Медицина

Ортақ талқыда шешім көп

Денсаулығында ерекшелігі бар балалар білікті дәрігерлерге, педагогтер мен жаттықтырушыларға мұқтаж. Мұны сол балалардың ата-аналары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу барысында айтты. Оған ата-аналарымен қатар, басқарма басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты. Білім, медицина, спорт және әлеуметтік қорғау мәселелері көтерілді.

Сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, соңғы жылдары өңірде мамандандырылған мекемелердің саны артқан. Бүгінде облыста бес психологиялықмедициналық-педагогикалық консультация, екі оңалту орталығы және сегіз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Бұл кезектің жылдам жылжуына мүмкіндік берді. 2025 жылға дейін аудандар бойынша тағы бір ПМПК және түзету кабинеттері кезең-кезеңімен ашылмақ.

– Желтоқсан айының соңында Оқу-ағарту министрлігі мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын қабылдады. Былайша айтқанда, ерекше балалар мемлекеттің қолдауымен жеке мекемелерде тегін көмек ала алады, – деді Гүлсім Қожахметова.

Арнайы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту сондай-ақ білім беру және спорт объектілерін бейімдеу жалғасады. Әзірге 25 әлеуметтік мекеме бейімделген.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенованың айтуынша, 0-ден 3 жасқа дейінгі және 3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылады. Дәрігерлер, педагогтер мен жаттықтырушыларға деген қажеттілікті қайта даярлау оқулары арқылы шешу ұсынылды.

Ермағанбет Бөлекпаев ведомстволарға мәселелерді әлі де пысықтауды тапсырды.

– Ерекше балалар қатыса алатын үйірмелер мен секциялар санын көбейту қажет. Қазірдің өзінде сіздер жазғы демалыс пен бос уақыт жоспарын құруларыңыз керек. Тірек-қимыл аппараты бұзылған пациенттерге үйде қызмет көрсету жөніндегі мәселені бақылауға алу қажет. Денсаулық сақтау бойынша сұрақтар көп. Оларды ата-аналармен кездесулер ұйымдастырып, шешкен дұрыс. Келесі кездесуде барлық басқармалар бүгінгі мәселелер бойынша есеп береді, – деп атап өтті облыс әкімі.

Мұндай кездесуге ерекше балалардың ата-аналары да риза.

– Бұл ерекше балалардың атааналары мен шенеуніктер арасындағы өзара түсіністікке жол ашады. Біз мәселелерді бірге шеше аламыз. Мен Қазақстанның басқа аймақтарынан келген ерекше балалардың аналарымен көп сөйлесемін. Көбісі облыста бұл мәселеге қатысты билік өкілдерімен тікелей қарым-қатынас жасайтынымызға таң қалады. Сонымен қатар, менің ойымша, көп нәрсе ерекше балалардың ата-аналарына байланысты. Олар белсенді болуы керек, олар үшін ешкім ештеңе шешпейді, – дейді ерекше баланың анасы Гаухар Ақыжанова.

Ата-аналар офлайн режимінде де қосылуға мүмкіндік алды. Сұрақ қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Өңір басшысы ата-аналар барлық қажетті ақпаратты ала алатын бірыңғай ақпараттық портал құруды ұсынды.

– Өткен жылы көп нәрсе жасалды. Аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық ашылды, тегін жүзу бөлімдері пайда болды. Ерекше балаларға қысым көрсету мәселесі ерекше бақылауда. № 2 емханада денсаулық сақтау мәселелері бойынша чат құрылды. Оның пайдасы сонша, мұндай чаттар енді аудандарда енгізіледі. Егер мұндай кездесулер болмаса, қазіргідей нәтижелер болмас еді, – дейді «Батыл жүрек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Оксана Югай.

Дәрігерлер, педагогтер мен жаттықтырушыларға деген қажеттілікті қайта даярлау оқулары арқылы шешу ұсынылды.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button