Руханият

Қоршаған орта

 

(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103 сандарында)

Бисмарктың күмәнді бір ойы

Орыспен жасалған кез келген келісім соны жазған қағаздың құнына да тұрмайды.

Кембағал

Майя Плисецкая: «Меня тошнит, когда человек другой национальности без акцента говорит на моём языке!», – депті бір сөзінде.
«Сенің ұлтың баспақ емес, басқа ел сенен асқақ емес! Өзгеден өзіңді кем көрсең, кембағал боларсың!» – деген сөз ғой бұл.
Америка
«Біздің ауылдың азаматтарының қас жауы – АҚШ! Бірақ, Америкада болған біреуі жоқ…»
Ойланатын сөз екен…

Сталин мен Жамбыл

«Осыдан оншақты жыл бұрын – деп жазады Мұхтар Мағауин Мәскеуде әріптестерімен бас қосқан отырыста бір үлкен орыс жазушысы:
– Сіздер Жамбылды әлі құрметтейсіздер ме?! – деді. Мен айттым:
– Құрметтеп жеткізе алмай жатырмыз, бағасын бере алмай жатырмыз.
– Қалайша?! Ол Сталинді мақтаған ғой! – деді. Сонда мен айттым:
– Сталинді ХХ ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Басқаларын айтпай-ақ қояйын, – дедім – Бірақ солардың бәрінен де Жамбылдың арнауы артық болды. Өйткені, Жамбылдың ақындық таланты артық еді» (М.Мағауин, «Қағанат». Алматы – 2002, 10 том, 185-186 бет).

Машановтың бір ерлігі

Сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдардың басында Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы И.Кәрімов Ақжан Машановты қонаққа шақырып, асты-үстіне түсіп, бәйік болады. «Не қаласаңыз, соны алыңыз! Ташкеннің жартысын берейін! Өзбек Сізді алақанына салады! Тек, әл-Фараби өзбек деген бір ауыз сөз айтсаңыз болады?!» – дейді.
Ахаң көнбепті! Қазақ сол Ахаңды да ұмытып барады…

Геноцид

Мына дүние бейбіт заманда, 1932-1933 жж. 4 млн. қазақты, 4-5 млн. украи­н­­­ды қырып тастаған Совет Одағы туралы неге жақ ашпай отыр? Украинада, бертінде, 1946-1947 жж. тағы да біраз адам аштықтан жер құшқан.
Украина Жоғарғы Радасы 2006 жылы осы елге қарсы жасалған Геноцид туралы айыптау актісі сынды арнайы заң қабылданды.
Қазақ ше? Аштықта бізден қанша миллион қырылды?!
Қазақ тарихында түк тақсірет болмағандай әлі үнсіз…

«Тәңірдің берген өнері…»

(«Әдебиет порталы.» Интернет­-конференциядан)
Талант
Христиандардың «Көне өсиетінде» – бір тәмсіл бар. Төрт құбыласы түгел бір ауқатты кісі үш құлға «Талант» деп аталатын үш саф алтын үлестіреді. Біреуі оны жерге көміп қояды. Екіншісі оны түкке тұрғысыз бір нәрсеге айырбастап жібереді. Үшіншісі оны әспеттеп, құндап, ел игілігіне айналдырады.
«Інжілден» тараған осы «Талант» деген сөз кейін Тәңірінің пендесіне тартқан қасиетті сыйы деген ұғымға айналған. Бұл, ұлттық руханиятта – сонарға құлаш ұрып, соны дүниені ашу деген сөз!

Тәржіма

Бір елдің мықты қаламгерін екінші жұрттың орташа бір жазарманының тәржімалауға моральдық хақысы жоқ! Пушкинді – Абай, Лермонтовты – Қасым, Дантені – Мұқағали, Есенинді – Ғафу, Андрей Вознесенскийді – Жұмекең аударған.
Социологияда «орташа шаруа» деген түсінік бар. «Орташа жазушы» деген түсінік болмауы керек! Санасын осындай ұғым жайлаған елдің әдебиеті күндердің күні тоз-тоз болады!

Ақынның орны

Ақындарды бір-бірімен салыстыруға болмайды. Әдебиетте әрбір талант иесінің өзіне лайық орны бар. Біреудің орнына екінші біреу отыра алмайды! Абай – Алаштың Алладан кейінгі пірі! Мағжан – күллі түркі дүниесінің Тұрандай тұңғиық әлемі! Қасым – бодан кезімізде босағада қалған қазақ жырын Алаштың төріне шығарған ардағымыз! Қадыр – ұлттық интеллектуалдық поэзияның көш басы! Тұманбай – қазақ жырының ғана емес, бүкіл дүниежүзілік махаббат лирикасының һас шебері! Төлеген – көне жыраулар поэзиясының ұмытылуға айналған ыршыған ырғақтарын қазақ өлеңімен қайта табыстырып, көне дәстүрді көз алдымызда жаңғыртқан жампоз! Өтежанның «Соғыстың соңғы жазы» – адамзаттың трагедиялық поэзиясына қосылған айтулы үлес; Фариза – ұлттық қана емес, әлемдегі әйелдер поэзиясының падишасы; Кеңшілік пен Жұматай – отар кезімізде тілі сақауланып, орыстана бастаған қазақ поэзиясына ұлттық уызды қайта емізіп, төлтума поэзияны қалыптастырған ерен құбылыстар!

Дін мен діл

Түркістаннан келіп, Жыланды тауын жайлаған Таубайдың тоғыз ұлы Арқадағы жұрттың басын сәждеге тигізген екен. Менің шешем Халифа соның Рамазан деген ұлының жалғыз қызы. Ислам идеясы менің жан дүниеме анамның ақ сүтімен құйылған. 1999 жылы менің қолыма Валерия Порохованың «Коран. Переводы смыслов» деген кітабы түсті. Оның алдында И.Крачковский, Э.Кулиев, Г.Саблуковтар мен Халифа Алтайдың тәржімаларын оқыған едім. Порохованың аудармасы мені еліктіріп әкетті. 1999 жылдың 31 желтоқсаны күні Құранның жеті сүресі өзегімнен өлең болып шығып, қағазға түсті. Екінші жүз жылдықтың ауысар тұсы екен. Жаңа жылды қарсы алуға шешем келген. Оқып бердім. «Құранды – Құдайдың сөзін аударуға бола ма?!» – деді аң-таң қалып. Мен тәржіма кітаптарды алдына қойдым. Үнсіз жымиды… «Қарқаралыда қырық қап өсегім бар, алпыс қабын қалдырғам Ақтоғайда» – деген өлеңім есіне түсті-ау деймін, қаңқу-әңгімесі көп ұлдың Құдай жолына бет бұрғанына қуанып кетті.
Қазір ұлы нағашым Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Яссауи хақындағы бір ұзақ жырдың толғанысында жүрмін.
Абайда «толық адам» деген сөз бар. Меніңше, қолына кемел адам ғана қалам алып, ала қағазға телміруі керек. Шала сауатты, «Кеудесі толы қулы ой, адамның надан әуресі» (Абай) қолына қалам ұстап, ақ қағазды шимайлай бастаса, халықтың миы ашып кетеді…
Ала қағаздың алдында отырған адам өзін Алланың алдында отырғандай сезінуі керек-ті. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет сезім – дейді Абай. Сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады». Поэзия деген, меніңше, осы – Алланың хикметін сезіну! Абай сезген Алланың осы хикметін Мағжан да, Қасым, Мұқағали да сезді…
Адам баласы қайтсе де Алланың алдына бір бармай қоймайды. Бұ дүниеде бармаса да, о дүниеде барады.

Аспан, қара жер, қара өлең

Аспанда (қол жетпес, көз жетпес дүниеде дегенім ғой) – Алла. Қара жерде – Халық тұр. Қара бала мен қара қазанның қамы қара сиядан ақ қағазға қара өлең болып төгіледі. Ақынның ең ғажайып лирикасы – Азаматтық Лирика. Ең әуелі Азамат болып ал! Сонсоң, – Ақын боласың… Ұсақ-түйек күлді-көмеш пендеден ақын-жазушы шықпайды. Арыз­қой шығады… «Пәлен деген – мықты ақын, бірақ кісілігі нашар» деген сөзге менің күлкім келеді. Тобыр Пушкинді – Пушкин хақындағы алып-қашпа қаңқу сөз, анекдоттармен бағалайды. Халық оны поэзиясынан таныған. Мұқағали да сондай.
«Сізге қара жер жақын ба, әлде, аспан жақын ба?!» дейді Маржан қарындасым. Қара жердің шаруасы шаш етектен әлі. Қазақ Елі – тәуелсіз! Мәңгілік Ел болуы керек! – деген ойдан басқа ой болмауы керек бізде.

Ақын мен қоғам

Ақынның жұмыс орны – жазу үстелі. Ол ешкімді жағасынан ұстап, көшеге сүйреп шығара алмайды! Алланың оны маңдайына жазған жалғыз миссиясы – өзінің шері мен шеменін, шаттығы мен күмәнін жырға орап, жалғанның жарығына шығару. Соны жүрегімен сезінген жұрт көшеге шыға ма, жоқ, әлде, ас үйде отырып, «төңкеріс» жасай ма, бұл – әркімнің өз шаруасы.
Мұхтар Мағауин Қазақстан Жазушылар одағының бір құрылтайында «Қазақстан Жазушылар одағы совет өкіметі кезінде қазақтың ұлттық партиясының рөлін атқарды» деген. Қазақстанның төбесіне қобыз тартқан Колбиннің өзі қазақ қаламгерлерінің алдында дірілдеп тұрған заман болған…
Қазір – басқа заман.

Интеллектуалдық поэзия

Қазақтың интеллектуалдық поэзиясының көш басы – Абай. Оның тереңіне біз әлі бойлай алмай жатырмыз. Бойлауға шама-шарқымыз жетпей жатыр. Немісте И.Гете деген ақын болған.
Бергі заманға келейік. Орыста Андрей Вознесенский деген ақын бар, – ХХ, ХХI ғасырдың ұлы ақыны. Біздің Жұмекен Нәжімеденов қандай!
Оның оқырманы қашан туады?!
Ақын оқырманның алдында жүруі керек.
Демьян Бедныйлар салпақтап, соның соңында қалып қойды…

Халтура хақында

Ол Гомердің заманында да болған. Қазір де баршылық. Алда да бола береді. Бір жаманы – солардың бәрінің кеудесі аяққаптай…
Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері сегіз жүзге тақап қапты. Он алты миллион қазақтың бір миллионы ақын-жазушы болады әлі! Осы одақты бір сілкіп алатын кез келді. Оның шаңы ұшса, ұлттық руханият бірсыпыра тазарып қалар еді. Жазушының қабілеті оның қалтасындағы билетпен өлшенбейді. Шығармасынан көрінеді.

Қаңқу мен өсек жөнінде

«Орталық Қазақстанда» «Көкейкесті», «Ұлт пен Рух» айдарымен жарияланған публицистикалық дүниелерімді жинақтап көрсем, 70-80 баспа табақтан асып жығылады екен. Бұл газетте мен ұлттық тәуелсіздігіміздің көкейкесті мәселелерін көтердім. «Іштен шыққан шұбар жыланның» көзге бәрі ыстық. Таяуда шыққан таңдамалыма сол эсселерімнің бес-алтауын ғана кіргіздім де, қалғанын архивке жібердім.

Мен әрбір дүниемді, образға орап айтқанда, отыз күн ойланып, тоғыз күн толғанып, кітаптан кітап ақтарып, интернетке телміріп, ақ қағазға әзер түсіремін. Ала қағаз – қасиетті!

Ақынның алдында – Алла, арқасында – Аруақ, осы екеуінің арасында Алаш тұруы керек! Мені Темірхан мен Ұлықбек, Жәркең мен Есенғали сынаса, ойланар едім. Уайымдар едім… Қайдағы біреулердің қаңқу өсегіне қарымта қайтарып, жауап беріп жатуға менің уақытым жоқ.

Ақын болсам дейтін адам ең әуелі Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген жырын жатқа оқу керек. Поэзия – Құдаймен сөйлесу! Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» – жұмыр басты пенде мен Алланың арасындағы диалог. Тобырға Дәлдүріш қандай керек болса, Халық та, Ақынға сондай зәру! Дәлдүріш Тәңірімен сөйлесе алмайды. Пендемен сөйлеседі… Пенденің тілін тауып, пендені Тәңірге теңеп, марапаттайды, өзінің хайуандығына өзі мәз болып, өзге хайуанды соған тәнті етеді…

Олжас, ел не десе о десін, біздің заманымыздың ұлы ақыны: «Поэт красивым должен быть как Бог, Кто видел Бога? Тот, кто видел Пушкина!» – деген! Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап тұрып: «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана!» дейді!

Ақын-жазушы болам деген қаламгердің жазу үстелінің үстінде Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген жыры мен Абайдың «Тәңірдің берген өнері…» деген өлеңі жатуы керек.

(Жалғасы бар)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button