Жаңалықтар

Ортақ Отан – ортақ мүдде – ортақ арман

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV сессиясы «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» шақырылып отыр. «Халықтың бірлігі – біздің барлық жетістіктеріміздің кілті. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде атап өткендей, тәуелсіз Қазақстан бүгінде өзін татулық пен келісімнің мекені ретінде дәлелдеп, бейбіт өмірдің бесігіне айналды. Бұл – дәуірдің бақыты, баға жетпес байлығы.

Мемлекетіміз Қазақстанды тарихи Отаны деп қабылдаған алуан ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Шынайы қамқорлықты сезініп жүрміз. Әр ұлтқа өзінің ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға, дәріптеуге құқық берілді. Тіпті, мемлекеттік гранттар есебінен ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жетілдіруге мүмкіндік алып отырмыз. Нәтижесінде Қазақстанды мекен еткен жүздеген этнос өкілдері еліміздің қарқынды дамуына, экономикасының еңселенуіне өз үлестерін қосып, игі бастамалардың басы-қасынан табылуда. Мемлекеттің шексіз қамқорлығын сезініп, қазақ халқының меймандос пейілінен шапағат көріп жүргендердің ішінде әзірбайжан ұлтының өкілдері де бар.

Біздің «Намус» атты ұлттық-мәдени бірлестігіміз 2001 жылы 6 тамызда құрылған. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ел Тәуелсіздігін нығайту жолында табысты еңбек етіп келеміз. Бірлестік әзірбайжан ұлтының ғана емес, өзге де бауырлас, мүдделес ұлттардың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін насихаттауда маңыз­ды рөл атқарады. Аймақ бойынша «Намус» қоғамдық бірлестігінің Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларында филиалдары бар. Бірлестік жанында мемлекеттік тілді және әзірбайжан тілін оқыту сыныптары ұйымдастырылған. Мемлекеттік тілге құрметіміз – ерекше.

Бірлестік жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – жастармен жұмыс мәселесі. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу қажет» деген еді. Сондықтан, біздің бірлестік өскелең ұрпақтың білімге мән беріп, ғылыммен шұғылдануына жағдай жасауға талпыныс танытып келеміз. Үштілді оқыту бағдарламасы бойынша кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мұның барлығы – біздің Елбасы саясатына көрсеткен шынайы қолдауымыз. Біздердің, Қазақстанды мекен еткен барша ұлттар мен ұлыс өкілдерінің татулығына дәнекер болып тұрған маңызды фактор бар. Ол – ортақ сөзімен бейнелетін құндылық. Ортақ Отан – ортақ мүдде – ортақ арман! Осы ортақ құндылықтан оқшауланбасақ болғаны.

Гюлага РЗАЕВ,

«Намус» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button