«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

«Орталықтың» мінезі – сүйекке біткен мінез

Шыңырауға құлаған құлындай шырқыраған шындықты шырылдатып алып шығу, баспасөз бетіне басу – барша Бас редактордың батылы бара бермейтін ерлік. Әсіресе, қарсы айтқанды шауып түсетін кезеңде. Бірақ, сөйте тұра, басын бәйгеге тіккен, басылымның бұқара алдындағы адалдығы үшін қоғамның келеңсіздігін ештеңеден тартынбай жариялаған басылымдар бар. Оның көш басында «Орталық Қазақстан» тұр. «Орталыққа» «Мінезді басылым» деген мінездемені журналистиканың қара нарлары жайдан-жай бере салған жоқ. Мұның тамыры тереңде. Архив құжаттары, сарғайған газет беттері бұған – дәлел. Сыни, проблемалық мақалалар, фельетондар сол дәуірдің дерті мен дауасын тамыршыдай тап басқан. Қылышынан қан саулаған қызылдардың уақытында да ақ сөйледі. Оны да осы архив айғақтайды. «Советтік Қарағанды», «Орталық Қазақстан» дабылынан кейін», «Газетке шыққан материалдан соң» деген айдарлардан кейін талайлар атынан ауып түскен. Аудандық хатшы түгілі, министрлердің өзін талша мойнын қылша қып, кінәсін мойындатқан. Мүйізі қарағайдай министрлерді жалт қаратқан «Орталықтың» мінезі, қуаты – қабырғасы қаланғаннан ендеше. Осы күнде оның мінезсіздік танытуға еш хақысы жоқ, демек. Бүгін сондай тарихи дүниелердің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз. «Орталықтың» мінезі – сүйекке біткен мінез! Оған сіз де куә болыңыз, мәртебелі оқырман!

«Советтік Қарағандының» дабылынан кейін «Жасанды зоотехник»

Осы тақырыппен «Советтік Қарағанды» газетінің 1953 жылғы 22 декабрьдегі номерінде фельетон басылған еді. Фельетонда Қаламбаевтың арнаулы білімі болмаса да, зоотехник болып, орынсыз еңбекақы алып жүргендігі және колхоз партия ұйымының секретарьлық міндетін атқаруға немқұрайды қарап, партия ұйымының жұмысын ақсатқандығы жазылған-ды. Таяуда Жезқазған аудандық партия комитетінің секретары Мордвинова жолдас редакцияға былай деп хабарлады: «Фельетонда көрсетілген фактілер толық анықталды. Қаламбаев зоотехниктік қызметтен және партия ұйымы секретарьлығынан босатылды».

30 апрель 1954 жыл. №87 (5760)

Газет дабылынан кейін «Жайбарақаттық басым» 1950 жыл, 23 қыркүйек

«Советтік Қарағанды» газетінің үстіміздегі жылғы августтың 2 күнгі санында Ворошилов ауданындағы «1 Май» колхозы жайында мақала басылып шықты. Мұнда колхоздың егін орағына кеш кіріскендегі, еңбек ұйымдастырудағы кемшіліктер, мемлекетке астық тапсырудағы олқылықтар көрсетілді. Сонымен бірге, егіншілер арасындағы үгіт бұқаралық жұмысының өз дәрежесінде жүргізілмей отырғаны айтылды. Ворошилов аудандық советі атқару комитетінің председателі Ж.Сүлейменов жолдас редакцияға осы жөнінде мынаны хабарлады: «Дабылдағы, фактілер түгелінен анықталды, «1 Май» колхозының председателі Гнедин жолдас егін жинауға немқұрайлы қараған. Осының салдарынан пісіп жеткен егінді дер кезінде ору және мемлекетке астық тапсыру ісін уақытымен ұйымдастырмаған. Бастауыш партия ұйымының секретары Матвиенко жолдас үгіт бұқаралық жұмысынанақтылы басшылық етпеген. Бұл жөніндегі мәселе ҚКбП аудандық комитетінің бюро мәжілісінде қаралды. Колхоз председателі Гнедин мен бастауыш партия ұйымының секретары Матвиенко жолдастарға партиялық қатаң шаралар қолданылды. Қазір колхозда мемлекетке астық тапсыру ісі күнбе-күн жүргізіліп жатыр.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button