Қоршаған орта қолдауға зәру
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан, елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек», – деген еді. Мәселенің өңірлік маңызына тоқталар болсақ, облыстың Қарағанды, Теміртау және Балқаш сияқты ірі қалаларында атмосфералық ауаның сапасы бойынша бірқатар экологиялық түйткілдер бар екендігі көкшілікке аян. Бұл мәселе аты аталған шаһар тұрғындарын да алаңдататыны жасырын емес. Өңірдегі экологиялық ахуалды тағы бір мәрте пысықтап, көзқарас жаңарту мақсатында облыс бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз құралдары өкілдерінің толғақты сауалдарына жауап қатты.
Бұрынғы мен бүгінгі
Алдымен өзекті деректерді алға тартқан спикер Теміртау қаласының атмосфералық ауасының негізгі ластаушысы «Qarmet» акционерлік қоғамының тарапынан ластау үлесі 87%-ды құрағандығын хабарлады. Ал бұл дегеніміз – 201,6 мың тонна ауаға таралған зиянды шығарындылар. Осы ретте, бұрынғы инвестор «АрселорМиттал» 2024 жылға қарай эмиссияларды 30%-ға немесе 60 мың тоннаға төмендету жөніндегі жасалған меморандум шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындамаған болып шықты. 2019-2023 жылдар аралығында арнаулы келісім шеңберінде 23 іс-шараның ішінде шаң-газ тазарту жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеу, түтін құбырларын бөлшектеу әрі монтаждау сияқты жергілікті сипаттағы және қоршаған ортаны жақсартуға айтарлықтай әсер етпейтін 7 іс-шара ғана орындалған. Алайда, дәп жоспарланған мерзімде 10 іс-шара өткізілмеген. Нақтыласақ, электр сүзгілерін, аспирациялық қондырғыларды уақытылы реконструкциялау амалдары жүргізілгенде бұл зиянды қалдықтардың 8 мың тоннаға төмендеуіне игі әсер етер еді. Сайып келгенде, қаланың ауа бассейнінің сапасы тұрғындар денсаулығына тікелей әсер ететіндігін бұрынғы инвестор қаперіне алмаған сыңайлы.
– Қазіргі «Qarmet» Жол картасының тиісті бөліктерін орындау бойынша өзіне міндеттеме алды. Айта кету керек, алпауыт компания экологияны жақсарту жөніндегі іс-шаралардың стратегиялық жоспарын әзірлеуде, – деп хабарлады спикер.
Түтіннен келген түйткіл
Теміртаудан кейін, негізгі техногендік жүктеме – Қарағанды қаласының екі иығында. Қаланың бас экологиялық түйткілі, пешпен жылытатын үйлердің зарарлы шығарындысымен атмосфералық ауа қабатының шектен тыс ластануы. Ал мұндай үйлердің ұзын саны – 26 мыңға жетеғабыл. Осы маңызды мәселені шешу мақсатында жергілікті әкімдік жеке секторды газдандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үстінде. Биыл бұл бағытқа бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, 2 161 үй газбен жабдықтауға қосылған. Газ тарату желілері 6 018 жеке тұрғын үйге жеткізілді.
Балқаштағы ахуал да осыған ұқсас. «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуы әуені оқтын-оқтын тұман аралас бұлыңғыр реңкке бояйды. Мыс кенін балқыту кезінде шаң тазарту жабдықтары мен сору жүйелерінің тозуына байланысты, түрлі улы газ шатыр терезелері мен фрамугалар арқылы қоршаған ортаға еніп, атмосфералық ауаны ластайды.
– Осыған байланысты, мыс балқыту цехтарындағы түтін газдарын тежеу және тазарту жүйелерін толығымен жаңғырту мен ауыстыру қажеттігі менмұндалайды. Профилактикалық бақылау шеңберінде жыл соңына дейін тиісті нұсқама жолданды. Кәсіпорын зиянды шығарындыларды азайтып, Балқаш шаһарының атмосферасын барынша жақсарту мақсатындағы іс-шаралар жоспары шеңберінде 2025 жылы күкірт-қышқыл цехының екінші желісін салуды көздейді. Бұл күкірт шығарындыларын 50% немесе 31 мың тоннаға дейін төмендетуге септеседі. Бүгінгі таңда кәсіпорын осы іс-шара аясында «AAEngineering Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан бас жобалық мердігерлік ұйымды анықтады. Жобалауға тапсырма әзірленді, бастапқы деректерді жинау аяқталды, негізгі техникалық шешімдер келісілді, – деді Дархан Исжанов.
Департамент дем береді
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес, экология департаменті скрининг және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы мен рұқсат беру, қоршаған ортаға әсерді бағалау деректерін ұсыну секілді бірқатар мемлекеттік қызметтерді іске асырады. Аталған мәнді қызметтер кәсіпорын жобаларының экологиялық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып, қоршаған ортаға теріс әсері барынша аз болуы үшін аса қажет. 2024 жылдың І тоқсанында департамент тарапынан барлығы 162 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Айта кету керек, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі толығымен автоматтандырылған және «Е-лицензиялау» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Кез келген өндірісті кәсіпорынның теріс әсерін азайтудың бірден-бір жолы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әзірленіп жатқан іс-шаралар жоспарларының толық көлемде орындалуы. Облыстың ірі кәсіпорындары 2024 жылдың І тоқсанына іс-шаралар жоспарын орындауға 1,6 млрд.теңге жұмсаған.
Жаңа Экологиялық кодекс шеңберінде, барлық экологиялық төлемдер, қоршаған ортаны қорғауға бағытталуы тиіс. Мәселен, салалық басқарма 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Онда Ақтоғай ауданында кәріз желілері мен тазарту құрылыстары мен сұрыптау желілерін салу, Балқаш қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын орнату межеленді. Мұнымен бірге, биыл табиғат қорғау іс-шараларын орындауға 36 млрд.теңге жоспарланып, І тоқсанының қорытындысы бойынша 1,6 млрд. теңге игерілді, – деп қосты ведомство басшысы.
Технология – теңдессіз тетік
Экологияны жақсарту жөніндегі тағы бір маңызды құжат – Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы. Атаулы құжатты Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі мен облыс әкімі бірлесіп бекіткен. Жол картасы жалпы 57 іс-шараны қамтиды. Бүгінгі күні шаң-газ тазалау жабдықтарын жөндеу және аумақтарын көгалдандыру, Теміртау мен Балқаш әкімдіктерімен LED-экрандар орнату, қалалар аумақтарын көгалдандыру сияқты 22 іс-шара орындалды. Биыл Жол картасы бойынша Балқаш, Шахтинск қалаларының кәріз суларын тазарту қондырғыларын салу жобаларын дайындау, Осакаров елді мекенінде қалдықтарды сұрыптау цехын салу, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу, ірі қалаларда жасылдандыру жұмыстарын жасау секілді 21 іс-шараның орындалуы кезекте тұр. Жол картасынан басқа, экологияны жақсартудың тиімді құралы ірі кәсіпорындарда заманауи технологияларды енгізе отырып, залалы кем өнеркәсіпті дамыту. Айта кету керек, мұндай тиімді технологияны енгізу 2025 жылдан бастап I санаттағы ірі нысандар үшін міндетті. Департамент ірі кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді технологияларға уақытылы әрі тиімді көшуі, қоршаған ортаның сапасын айтарлықтай жақсартуға қол жеткізу мақсатында экологиялық заңнаманың талаптарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, жаңа Экологиялық кодекс аясында ірі кәсіпорындар нақты уақыт режимінде зиянды заттар шығарындысын бақылауға мүмкіндік беретін, экологиялық қауіпсіз өндіріске автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша ілкімді істер жасалуда. Мәселен, Теміртау электрометаллургиялық комбинаты, «Карцемент» сынды кәсіпорындарда бұл жүйе сәтті орнатылды. Биыл «Bassel Group LLS» «Kazakhmys Energy», «Топар басты тарату энергостанциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде орнату межесі тұр.
Қалдық қайта өңделсе…
Ауаның ластануымен қатар, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластану мәселесін де естен шығармаған абзал деп еске салды спикер. Коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу дегеніміз – ауылдық жерлердегі заңдастырылмаған полигондарын кеміту. Облыс аумағында, тұрмыстық қалдық атаулысын сауатты орналастырудың барлығы 168 нысаны бар. Оның 51-і заңдастырылған, ал 117-сі заңдастырылмаған күйде. Салалық басқарманың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Қарқаралы, Балқаш, Абай қалаларында және Ботақара, Нұра, Ақадыр кенттерінде сұрыптау тізбегі қарастырылған полигондар салу міндеті тұр. Келешекте қалдық атаулысын қайта өңдеп, қолданысқа енгізу мәселесі де түрлі деңгейде пысықталып жүр. Экология департаментінің өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарының кең мүмкіндігін пайдаланып, облыс азаматтарын табиғатқа ұқыпты қарауға және қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге шақырды.
– Бәріміз бірігіп қана атамекенімізді табиғаты пен адамы үйлесімді өмір сүретін ғажайып мекенге айналдыра аламыз. Біздің қоршаған ортаны қорғау жолындағы күш-жігеріміз жақын болашақта әрбір тұрғыны таза ауаға тамсана алатын, жасыл желегі мен бай табиғатына таңырқай алатын кез – тек Сіздің ықтиярыңыздағы дүние. Аймақтың экологиялық ахуалы – ортақ байлығымыз. Ол үшін сауатты қадамдар жасап, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың өмірлік мәні зор. Келешек ұрпақ үшін табиғатты сақтауға өз үлесімізді қосып, өңірімізді экологиялық жауапкершілік пен орнықты дамудың үлгісіне айналдырайық! – деді облыстың бас экологы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz