“Орталықта” онлайн-айтыс: Қуаныш АМАНҚҰЛ – Айнұр ЖАППАРҚҰЛ
«Орталықтың» ойлы оқырмандары асыға күтіп, халықтың құрмет-қошеметіне бөленген жаңа жобамыз – жазба айтыстың бүгінгі жұбы да жалынды жырларымен елге танылған айтулы ақындар. Ендеше, қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін жасаған ақын, қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы Қуаныш АМАНҚҰЛ мен аймақтық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері Айнұр ЖАППАРҚҰЛДЫҢ жыр жарысын назарларыңызға ұсынамыз, мәртебелі оқырман.
ҚУАНЫШ:
Бисмиллә, сөз бастайын байыппенен,
Жырыммен кеңге қанат жайып көрем.
Карантин деп кір шалған көңіл болса,
Балқаштың толқынымен шайып берем.
Бағымызды сынайтын сәт туып тұр,
Балымызды өлшейтін «лайкпенен».
«Орталық» – руханияттың шырақшысы,
Мәңгілік мұрамызды байытты ерен.
Сондықтан, бұл газеттің оқырманы,
Күтеді біздің жұптан лайықты өлең.
Айнұржан, сізді маған жұп қылыпты,
Жұп қылғаны көп нәрсе ұқтырыпты.
Бұл шешім маған ұнап бара жатыр,
Тағы жыр төкпелеңіз мықты-мықты.
Фейсбуктен таныстым жазбасымен,
Ақын қыз әрбір сөзін нық қылыпты.
Қоғамның кемшілігін өткір сынап,
Қайыспас, қайсар қыз ғой, тік тұрыпты.
«Әлихан» мектебінде бала оқытқан,
Мұғалімдік жолы да тіпті құтты.
Ел десе, елдік десе еркін ойы,
Мүддеміз ортақ болды-ау түпкілікті.
Бар екен суырып-салма өнеріңіз,
Толысып таси берсін кемеріңіз.
Отты жырды маздатып, ықыласқа,
Онлайн болса да кенеліңіз.
Балқаштан дұғай-дұғай сәлем айттық,
Сыйлассақ аласармас беделіміз.
Бірлікті күні кеше ұлықтады,
Пейілі Сарыарқадай кең еліміз.
Сын сағатта біріктік, білуімше,
Тез арада толыспақ керегіміз.
Осы сәтке қаратып айтылғандай
«Төртеу түгел болса егер» дегеніңіз.
Жетінші мамыр таңы атты бүгін,
Ерлік, Отан деп жырлай жөнеліңіз.
Тоғызыншы мамырда дәріптейтін,
Даңқ жайлы да дайын-ау өлеңіңіз.
Кеншілер ордасында не жаңалық,
Тыңдайық, тың болса егер дерегіңіз.
АЙНҰР:
Армысың, айналайын, ақ Қуаныш,
Сен бе едің, маған келген бақ Қуаныш?!
Екеуміз әдемі айтыс жасай алсақ,
Оқырманның көңілін шат қыламыз.
Еркектердің мейрамы қарсаңында,
Біз әйелдер әрқашан сақ тұрамыз.
Ел мақтаған өзіңдей азаматты,
Жүрекпенен шынайы жақтырамыз.
Мерекең құтты болсын, ақ Қуаныш,
Бүгін сені өлеңмен «шок» қыламыз.
Мен жайлы көрініп тұр білгендігің,
Фейсбукты аралап жүргендігің.
Мен де сені танимын сырттай ғана,
Жігітсің әжептәуір ілген ғылым.
Мәдениетің әдемі азаматсың,
Шыны керек келбет пен түрден бұрын.
Еркекке жарасады сауаттылық,
Ұнады сөз саптауың бірден бүгін.
Күмән жоқ нағыз еркек екеніңе,
Келе сала ағыттың жыр белдігін.
Балқытып жібердің ғой тұла бойды,
Туа салған баласың кімнен, күнім?..
Кенді шәһар кешуде тұнық мұңды,
Карантин басымызды біріктірді.
Өз-өзіне келе алмай жатыр халық,
Енген індет көрсетіп қылық түрлі.
Бұрынғыша күніміз өткенімен,
Әр үйдің есігінде құлып тұрды.
Жөн білетін жандарға жыр ұқтырды,
Талайды қу ақшаға құнықтырды.
Жай жатқан алқам-салқам алашымды,
COVID атты бәле кеп былықтырды.
Egov-тың рейтингісі жүріп кетіп,
Күн сайын компьютерден шығып тұрды.
Карантиннің тағы бір өзгерісі,
Менің де жүрегіме бүлік кірді.
Онлайн сабақтан соң түнге қарай,
Түсіме қараторы жігіт кірді.
Қолында бір ерекше кітабы бар,
Ыржиып маған қарап күліп тұрды.
Темір емес мен-дағы адаммын ғой,
Сезімім сынаптайын сынып тұрды.
Күйеуім бар екені естен шығып,
Жүрегім 180-ді ұрып тұрды.
Әр күн сайын осы түс маза бермей,
Қу тірліктің барлығын ұмыттырды.
Түсімді жорып көрші, ал, Қуаныш,
Қыдырыңды шақырып қырық түрлі.
ҚУАНЫШ:
Мен сені ерте гүлдер еңлік дедім,
Куә ғой, сүйетұғын кеңдікті елім.
Қырықтағы қылығың көзге ұрады,
Жүректің ұсынғандай ең мықты емін.
Мені қойшы, апатай, мына өзіңнен
Сеземін қандай жырды ел күткенін.
Сен болсаң, «шок» қылмаққа ниеттеніп,
Алаңсыз көңіліме шер күптедің.
Күйеуің бар екені естен шығып,
Балқыдым дедің, бірден белдік дедің.
Әйтеуір одан төмен түсіп кетпей,
Әдемі әзіліңмен сергіт мені.
Несіне сөз жарыстан бөгелеміз,
Аталы сөзбен көктеп, көгереміз.
Оразбеков тұсында «Орталықта»
Жарқ еткен «Тіл кеспек жоқ» деген лебіз.
Сембаев та семсер қып ақиқатты,
Кеңейе түскен еді керегеміз.
Ал, Айнұр, ұсынысты қабыл алсаң,
Біз түбі бір бақытқа кенелеміз.
Байқаймын, ымды ұғатын жан екенсіз,
Мынаны ойға мықтап «шегелеңіз».
Карантин біткен бетте ұрын келем,
Сосын біз таң атқанша бөгелеміз.
Таң атқанша дегенге, таң қалмағай,
Бұзыққа ұқсаймыз ба, немене біз?
Жалғаймыз жырды бетке сыймай қалған,
Бастысы, қозса болды делебеңіз.
Түсімді жорып бер деп сұрадыңыз,
Оқырманның көзінше сынадыңыз.
Жауырыншы емеспін, расы керек,
Санаға салмақ салды сынағыңыз.
Қараторы және де қараңғыда,
«Күдікті ситуация» құрадыңыз.
Мойныңызға жүк артып алғандайсыз,
Қойныңызда жатқанмен сыңарыңыз.
Қуаныштың қуантар нұсқасы бар,
Ол үшін үйден тағы сұраныңыз.
Деп мен де бір қалжыңмен қайырайын,
Жүзіңізден таймасын нұр-әріңіз.
Қайтесіз қарасын да, сарысын да,
Кіші де болсам, қане тіл алыңыз.
Отыз ұлдан бағалы шал аман боп,
Мәңгіге тартылмасын бұлағыңыз.
АЙНҰР:
Түс жорып жарытпадың қой, қарағым,
Көрініп тұр «уызға» тоймағаның.
Астарлап айтқан едім әзілімді,
Қызық болды оны ұға қоймағаның.
Шіркін-ай ұрын келем деп қояды,
Терістеу болды-ау бала ойлағаның.
Балқығаны бойымның жырға ғана,
Белгілі ар-намысты жоймағаным.
Өзімнің Төлегенім тұрғанында,
Бекежанды қалайша ойға аламын.
Баламенен бала боп отырғанша,
Жақсы еді шал-шауқанмен ойнағаным.
Жасымды жасырмаймын қырық бірде,
Қырық бір береді екен ырық кімге?!
Сөзіңе қарап тұрсам құдайым-ау,
Салмапсың қыз-қырқынға құрық мүлде.
Жасыңа жетпей жатып ей, Қуаныш,
Жалынын жастық шақтың ұмыттым де.
Әйелің бар ма өзіңнің бабың жасар,
Түртетін түн ортасы тұрып күнде?!
Түсімді айтқанымда сен баланың,
Жағдайың қиындығын біліппін бе?
Сериалын көрем деп шатысыпсың,
Қуаныш, кәрістің бе, түріктің бе?!
Сөзімді астарлаған түсіне алмай,
Не істедің, қорықтың ба, үріктің бе?!
«Шок» болсаң шоқ басам деп ойладың-ау,
Шегі бар кінә менен күдіктің де.
Бастауың жаман емес секілді еді,
Қалмағандай ендігі үміт мүлде.
Адамменен болады адам күні,
Ақыл етіп айтайын саған мұны.
Ұнатамын, Қуаныш, төсекте емес,
Өмірде тапжылмайтын табандыны.
Еркектерді көргенде жиіркенемін,
Аузынан ағып тұрған арамдығы.
Пендеміз ғой, күнәсіз періште емес,
Жауабын да береміз амал күні.
Қатты айтты деп бауырым сөге көрме,
Адамға жоқ Айнұрдың жамандығы.
Бар тілегім ерімнің – адамдығы,
Бар тілеуім елімнің – амандығы!
Тілге тиек еттің-ау арыстарды,
Мен де айтайын, демесін қалыс қалды.
Қалайша ұмытайын Мағауиядай,
Адамдығы бір бөлек арыстанды.
Елім тауып келгенде Мағаш ағам,
Өзі мені шақырып танысқан-ды.
«Оралман» деген сөзге шыдай алмай,
Бұл Айнұр талай рет намыстанды.
Сол намыстан өкпемен өлең жазып,
Талай нақұрыспенен алысқан-ды.
Орталыққа сол өлең шыққан сәтте,
Надандықтың жағы қарысқан-ды.
Өнегесін қалдырған Мағаш ағам,
«Орталықта» ерлер бар әлі ұстамды.
Осы адамдар арқылы маған келген,
Қиындықтың ауылы алыс қалды.
Қуаныш қабыл болсын тілегіңіз,
Дос болам десең міне жүрегіміз.
«Жел шығарар» жаман шал аман болып,
Үйдегі берік болсын тірегіміз.
Бір Аллаға белгілі болашақта,
Шынымен жыларымыз, күлеріміз.
Шуақты сәттеріміз көптеу болсын,
Аздау болып қараңғы түнегіміз.
Қуанышқа кенелсін әрқашан да,
Қазақ атты тәуелсіз, Ұлы еліміз!
Сіз дағы он балаға әке болып,
150 мың теңге алып шіреніңіз.
Астыңда аман болып күреңіңіз,
Түрте берсін кей-кейде «түленіңіз «,
Ал, Қуеке, атың бар еркек деген,
Әпкеңе бата беріп жіберіңіз!
ҚУАНЫШ:
Бұлбұлдың шалқар әні көмейінде,
Көмейін бүлкілдетіп көрейін бе?
Жаз келе жатыр алдан жадыраған,
Бағыңа мың түп раушан егейін бе?
Сосын ол гүлдеуі үшін көл суындай,
Екпінмен суарысып демейін бе?
«Шал-шауқан жақсы еді» деп
шымшып өттің,
Сөзіңе сенбейін бе, сенейін бе?
Апамды алға салып құрметтейін,
Батамды жырмен әрлеп төгейін де.
«Құр қолға бата жүрмес-ай, бірақ та»,
Нөмірін карточкамның берейін бе?!
Жүзіндей өткір сөзің ұстараның,
Бұл айтыс сабақ, сөйтіп тіс қағамын.
Бүгінгі көңіл хошым – Көкше теңіз,
Сызылтып салып жатыр құстар әнін.
Негізгі түптамырым – Қарқаралы,
«Биігін мұнар шалған Үшқараның».
Қазыбек, Қасым, Тоқтар туған өлке,
Бекерге уыз жайлы тұспаладың.
Бала деп менсінбесең, білмегенің –
Бұл «бала» әкесі ғой үш баланың.
Жасымнан ұлы Абайды жаттадым мен,
Мағжаннан маржан теріп, хатқа үңілгем.
Жыраулар жаухарын да қайта шолдым,
Карантинде бекерге жатпадым мен.
Қазақтың әрбір қызы хас сұлу ғой,
Жүректі елжіретер тәтті-ақ үнмен.
Бауыр деп бауырыңа тарттың жылы,
Сені де апайым деп мақтадым мен.
Азаматтай Алаш деп атқа мінген,
Қимайтын жан екенсің жатқа мүлдем.
Майқұдықтың жолы мен өңін айтып,
Бөлісіп отыр тағы ақпарыңмен.
Әлиханды қай күні ұлықтаймыз,
Октябрьде кетіп ем «Октябрьден»?!
АЙНҰР:
Қуаныш бүгін шабыт шақырады,
Мақтай мақтай сілемді қатырады.
Түріне қарап алмай суарам деп,
Айнұрға арыстандай атылады.
Анау-мынау суыңа көне қоймас,
Жанымның гүлдеп тұрған жапырағы.
Ісін біле қоймадым істейтұғын,
Әйтеуір қара сөзді сапырады.
Майқұдықты сұрадың мен тұратын,
Оны айтсам жанды мұңға батырады.
Өзек талып айтардай өзгеріс жоқ,
Шұрық-тесік жолдары жатыр, әні.
Сонда да бізге әдемі көрінеді,
Қоқыспенен гүлденген атырабы.
Барын салып жүрсе де белсенділер,
Алған жоқ Әлиханның атын әлі.
«Октябрьдің» атында ауданымыз,
Кеңестің дәмін жүрміз татып әлі.
Заманды жамандаймыз адамды емес,
Біз сондай Жер бетінің ақымағы.
Еркегі де барады ұсақталып,
Бір сөз айтсаң қатынша бақырады.
Осылай кете берсе ұрпағымыз,
Болашақта өкініп, аһ ұрады.
Басқасын қойшы қазір, басқа түгіл,
Бата да карточкамен сатылады.
Бақыттың да тілейін бірегейін,
Тілекке кедейленіп жүдемейін.
Қуанышты барамын жақсы көріп,
Шыңғыс хандай шын сүйген Үгедейін.
Ұрпағыңның тілейін көп болғанын,
Сұрағы көп сынақты тілемейін.
Майқұдыққа келгенде қоңырау шал,
Ет асып, қонақ етіп жіберейін.
ҚУАНЫШ:
Бойыңда жігер оттай, жалын басым,
Айнұржан, білем әркез бабыңдасың.
«Тілегім ақылы» деп жазғанымды,
Бауырдың әзілі деп қабылдарсың.
Адамдық, адалдығың аңқылдаған,
Пейілің еш уақытта тарылмасын.
Қазаның оттан түспей, шаңырағың,
Қызық пен қуаныштан арылмасын.
Шәкірттер шыңды игеріп, топты жарып,
Алла алқап, тауы ешқашан шағылмасын.
Қазақтың әр баласы ар-намысты,
Ту ұстау дәстүрінен жаңылмасын.
Әкелер – асқар таулар, қорғанымыз
Қошемет-құрметтен қағылмасын.
Аналар – ақ жаулығым, аппақ арым,
Күрсініп, қайғы мүлде жамылмасын.
Көш түзедім біреуден соң, ілгері,
Өзі оқытып келеді өмір мені.
Адам жұрдай болмайды _ қаражатсыз,
Рухсыз болса тірідей көмілгені.
Іңгәласын сәбилер бесігімде,
Қазына қарт аман бол төрімдегі.
«Ешкімге соқтықпадық» – Бабам сөзі,
Алайда, басынбасын көрінгені.
Жер-Ана, ашкөздерден аш көзіңді,
Арқаның күңіренбесін қоңыр белі.
Айнұр, саған мың алғыс,
тұщымды ойың,
Салмақты дүние болды нөмірдегі.
Өріліп тұр арудың бұрымындай,
Көрініп тұр жүректен төгілгені.
Қарағанды халқына дұғай сәлем,
Көмірінен ыстық қой көңілдері.
Алдағы аласармас құшқан арман,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Айнұрмен айтысам деп сасқаным рас,
Жан құсап алтын балық ұстап алған.
Зымырап жеттік, бірақ, мәреге біз,
Зымырап өтетіндей қысқа жалған.
Аман бол, Айнұр әпке, бұйыртса бір
Соғармын сыбағама қыстан қалған.
АЙНҰР:
Өнерге менің дағы бар таласым,
Жүйріктер жетеді ғой Арқада шын.
Мендегі басты міндет мұғалімдік,
Мектебімнің базары тарқамасын.
Қазақ атты бойымда қаным барда,
Жырға деген бітпейді жанталасым.
Сарыарқаның топырағы қасиетті,
Сүйемін әр баласын, әр қаласын.
Жақсы көріп тұрамын тым ерекше,
Ақсақал мен жаулықты қарт анасын.
Ойнасақ та барыппыз біраз жерге,
Секілді бұл Қуаныш парталасым.
«Ғашықтықтан» айтысам деп жүргенде,
Қашықтықтан өлеңмен тартады асын.
Коронасы құрысын шаршатты ғой,
Үйде жатып қалайша нан табасың.
Бұл онлайн-айтысың жақсы болды,
Өз-өзіңмен айтысып, ән саласың.
Басымыз бір қосылар жиын-тойда,
Аман болса індеттен Алты Алашым.
Балқашыма сәлем айт, Қуанышым,
Қара сөздің сен де бір бұлағысың.
Екеуміз әзілдесіп жарытпадық,
Сонда да жыр додасы ұнады шын.
Әуселесін бұлардың көрейін деп,
Жасаған-ау осыны сынақ үшін.
Карантин біткеннен соң бәрін тастап,
Бізге қарай Қуаныш шығамысың.
Өзгерістер болуда мына жақта,
«Орталыққа» ат басын бұрамысың?
Өткен-кеткен сәттерді әңгімелеп,
Серілік сауық-сайран құрамысың?
Арасында мені де есіңе алып,
Кафеге апарам деп қырамысың?
Мен бірақ күтем сені Қуанышым,
Шер тарқатып айтатын жыр-ән үшін.
Аман болсын еліміз ерім деген,
Бақыттымын өзімнің жерімде мен.
Мақтағанға масайып ешқашан да,
Көкірегімді көтеріп керілмегем.
Алла берген мінезім болар бәлкім,
Қонақ келсе ерекше көңілденем.
Доспын деген адамға құшақ жайып,
Мамық төсеп үйімнің төрін берем.
Сыйластыққа шынымен не жетеді,
Бес ақ күндік қызықта Өмір деген.
Қолыңды жай, Қуаныш апаңмын ғой,
Батамды ақшаға емес тегін берем.
Еңбегіңмен биікке жет, қарағым,
Етікші болады ғой ерінбеген.
Еркекке жарасады есті болу,
Қадамыңды басқайсың сенімменен.
Жолдасың жаныңдағы адал болып,
Дұшпандарың қалмасын жеңілмеген.
Алланың назарынан қалыс қалма,
Қарсыласым, көзіме көрінбеген!
Дауыс беру аяқталды!
*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 14 мамыр сағат 21:30-да аяқталады.
Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.
Сілтеме — @Ortalyq.kz
*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (12 мамыр сағат 21:30)
Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.
Сілтеме — Whatsapp