Жаңалықтар

«ОРТАЛЫҚТАН» КӨРІНЕДІ АЙНАЛАМ (газеттің 85 жылдығына)

«Советтік Қарағандыны» студент кезімнен 1954-1955 жылдардан бастап оқитын едім. «Мың шұқырдан» Ленин көшесіндегі редакцияның алдында таң атпай ілулі тұратын газеттің су жаңа нөмірін, 1-ші лекцияны құрбандыққа шалып, оқымай кетпесем күнім зая кеткендей болатын. Аптасына алты рет шығатын. Жүрісінен жаңылмаған сол газет бүгінгі «Орталық Қазақстан» мазмұнға бай. Жарқырап шығып жатады. Бір нөмірден екінші нөміріне жеткенше сусының қанбағандай күй кешіп жүргенің. Оқыған сайын «Орталықтың» әсерінен шыға алмай жүретінім бар. Нені көрдім, нені сезіндім, нені білдім. Көзіме елестете бастаймын… Артық-кем кеткен жерлері үшін газет ұжымынан кешірім сұраймын. Мен газеттен алатын әсерімді ғана жазып отырмын.
Газет оқығанда, бүгінгі көзбен қарасам, су төгілмес жорғасымен сыдыртып құба жон асып бара жатқан Төреханды көзім шалып қалады.
Інжу-маржанын төгіп тастап, «тай тұяғы тозатын» (Мирастың өз сөзі) дала дастарқанының басында мырс-мырс күліп, терлеп-тепшіп Мирас көрінеді.
Бірде «Орталықтың» ортасынан қыз-келіншектерге кеңес беріп, ене-келіндерді жарастырып жүрген Жұлдыз көрінсе, енді бірде солардың артын ала білім бұлағынан сусындап  шұбырып жүрген жеткіншектердің «Балбөбек» атты ұйымының  бапкері Аяулымды кездестіресің.
Нағыз Алаш сарбаздарындай найзағайдай жарқылдап, ұшқын шашқан отты көздерімен, кесек-кесек уытты сөздерімен Қуаныш, Нұрқанат, Рауан, Жәнібек сынды жігіт сұлтандарын көріп мағұрланып қаламын.
Нарық көзін саралап жүрген, «қашпаған қашардың»(өз сөзі) уызынан дәметіп жүрген Қызғалдақ көрінеді бір бұрышынан «Орталықтың».
Патриоттық, философиялық, ерлік иірімдеріне толы Қазақстан Жазушыларының Қарағандыдағы қолбасшысы Серік Ақсұңқарұлының «Ұлт пен Рух» айдарын оқымай кету мүмкін емес. Оқыған сайын жігерленіп отырасың. Сонда көкейге тіліме оралатыны:
Тектілерді жеткізетін тектілердің Анасы,
Бар әлемді таңқалдырған қазағымның
даласы.
«Ұлт пен Рухтың» туын ұстап көк
аспанға көтерген,
Алашымның айбынды ұлы
Ақсұңқардың баласы!.
«Орталықтың» қалғандары-бастығы, орынбасары, жауапты хатшысы–отын жағып, күлін шығаратындарға ұқсайды.
Осылай «Орталықтың» қым-қуыт қайнаған тіршілігі көз алдымнан өтіп жатады.
Сайып келгенде:
Қара тер боп көмір қазған кенші де,
Адам жанын аялайтын емші де,
Білім нәрін сеуіп жүрген ұстаз да,
«Орталықтан» табылады елші де.
Құлпырып өсіп желкілдейді бай
далам,
Төрт құбылам түгел еңбек қайнаған.
Алыстан іздеп жаңалықты жүрмеймін,
«Орталықтан» көрінеді айналам.
Адамның қоғамдағы мәдени өмірі, рухани жан-дүниесі, көзқарасы газет арқылы қалыптасатыны ақиқат. Өзім солай ойлаймын. Жасай бер «Орталығым!»

 

Ошақбай
СУХАНБЕРЛИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button