Қоршаған орта
Алақай!
Қарағанды Қасымға ескерткіш қойды!
Енді осы алаңда Ақындар аллеясы бой көтерсе, шіркін! Бұқар жыраудан бастап, Кемпірбай, Шөже, Қасым… Дәуітәлілер тұрса Күнге шағылысып!
Мағжан «Күннің ұлы, Ғұнның ұлы – мен келем!» – деп, бостан-босқа айтқан жоқ қой!
2011 жыл
Қасым жылы – 2011
Осыдан 20 жыл бұрын Алаш-Анамыз аяқ-қолын жинап, аман-есен босанды. Жарық дүниеге Азаттық атты сәби келді. Анамыз оны алтын құрсағында 9 ай, 9 күн ғана емес, 300 жыл бойы көтеріп еді. Алаш-Ана Азаттыққа босанды!!! Бүгінде Ол ат жалын тартып мінетін Азамат жасында. Тәңірге – тәубе!
Осы сәтте менің көз алдыма Америка үндістері елестейді: Яман тайпасының соңғы тұяғы ХХ ғасырдың 80-жылдары Мексиканың бір шаһарында жан тәсілім еткен екен. Осы бір тарихи келеңсіз кезді өз көзімен көріп тұрған Американың бір журналисі: «О, сұмдық-ай! Бір адам емес – бір тайпа халық! Осылай құрып кете ме?!» деп аң-таң қалғанда, ажал аузында жатқан тайпаның соңғы тұяғы: «Адамзат қызық, өлтіріп алып, өлтірген кім?, деп сұрайды» деп жаһаннамға жөнелтіп кетіпті. Жанды түршіктіретін оқиға бұл. Ғаламда тұтас бір ұлттың немесе ұлыстың өлуінен өткен қасірет жоқ!
Тәңірге тәубе дейік: Алашымыз – аман, басымыз – азат. Төрт құбыламыз түгенделер әлі! Алтау ала болмаса, ауыздағы кетпейді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған Сібір жұртының (бүгін Ресейге бодан болып отырған елдің) ажал аузындағы кескініне қараңыз: түрі – түркі, түбі де түркі. Ділі – славян, тілі де, аты-жөні де – орысша. Сары орыс оны қара орысқа айналдырып жіберген… Құлда құн болмайды! Құл – Ұл болмайды! Ұл – құл болмайды! Адамзаттың материалдық және рухани құндылықтарын жасағандардың бәрі де ноқтаға асау басы сыймаған азат адамдар: Ньютон мен әл-Фараби, Пушкин мен Абай, Бауыржан Момышұлы мен Қайрат Рысқұлбеков, Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев!
Үндістер жат елге оп-оңай бодан бола салды ма? Ата жауына қарсы еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, күресе алған жоқ деп кім айтты? Тәңірдің маңдайға жазғаны осы болды: көп – қорқытты, терең – батырды, аждаһа – жұтты!
Тәубеге келейік. Біз Көк Тәңірдің көзі түсті! Көк Бөрінің Рухы, Күлтегіннің Аруағы жебеді бізді! 300 жыл бойы қара жерге сіңген қызыл қан үш миллиард гүлге айналды! Алаш-Ана жүрегін жаулығына түйіп алып, Аллаға бара жатыр. Аллаға жетіп жығылу үшін әуелі Абайға жүгінуіміз керек. Исі қазақтан Тәңірге алғаш тіл қатып, оның тағылымын жаны мен тәніне сіңірген осы Абай болатын. Бодан кезімізде бойымызға жұққан өтірік, өсек, мақтаныш, күндестік, бекер мал шашпақ, дарақылық сынды, ХІХ ғасырдан ХХІ ғасырға алып келген антиадамзаттық қасіретімізді талақ қылар кезең келді. Құран да, Құдай да оны оңдырмай мінеген-ді. Маған сенбесеңіз, Құранның «Ғасыр» сүресін оқыңыз:
«Заманға серт!
Ал осымды қаперге,
Пенде біткен туа қауіп-қатерде,
Иман айтып,
Адалдықпен жүрсе жұрт,
Ақиқаттың не екенін білсе қырт,
Азабына сабыр қылса зарланбай,
Сол қияннан жол табады –
Сандалмай!»
Дүние жүзінде жыл сайын бірнеше ұлыстар құрып кетіп жатады. Тәңірі тура Інжілдегі күнәһарлар мекені Содом мен Гоморра сынды бір-ақ күнде жоқ қылады. Неге? Ел бола алмағанынан құриды! Бір-бірін етектен тартқан алтыбақан алауыздығынан, ит мініп, ирек қамшылаған пенделігінен, өзінде барымен көзге ұрып, өзгеден артылмақ пиғылынан, единица болмаса, нөлдің түкке тұрмайтындығын түсінбегендіктен құрып жатыр олар!
Қазақстан кеудесін ашып, Абай дейтін алып Рентгеннің алдында тұр. Абай кітабынан әр парағы Қазақстан Жүрегінің Кардиограммасы: көкіректегі дертіміз бен өртіміз содан тайға таңба басқандай айқын көрінеді.
Исі қазақтың өткен жылға өкпе-базынасы жоқ-ау деймін: Барыс жылы Алашорданың тоқсан үш жылдығын атап өттік – өз дәрежемізде, өзіміздің бүгінгі болмыс-бітіміміздің деңгейінде. Атаусыз қалса – Алаштығымызға сын болатын еді. Қазақтың һас батыры, бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы да осы Барыс жылының күнтізбесінде қалып барады. Кеше ғана қолы кісендеулі, біреудің боданындағы жұрт едік. Айналасы жиырма жылда ақыл-есімізді жиып, адамзатқа жөн-жоба көрсететін деңгейге жете бастадық. Бұл – айтуға оңай болғанымен, арқамызға түскен зілмауыр ауыр жүк еді. Оны да беліміз қайыспай көтердік. Махамбетше айтқанда, «қабырғасы қайыспас қара нар керек еді бұл іске»!
Алла Алашты маңдайынан сүйіп тұр! Өйткені, ХV ғасырда шаңырақ көтеріп, Һас Сақтан – қазаққа айналған жұртымыз көрінген пұтқа, көшедегі қыртқа бас имей, Жаратқан Жалғыз Иені ғана сүйген-ді. Біз оны арабтардан да бұрын танып, Тәңірі дегенбіз, арабтар оны Алла деп бізден кейін таныды. Нанбасаңыз қараңыз: «Еділден аққан сызашақ Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді – Телегейдей сайқалтып, Жарқыраған беренді Теңіз етсе – Тәңірі етті; Жағасына қыршын біткен тал еді – Жапырағын жайқалтып, Терек етсе – Тәңірі етті; Тебінгінің астынан Ала балта суырысып, Тепсінісіп келгенде, Тең атаның ұлы едік, Дәрежеңді артық етсе – Тәңірі етті!» (Шалкиіз); «Айтар болсаң – Алланы айт!» (Бұқар жырау).
Өзін сүйген пендесін Алла да жарылқамай қоймайды. Аллаға серік қоспағандардың бәрінің есімі адамзат тарихының шежіресіне алтын әріппен жазылған. Сондай ірі тұлғаларымыздың бірі һәм бірегейі Қасым Аманжолов еді. «Еңбектеп келдім дүниеге, шалқалап әкем шықты үйден» деп, жұмыр басты пенденің қамшының сабындай ғұмырнамасын екі-ақ жол өлеңге сыйдырған сол ақынның туғанына келесі жылы бір ғасыр болады.
Қарқаралыда туып, одан Абыралы арқылы жаяу-жалпылы Семейде өтіп, Семейден – Алматыға тұяқ іліктіріп, одан Орал асып, Оралдан – Ұлы Отан соғысына аттанып, одан аман-есен Алматыға оралып, Алматыдан – Алашқа, Алаштан – адамзатқа жеткен Қасым 100-ге – кемелінен келіп, қазағына қайта қайтып келе жатыр!
Бұл – Абай жолы. Мұхтар Әуезов Абай жөніндегі дәуірнамасын «Абай жолы» деп тегін атамаған. Жидебайда туып, Еуропаға – Пушкин мен Лермонтов, Гете мен Мицкевичке жетіп, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып – Күн болған» (Сұлтанмахмұт) Абай жолы – бұл. Қасым жүрген осы Абайдың қасқа жолымен исі қазақтың бәрі жүруге тиіс! Мына дүниеге бізге одан басқа соқпақ жоқ. Сол жолдан адасып, босқа көз талдырып, көңіл қаңғыртатын сүрлеуге түсіп кетпес үшін де біз Қасымның қара томдарын қайта-қайта ақтарып-төңкере беруіміз керек.
Қазақ жырын Абайдан кейін тезге салған адам осы – Қасым. Мағжанды сол кездегі көзіқарақты, көңілі ояу замандас-қатарластарынан басқа ешкім байқамай қалды… Қазақ поэзиясындағы Абай – Қасым мектебі ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақ жырын осы күнгі адамзаттық деңгейден де асырып жіберді деуге болады! ХХІ ғасырдағы қазақ өлеңі бүгінде де бүкіл дүниежүзілік поэзияның көш басында тұр! Абай мен Қасым жырларынан қанаттанған қазақ халқы Гомерден бастап, Гете, Шекспир, Уитмен, Лока, Рембо, Бернс, Вознесенскийге дейінгі аралықтағы адамзаттың арқалы да асқақ ақындарын өз тілінде сөйлетіп жіберді. Өздерін елден ерек, мәдениетті санайтын, өрелі орыстардың өздері біздің маңдайымызға біткен жалғыз Абайымызды әлі орысша сөйлете алмай жатыр. Мағжан да, Қасым, Мұқағали да әлі орысша сөйлеген жоқ…
Қасым – Құдайдың құдіретінен жарала салған ақын еді. Оның әлемдік поэзияның алтын қорына қосылған классикалық шығармаларының бәрі де Алаш – адамзат рухының айта қаларлықтай таңғажайып құбылысы, соны да сонар әлемі, ұлттық рухымызға толы көл-көсір көркем дүние болып қала береді. Тіпті, оның андаусызда аузынан шығып кеткен: «Рахмет, Полина Ивановна…» атты экспромт шумағының өзінде біздің ұлттық рухымыз шиыршық атып тұр. Халтурщик – тобырдың түсігі болса, Ақын – ұлттың перзенті! Тоталитарлық-сталиндік заманда қолына қалам ұстап, ала қағазға телміріп, Қасымдай өлең жазу – бақшадағы бұлбұлды бас салып ұстап алып, темір торға қамап, сайратқанға жетеқабыл оқиға еді. Мұқағалидың заманында ол қоғамның беті бері қарай қарап, абақты атаулының қақпасы айқара ашыла бастаған-ды… Қасымның қадір-қасиетін одан кейін іле-шала дүниеге келген жас, жасампаз Қасымдар бірден түсінді: «Дейсіңдер-ау Қасымның несі – Қасым? Ақынмын деп қомпаңдап жүргендердің әммесінен Қасымның десі – басым…» (Мұқағали).
Қарғыс атқыр совет өкіметін, Ленин мен Сталинді Маяковский де, Ахматова, Мандельштам да, Пастернак та жырлаған. Бірақ, қазан төңкерісін жасаған сол ормандай орыс ақындарының ешқайсысы да оны біздің Жамбыл, Қасымдардай жеріне жеткізіп жырлай алған жоқ, жырлауға шығармашылық шама-шарқы жетпеді!.. Жамбыл – Қасымдардың ұлылығы – қабырғалы қалың қазақтың ұлылығының бір көрінісі ғана еді…
Қарағандыдағы Қасым Жылы – Қасым Жырымен басталуға тиіс. Қаламыздағы көз қарықтыратын қызылды-жасылды жарнамалар Қасымның елдікке, ерлікке, махаббат пен мархаббатқа шақырған жыр жолдары жарқырата көрсетіп, жан дүниемізді жақсылыққа бір кенелтсе, шіркін! Жаңа жылды қарсы ала салысымен мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында Қасым оқулары, оның шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар бірінен соң бірі дүркіреп өтіп жатуға тиіс. Мектептер мен институт, университеттерде Қасымды оқыту, оны түсініп, пайымдап таразылау, насихаттау – Қасымтану мәселесі өз мәнінде жүрмей жатыр. Бір ғана мысал айтайын, Ақынның «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» деген өлеңін өмірге тағы бір Қасымдай ақын келеді деп қана түсіндіру белең алып барады… Бұл көпе-көрінеу қате түсінік, Қасымның жүрегіне терең бойлай алмаған көк езу пенделердің ісі. «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» деген сөз – Алаш-Ана әлі талай Қасымдайын тегеурінді ұлдарына босанады деген сөз! Алпысыншы жылдары ол бала жарық дүниеге Мұқағали болып келіп еді… Жетпісінші жылдары «АЗиЯ» – Олжас Сүлейменов болып туып, тоталитарлық қоғамды дүр сілкіндірді. Сексенінші жылдары ол бала – ақын емес – Асқар Жұмаділдаев – математик болып дүниеге келді! Тоқсаныншы жылдары – Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақтың Тұңғыш Президенті, Тоқтар Әубәкіров – Қазақтың Бірінші Ғарышкері болып, Алаштың атын адамзатқа әйгіледі!
Әлі қаншама Қасымдар дүниеге келеді, Алаштың көгінде қаншама жасындар жарқырап, төрткүл дүниені дүр сілкіндіреді?!
Қасымды тану – қазақтың өзін-өзі тануы үшін керек әуелі! Қасымды танымаған қазақтың қара танымаған қазақтан да қасіретті екенін көзге шұқып көрсететін кезең келе жатыр! Қазақтың ертеңгі күніне Қасым шыққан биіктен қарайтын күн туды!
«– Уа, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы:
Танисың ба сен мені?!
Мен – қазақтың баласы!» – деп жазды Қасым қырқыншы-елуінші жылдары. Таң қаламын, бұл маған бүгін жазылған өлең сынды! Қазақ Қасымның осы өлеңін кеудесіне басып, төрткүл дүниеге қарап тұр – егемен ел болған кезінде! Еңселі елу елдің қатарына жетіп, ұжымды ұлт, іргелі мемлекет болған кезімізде қазақты ғалам да танитын болады! Қасымды – Қасымдарымызды танып алып қана мына тәкаппар дүниеге қазақтығымызды танытатын боламыз! Қасым жылы, Қазақтың төріне шық!
«Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп еді-ау Қасым. Бұлай деп адамдықтың, азаматтықтың шырқау шыңына шыққан Абайдың Толық Адамы – Кемел Адам ғана айта алады. Алла жаратқан адамзат – homa sapiens-тің маңдайына жазылған сордың сорақысы – атаусыз қалу, атаусыз қалған пенде іздеусіз қалады. Қасымды қолымызға шырақ алып бүгін біз іздемесек те, ертең жаңғыртып жер сарайын дүниеге келетін ұрпақ іздемей тұра алмайды. Ұлтының ұлы тұлғаларын іздемеген ел ертең Алланың алдында сұраусыз қалады…
Тәңірі бізді сол қатерден сақтасын деңіз!
Қасым Жылы, Қазақтың төріне шық!!!
Мұсылман үмбетіне көктен Құранның түскен күні қандай ұлы құбылыс болса, ХХ ғасырдағы 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақ Халқы үшін соған жете қабыл ұлы оқиға екенін түсінген күні Қазақстан, Елбасы айтқандай, еңселі 50 елдің бел ортасында жүретін болады!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
(Басы №92 санында)
(Жалғасы бар)