бергі уақыт ішінде басшы-ұлықтарымыздың, қо­ғамдық ұйым көшбасшыларының аузынан:

– Уай, өткенге салауат айтып-тәубе делік, сәт туды: «бұратана ұлттың» бірегей ұлдарының ақыл-парасатынан, дарын-қажыры­нан Сталиннің өзі қауіптеніп, «халық жауы» атымен (1931 жылғы алғашқы саяси құрбаны Жүсіпбек Аймауытұлынан бастап) шетінен абақ­тыға жауып, атып-асқан асылдарымыздың есімі мен ісін көмбеден шығарып, ұлықтайық енді!.. – дегендей мәрт мінез бірден танылмады. Өйткені, қоғамдық ұйымдардың дүрдей атауы болғанымен, әлдекімге жалтақтау әдеті салдарынан, қайсар үні де, бедел-құқығы да шамалы еді. Мемлекеттік хатшы болған көрнекті саясаткер, ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Бізді бодандық қалай сынаса, бостандық та солай сынайды» дегеніндей, туған Отанымыз 1991 жылы тәуелсіздік алғанымен, өткеннің идеологиялық езгісінен «қарайып қалған» ұлттық намысымыз кештеу ояныпты-ау…

Бастапқы тақырыбымызға орал­сақ, текті ұрпақтың тұяғы – Нығмет Нұр­мақовтың қарындасы Қайша Нұрмақовадан туған жиені, бүгінде сексен жасты молынан қусырып отырған Тамара Тағатқызы Смағұлова – жоғары білім-білігімен аудандық, облыстық партия-кеңес органдарында ұзақ жыл қызмет еткен, Қарқаралы-Қу елі мекендеген «Бауыр Бошанның» шежіре-тарихына жетік, туған нағашысы Нығмет туралы баспасөз беттерінде қазақша-орысша жазып баққан кісі (редакциялар қоржынында да, әкімдіктер мұрағатында да қолжазбалары жатқан болар). Бұл апаймыз 1994 ж. 19.ХІІ. ҚР №1424 қабылдаған «Көрнекті мемлекет қайраткері Н.Нұрмақовты мәңгілік есте қалдыру туралы» Қаулысын орындату үшін облыс әкімі П.Нефедовтің 1995 жылы «Қарағанды қаласының әкімшілігі Н.Нұрмақовтың мемориалдық тақтасын дайындап, оны №2 мектеп-интернатына орнатуға қаржы қарастырсын. Қарағанды қаласының жаңа көшелерінің біріне оның аты берілсін» деп №43 қаулы алғанына, №2 мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов аты берілгеніне, сондай-ақ, Н.Нұрмақов атының қала шетіндегі жекеменшік үйлер орна­ласқан ұзындығы 1,5 шақырым бұ­ралаң көшеге берілгеніне куәгер. Қарқаралыдағы бізбен (ол жылдары аудандық газеттің редакторы болған мен – Тамара Тағатқызына келін боламын) бір сөйлескенінде, көшеге Нықаңның атын беру жөніндегі Қаулыны орындау­шылар тарапынан асығыстық, яки салғырттық жасалғаны салдарынан, келеңсіз жағдай орын алғанын, қазір енді осы көшенің Нұрмақов атына лайықсыздығы туралы облыстық, қалалық орындарға барғыштап жүргенін айтқан еді. Ж.Шалқардың мақаласында жазылғандай, шынында да, көшенің мемлекет және қоғам қайраткерінің атындағы нысан екенін айтуға ұят. Сонда тұратын орыс ұлтының өкілдері «улица наша вроде Ермакова называется что ли…» дейді. Сол жылдары қаланың орталық тұсында ешқандай топонимикалық та, ономастикалық та мән-мағынасы жоқ «кезекші» атаулар қойылған, қарағандылық партия-кеңес қызметінен бертінде зейнетке шыққан шенеуніктер есімі берілген көшелер баршылық болатын. Ана жылдары Сәкен Сейфуллин атына да қаланың қолайсыздау аумағындағы шеткері көше беріліп кетті де, қазір біраз абаттандырылды. Бертінде Қасым Аманжоловтың атына көше берілгенде де осындай жәйт орын алып, ұлттық намыстың оянғанын танытқан халықтың талабымен дереу бір жылдан соң дауылпаз ақынның аты лайықты көшеге берілді.

«Ештен кеш жақсы» демекші, республикамыздың төртінші мега­полисі атанған қаламыз қанатын кеңге жаюда, келешекте оңды көшелердің біріне неге Н.Нұрмақов атын бермеске? Күні кеше теледидардан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мемлекетінің бұрынғы басшысы, түркітектес ха­лықтар мүддесі жолында заманында айтулы қадамға барған Гейдар Әлиевтің атына астанамыздың алғашқы жылдары берілген көшені орталықтағы сәулетті көшемен алмастыратынын мәлімдеп, ертеңінде Г.Әлиев атындағы жаңа көшенің ашылуына қатысқанын тамашаладық. Астана қаласының жаңа көшелеріне келешекте берілетін атау­лар қатарында Н.Нұрмақов есімі бар екені де жоғалтқандарымызды біртіндеп іздеп-тауып жатқан біздей ұлттың алдағы күндерге деген сенімін нығайтуда.

Иә, ұлттық интеллигенциямыз­дың талантты, көркем өкілдері құз-жартасты жарып шығып, замана дауылына төзіп өскен қарағайдай мықты, әділдік пен азаттық жолында құрбан болған аса көрнекті екі өкілі – Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақов 1937 жылдың қыркүйегінде, Мәскеудегі Бутыр­ка түрмесінде бір күнде атылып кетіпті…

«…Отыз жасқа толар-толмас премьер­министр Нығмет Нұрмақовтың үлесіне туған республика өмірін алға бастырудың күрделі жылдары сыбағаланған еді», – деп жазып кетті өзінің «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде академик Манаш Қозыбаев. – «Ел экономикасын көтеру, жерге орналастыру, «Түркісіб» темір жолын жоспарлап-салдыру, өнеркәсіпті ұйымдастырып-жүргізу, мәдениет, халықтың әлеу­меттік жағдайын көтеру мәселелері оңтайлы арнаға түскені 1924-1929 жылдар Н.Нұрмақовтың Қазақстанды басқарған мезетімен тікелей байланысты болатын. Бұл жылдар – республиканы жаңа деңгейге шығару жылдары болды». Ал, Нығмет Нұрмақовтың 90 жылдығына арналған баяндамасында Қазақстан КП ОК хатшысы Д.Қонаев: «Біз өзімізбен бірге жарқын келешекке баға жеткісіз қымбаттыларымызды – өзіндік сана-сенімімен, жүрек қалауымен, зорлық-зомбы­лыққа толы заманда қасірет пен әділетсіздікке қарсы күреске қаймықпай түскендердің даңқты есімдерін алып барамыз. Нығмет Нұрмақов революцияның бұрындары ешкім баспаған бұралаң-тайғағы көп ауыр жолына түскен болатын. Оның қысқа ғұмыры күллі ұлттар мен ұлыстардың, туған халқының бақыты үшін күреске арналды» деген еді.

Иә, Нығмет Нұрмақовтың есімі «Тәуелсіз Қазақстан» атанған туған республикасында жарқырап тұруы керек! ХХ ғасырдың 1956 жылы есімі ақталған оның атын туған жеріндегі көшеге беруді сұраған мақаламызды Нығмет Нұрмақовтың 1985 жылғы баспасөзде қалған: «…ерте ме, кеш пе, Қазақстан өзін дамытудың капиталистік жолына түседі» деген пайғамбарлық пікірімен түйіндегіміз келеді және аталмыш ұсынысымыз халық бақыты үшін, әділеттің үстемдік құруы үшін мерт болған Саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жүзеге асса деген тілегімізді әділетті Қазақстан құрудың қастерлі сапына тұрған жауапты азаматтарымыз ес­кереді деп сенеміз!

ҚР Парламентінің VІІІ сайлан­ған ал­ғашқы сессиясындағы сөзін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Елі­міздің мақсаты айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. …Ең алдымен отаншыл болуымыз керек. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ, елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн» деп аяқтауының жастарды патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы да зор болса керек.

Назипа АСҚАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button