Жаңалықтар

Қоршаған ортаны аялайық!

Қоршаған ортаны қорғау – ең маңызды әрі қажетті міндетіміздің бірі. Табиғатты тани білу, қорғай білу адамзат баласына парыз.

Сурет автордан

Қазіргі таңда ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғатты қорғап, аялау – барша жұрт үшін тіршілік қамы.

Табиғат  адамға қажет баға жетпес байлық, ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі, сондықтан халқымыз:

«Табиғат- адамзаттың өмір нәрі,

Қажетіңнің табылар содан бәрі» – деп дәріптеген.

Табиғат – бұл біздің санамыздан тыс, бізге бағынбайтын, біздің өмірімізге тірек болып тұрған болмыс, әсем дүние.

Табиғат байлығының бір бөлшегі – жасыл орман екені айдан анық. Оның адам өмірінде маңызы зор. Ол әртүрлі тамақтың, өнімдердің, техникалық және дәрілік шикізаттың көзі. Халқымыз орманды өмір өзегі деп аялап, одан қамқорлығын аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деген өрнекті сөз соның айғағы.

Жасыл әлем адам бойына шабыт, көңіліне қуат, сезіміне сағыныш пен сұлулық ұялатады. Орманды,  жалпы  Жер – Ананы сақтау үшін, табиғат заңын қатаң сақтаған жөн.

Табиғатты қорғау – Отанды қорғау деген сөз. Өз денсаулығымызды сақтау үшін, айналамызды ластамай, керісінше,  Жер- Анамызды жасыл желекке айналдырып, еліміздің табиғат қорларын тиімді пайдалану керек.

 Табиғат- Тәңір жаратылысы, адам- табиғаттың перзенті.

«Бір ағаш кессең ,он ағаш ек» деген нақыл сөз бар ата-бабамызда. Қоршаған ортаның өзгеруіне сезімтал келетін өсімдіктер мен ормандарды қорғап, олардың қорын молайту жайында адамдарға насихаттаудың маңызы зор.

Қазір жаз айы болғандықтан, табиғат аясында, орман алқабында, тау аңғарларында  демалушылар саны көп. Табиғатқа саяхат жасау, орманда серуендеп, қыдыру кезінде әртүрлі қоқыс қалдықтарын тастап кетеді, болмаса жаққан оттарын өшірмей кетеді. Осындай жауапсыздықтың арты – орны толмас өкінішке әкеліп жатады. 

Өрт – өлкенің өзегін талқандайтын тілсіз жау, сондықтан соның алдын алуды ойлайық. Қоршаған ортаға зәредей зияның тимесін, керісінше аз да болса пайдаң тисін. Қасиетті мекеніміз қасіретті ертеңімізге айналмасын десек, Жер-Анаға қамқорлығымызды  көрсетейік. Елдің егесі, киелі даланың иесі бізбіз! Сол себепті сіз болып, біз болып жасыл желек орманымыз бен әдемі табиғатымызды аялайық, күтейік, қорғайық!

Н.НҰРЖІГІТОВ,

Қызыларай орманшылығының орман шебері

Басқа материалдар

Back to top button