Жаңалықтар

“Орталық Қазақстан”: темірдей төзім мен қорғасын жолдар

  Дәл осы уақытта ашаршылық дендеп тұрған кез болатын. Әрі қарай не болмақ? Беймәлім…  Ауыр, жан төзгісіз жыл болғаны анық.
Осы кезде Қарағанды көмір кенішінде қазақ тілінде шығатын «Қарағанды пролетариаты» газетінің бірінші саны латын әріпімен жарық көруі айтулы оқиғалардың бірі болды.
      Газетті шығаруды ұйымдастыру бұрын баспаханадан жұмыс істеген Хамит Садықов үшін де оңай болмады.

– Өткен ғасырдың сонау 30-жылда­рын­да Қарағанды өндірісін игеру күн тәр­тібіне көтерілген сәтте тұлпар тұяғы, сұң­қар қияғы талатын селеулі, сайын далада «Қарағанды пролетариаты» аталатын руханият ошағын құрып, өркенді өндірістегі өрелі істі тарих беттеріне айналдыру мә­се­лесі қоғамдық қажеттіліктен туындаған заманауи сұраныс еді, – дейді, газеттің қазіргі бас редакторы М.Сембаев.
Ел басына төнген нәубетті жылдар, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін газеттің шығармашылық шегіне жетіп, өз деңгейінде шығуына бөгет болды. Газет тарихына көз жүгіртер болсақ, газет қабырғасын Зияш Алдабергенов, Ғабиден Мұстафин, Әуезхан және Әсетхан Жолымбетовтер, Қали Садықов, Мінәж Жармұхаметов, Ғалымжан Мұқатов, Төртбай Ахметов, кейін Құдыш Сүлейменов, Ғалымбек Нәдіров және т.б. айтулы азаматтардың қалағанын көреміз. Студент Мәлік Ғабдуллин студенттік практикада болды.
«Қарағанды пролетариатының» еңбегі мемлекеттік маңызға ие болды, Қазақ АКСР ОАК Құрмет грамотасымен наградталды.
Кеңес үкіметінің, партияның қатаң қадағалауымен шығып тұрған газет қызметкерлері әрине, оның зұлматынан тыс қалған жоқ. «Ленин туы» газетінің редакторы болып ауысқан С.Үсенов 1937 жылы репрессияға ұшырап, сол жақта ату жазасына ұшырады. «Саяси қырағылығы бәсеңдегені үшін» редактор Ж.Сәрсеков партиядан шығарылып,  қызметінен босатылады.
Соғыс уақытының қиыншылықтарына байланысты кіші форматпен шыққан газет бетінде алғаш рет Ғ.Мүсіреповтің «Қарағанды қырандары» очеркін басты. Қазақтың батыр ұлы – Нұркенге газет сандарын арнады.
Редакцияға біртіндеп майданнан жауынгер-журналистер Ғ.Нәдіров, Т.Әбжәлелов, М.Жармұхаметов, Қ.Қасымжанов,  Қ.Сүлейменов, Ғ.Абдуллин, А.Омаров, Ө.Өкішев, М.Нұртазин, Ш.Сыздықов, М.Кемелбаев, М.Сыздықов, Б.Ысқақов аман-есен оралды.
Қан майданда К.Аймағамбетов, Т.Балмағамбетов, К.Дәукенов, Х,Қабдиев, З.Қосыбаев, Ғ.Мұсағұлов, Ә.Сүлейменов және А.Смайылов қаза болды. Газет редакторы Б.Тәйкіманов «Құрмет белгісі орденімен, Ұлы Отан соғысы мен тыл жұмыстарына қатысқандар медальдармен наградталды.
1963 жылдан «Орталық Қазақстан» деп аталатын газетте қазақтың небір дүлдүл жазушылары Әлжаппар Әбішев, Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Шахмет Құсайынов, Жайық Бектұров, халық ақындары Көшен Елеуов пен Ғабдиман Игенсартовтар қызмет атқарды. Қазақ журналистикасы мен ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Темірғали Нұртазин, Кеңесбай Үсебаев, Әбдуәли Қарағұлов, Бейсенғали Тәйкіманов, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Рамазан Сағымбеков, Нұрмахан Оразбековтер және т.б. әр жылдары газетке басшылық жасаған.
Газет партияның қатаң қадағалауында болды. Дегенмен де, қай кезде болмасын, қазақ елінің бет-бейнесін айқындайтын ақындар айтысын жариялап отырды. Нақты айтар болсақ, 16 маусымда газеттің ұйымдастыруымен өткізілген ақындар Қ.Айнабеков пен І.Манкиннің айтысы жарияланды. Қарағанды (К.Елеуов) пен Балқаш (Ш.Қошқарбаев) қалалары халық ақындары айтысының мәтіні шықты. (Кейін Тәужи мен Сәбидің, Қайып мен Сәбидің айтыстары келтіріледі). «Асыл сөз, тасқынды жыр – жеңіс үшін» деген тақырыппен Қарағанды және Семей облысы ақындарының айтысы жария етілді.
Газеттің көшпелі редакциясы «Советтік Қарағанды» «Мойынты – Шу» жол құрылысында» деген арнаулы листок шығара бастады. Журналист П.Жұманов «Мойынты – Шу» темір жолы құрылысында шығарған газет листогы үшін ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен наградталды. Газет редакторы Б.Тәйкіманов екінші рет «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 50 жасқа толуына байланысты журналистер М.Жармұхаметов, Қ.Садықов, жауапты хатшы Ө.Өкішев, редактордың орынбасары Ғ.Нәдіров ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасымен наградталды.
«Правда» газетінің 50 жылдығы мен Баспасөз күні құрметіне газет қызметкері Х.Әубәкіров Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, редактордың орынбасары Ғ.Нәдіров, газеттің бұрынғы басшы қызметкерлері Ә.Қарағұлов пен К.Үсебаев Еңбек Қызыл Ту орденімен, редактор Б.Исабеков және бұрынғы редактор Б.Тәйкіманов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
«Орталық Қазақстан» 1981 жылы баспасөзде социалистік жарысты жақсы жазып көрсеткені жөніндегі Бүкілодақтық конкурстың қорытындысы бойынша КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасына ие болды. Журналистер А.Жанғожин, Б.Мұстафин, М.Сембаевтың «Алпыс жылдыққа – алпыс репортаж» материалдар сериясы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Орталық Қазақстан» газеті Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.
«Орталық Қазақстан» газеті  Қазақстан Журналистика академиясының  жалпыұлттық ең мәртебелі сыйлығы – «Алтын жұлдызбен» марапатталды.
Тәжірибелі қаламгерлер С.Алпысов пен М.Омарбеков Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісін алды. Редактордың бірінші орынбасары Е.Мұсабеков 2014 жылы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Елбасының Жарлығымен М.Сембаевқа “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы берілді.
1997 жылдан бері газет тізгіні М.Сембаевтың қолында.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button